Basty bet
«Халықтың жағдайын жақсарту – басты міндетім»
Таулы өңірдегі Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу кезінде
аудан әкімі Олжас Қаржауов осылай деді
Олжас Есалханұлының кезекті еңбек аптасы қарбалас басталып, аптаның алғашқы күні таулы өңірдегі екі округті аралап шығып, ондағы ел-жұрттың жағдайымен, әлеуметтік-мәдени объектілердің жұмысымен танысты.
Алдымен Боралдай ауылдық округінің Ертай ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепке аялдаған аймақ басшысын білім ордасының тыныс-тіршілігімен аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова таныстырды. Типтік екі қабатты ғимаратта орын тепкен орта мектеп алты жыл бұрын пайдалануға берілген. Мектепте 120 оқушы оқыса, оларға 34 мұғалім дәріс беруде. Сыныптардың барлығы штаттық режімде білім алуда. Олжас Есалханұлы ауылға газ кіргізілген жағдайда, мектепті құбырына қосу үшін техникалық шартты күнібұрын әзірлеуді, карантин жағдайында оқушылардың денсаулығына жіті қарау қажеттігін ескертті.
«Құлбайымбет» мешітіне бас сұққан аудан әкімі имандылық ордасының жылу жүйесінің жұмыс істемей тұрғанына назар аударды. Жамағат намазын өтеуге наурыз айында рұқсат берілгеніне қарамастан, мешіттің жылу жүйесі жөнге келтірілмеген. Олжас Есалханұлы мешіт имамы Ізетбек Байболовқа жылыту жүйесін реттеу керектігін еске салды.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов ауылдағы «Самал» бөбекжай-балабақшасына барып, оның жұмысына, проблемаларына ден қойды. 50 орындық балабақшада 22 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша ғимаратына бірқатар жөндеу жүргізу қажет. Аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетованың айтуынша, ғимарат сазды жерге салынғандықтан, одан соққан ызғардан ішкі бөлмелердің қабырғаларын зең басқан. Оған қоса жылу жүйесін де ауыстыру қажет. Аудан басшысы бұл пікірмен келіспей, ғимараттан шығаберісте іргетастың түбіне жиналған қарды аяғымен аршып, іргетасты бойлай бетон құйылмағанын, ішкі енген ызғардың осының салдары болуы мүмкін екенін ескертті.
Ертай ауылдық клубында болғанда аймақ басшысы Интернет желісінің жылдамдығы мен жылу жүйесінің жұмысы туралы сұрастырды. Клуб мамандары Интернет желісінің жылдамдығы баяу екенін айтты.
Аудан әкімі келесі кезекте округ орталығы – Көлтоған ауылына келіп, № 14 өрт сөндіру бекетіне тоқтады. Өрт сөндіру бекеті бастығының м.а., азаматтық қорғау старшинасы Сәпи Суликовтен мекеменің техникалық жарақтандырылуы мен өрттің алдын алу мақсатында атқарып жатқан іс-шараларына қанықты.
№ 8 Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектеп 1973 жылы салынған. Бертінде мектеп ғимаратына жапсарлас спорт зал соғылып, іске қосылды. Мұнда 39 ұстаз 226 оқушыға тәлім-тәрбие беруді. Мектеп директоры Роза Ертаева ғимараттың кіреберіс төбесінен су кетіп тұрғанын айтты. Олжас Есалханұы сала басшысына ағымды жөндеудің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп, тиісті мекемеге ұсынуды тапсырды.
Көлтоған ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен болған кездесуде аудан әкімі Олжас Қаржауов емін-еркін жағдайда пікір алмасуды ұсынды. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы соңғы жылдары елдімекендердің келбеті өзгеріп, тұрғындардың тұрмыстық игіліктерге қол жеткізіп жатқанын тілге тиек ете келе, ауылда әлі де өзекті болып отырған бірқатар проблемалардың ұштығын шығарды. Мәселен, ауыл сыртындағы қараағаш егілген 7-8 гектар жерді жеміс ағаштары бауына айналдыру қажет. Ол үшін бауды қоршау керек. Бұл «Жасыл белдеу» бағдарламасына үлес қосу, әрі аға буынның жастарға қалдырған тамаша үлгі-өнеге болар еді. Тағы бір мәселе, ескі мектеп ғимараты жақтан жастар демалыс саябағын ашу қажет.
Ауылдағы ағайын негізінен мал шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Осы ретте аудан басшысын округте қанша бас сиыр бар екені, одан қанша литр сүт өндірілетіні, оны қайда өткізетіні қызықтырды. Сүтті арзанға өткізбей, оны қайта өңдеу өндірісін жолға қою керектігін айта келе, «осы қайта өңдеу ісін қолға алуға адамдар бар ма?» деп сұрады. Нағыз іспен шұғылдануға ниет білдіргендер табылса, несие әперуге, істің көзін үйретуге дайын екенін жеткізді.
Аудан әкімінің сапары әрі қарай Қошқарата өңірінде жалғасып, округтегі білім беру, мәдени, денсаулық сақтау ошақтарының жұмысымен танысты. Ақтасты негізгі мектебіне аялдаған Олжас Қаржауовқа аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова мекеме ғимаратының оқушыларға тарлық ететінін, сондықтан ауылдан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа мектеп ғимараты салынып жатқанын баяндады.
Ақтастыдағы мектеп оқушыларға тарлық етіп жатса, Қызтоған ауылындағы С.Мұқанов атындағы бастауыш мектеп бала санының аздығынан жабылудың аз-ақ алдында. Мұнда 14 бала білім алуда.
Ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиев өткен жылы аудан орталығынан көпбалалы үш отбасын көшіріп әкелудің нәтижесінде бала саны артқанын айтып өтті. Дегенмен, мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ. Оқушыларды Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепке тасымалдауда да қиындықтар бар. Мәселен, қыста қарлы боранда жол жабылып қалады.
Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектептен босаған ескі ғимаратты ауыл жастары күш біріктіріп, қысқа мерзімде жөндеуден өткізген. Мұнда ауыл тұрғындары бір мезгіл бой жазатын демалатын орынға айналдырғысы келеді. Осы мақсатта, бокс залы жабдықталған, басқа да спорттық құрал-жабдықтар жеткізілген. Ендігі мақсат, ғимаратты мемлекеттік мекеме теңгеріміне алу, жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін штат бірлігін ашу. Аудан әкімі Олжас Қаржауов ғимаратты аралап көріп, жастардың бастамасына ризашылығын білдірді.
Абай атындағы орта мектептің ғимараты 2016 жылы пайдалануға берілген. Жаңа типтік ғимаратта орналасқан мектепке су жүйесі тартылмаған. Мұндай олқы жағдай ауылдағы әлеуметтік-мәдени объектілердің бәріне тән. Тұрғындар құрылысы былтыр басталған ауызсу құбырына, ауылдың шетіне іліккен магистралды газ құбырына көп үміт артып отыр.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов мұнда да тиісті сала басшыларына ауылға газ кіргізілген жағдайда, аталған мекемелерді газ құбырына қосу үшін техникалық шартты күнібұрын әзірлеуді, карантин жағдайында оқушылардың денсаулығына жіті қарау қажеттігін ескертті.
Аймақ басшысының Қошқарата ауылдық округіне жұмыс сапары ауылдық мәдениет үйінде тұрғындар жиналысымен қорытындыланды. Жиында тұрғындар сөз алып, ауыл тұрмысына қатысты бірқатар мәселелерді, атап айтқанда Бауыржан Момышұлы-Қызтоған бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолын Ертай ауылының тұсынан бері қарай жалғастыру, тозығы жеткен ауыл көшелерін жөндеу, Интернет байланысының сапасының нашарлығы, қар тосқауылдарын орнату мәселелерін қозғады.
Жиында айтылған ұсыныстар мен тілектерді мұқият тыңдаған Олжас Есалханұлы оларға білікті, қанықты жауап бере келе, тұрғындарды ауылдың келешегі үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Ол өз тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында кез келген бастамаға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»