Basty bet
Ұқыпты әрі мұқият болу қажет
Ауданәкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топтың кезекті үшінші отырысы өтті. Отырыста Қошқарата, Шақпақ, Мыңбұлақ ауылдық округтерінің ономастикалық ахуалына жүргізілген зерделеу қорытындысы талқыланды.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев ашып, жүргізді.
– Мемлекеттік тіл саясатының ономастика саласы маңызды саясаттың бірі екенін ескеріп, аудандағы ономастикалық ахуалды басты назарда ұстау сіз бен біздің нақтылық міндеттеріміздің бірі. Сондықтан ағымдағы жылдың әр тоқсанында жоспар бойынша белгіленген ауылдық округтердің ономастикалық жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізілуде – дей келе, күн тәртібіндегі мәселелерді айтып өтті.
Жиында алғаш сөз аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетоваға берілді. Ол Қошқарата, Мыңбұлақ, Шақпақ ауылдық округтерінің ономастикалық ахуалына зерделеу тексеріс жұмыстарын және зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді баяндады.
-Қошқарата ауылдық округінде жер-су атауларымен аталған үш елді мекен, яғни, Ақтасты, Қызтоған, Қошқарата ауылдары орналасқан.
Округке қарасты Ақтасты, Қызтоған елді мекенінің атаулары стелла түрінде, Қошқарата елді мекенінің атауы арка түрінде орнатылған.
Округте жалпы тоғыз көше бар. Округтің орталығы болып саналатын Қошқарата ауылында – үш көше; Қызтоғанда – төрт көше; Ақтастыда – бір көше. Бүгінгі таңда тоғыз көшенің жеті көшесіне республикалық ономастика комиссиясы бекітіп берген жаңа үлгідегі аншлагтар ілінген. Екі көшеге ілінбегендігі анықталды. Округте 264 үй бар, оның 25 үйіне аншлаг орнатылмаған.
Қызтоған ауылындағы Жексен Бижанов көшесінің атауы жазылып орнатылған тақтайшада кісі есімі мен тегі бірігіп жазылған.
Әр көшенің бойында орнатылған көше атауы жазылған бағыттағыш тақтайшаларының да тозығы жеткен, жаңартылмаған.
Ауылдық округ әкімі аппаратының мекеме атауы жазылған маңдайшасының ресми орыс тілі нұсқасында «Район» сөзіндегі и әрпінің ноқаты қойылмаған «раион». Сонымен қатар, «Қошқарата» бөбекжай-балабақшасының атауы жазылған қазақ тіліндегі маңдайшасында да ҚР №1371 қаулы талаптарын өрескел бұзылып, мекеме атауы дұрыс жазылмаған. «Аппараты» сөзі «аппаратының» деп тұр.
Округ бойынша сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының саны – 17 (6 билборд, 9 баннер, 2 керме). Абай атындағы орта мектептің қабырғасында орнатылған «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы», «Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деген көрнекі ақпарат құралдарында пунктуациялық қателер орын алған. Сыртқы көрнекі ақпарат құралдарында тырнақша қойылмайды. Дәл осындай қателік округ әкімі аппаратының алдында да орын алған. Ондағы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген нақыл сөзі де тырнақшаға алынған.
Ал, Мыңбұлақ ауылдық округінде екі елді мекен бар. Елді мекен атаулары талапқа сай жер-су атауларымен аталады. Орталығы – Көлбастау ауылы. Ауыл атаулары әр ауылдың кіреберісіндегі аркада орнатылған.
Округте жалпы 15 көше бар. Көлбастау ауылында – 10 көше; Талаптыда – 5 көше. Бүгінгі таңда жаңа үлгідегі аншлагтар округтегі көшелерде ішінара орнатылған. Талапты ауылындағы көшелерге ілінген аншлагтардың тозығы жеткен, ескі үлгідегі аншлагтар алынбаған. Сонымен қатар, көрнекі ақпараттардың жағдайына келер болсақ, округке қарасты елді мекендегі «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел» деген көрнекі ақпарат құралында пунктуациялық қате орын алған, эстетикалық талғамға сай емес.
Шақпақ ауылдық округінде бір кісі есімімен (Т.Дүйсебайұлы), үш жер-су (Амансай, Шақпақата, Шақпақ стансасы) атауларымен, бір дәстүрлі атаумен (Ынтымақ) аталған жалпы бес ауыл орналасқан. Орталығы – Шақпақата ауылы. Шақпақата, Ынтымақ елді мекендерінің атаулары аркада жазылған, Амансай ауылының атауы жол бойында, тақтайшада орнатылған.
Округте жалпы 18 көше (кісі есімі – 16, дәстүрлі атау – 2), 772 үй бар, оның 562 үйіне жаңа үлгідегі аншлагтар орнатылған. Орнатылмаған үйлердің саны – 210.
Жаңа үлгідегі Сабыралы Нарбайұлы, Сүйінбай Тотайұлы көшелерінің аншлагтары сынған, жаңасына ауыстырылмаған. Аталған көшелерге және Бейбіт Көпбайұлы, Абылай Елемесов көшелерінде жаңа аншлагтармен қатар кеңес заманындағы ескі үлгідегі аншлагтары қатар тұр.
Округ бойынша сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының саны – 6 (1 баннер, 6 қалқанша). Шақпақ ауылындағы Д.Пахомов көшесінің бойындағы «Белиссимо» сұлулық салонының жарнамалық ақпараты тек ресми орыс тілінде жазылған. «Ажар» дүкенінің атауы дүкеннің сыртында емес, ішінде орнатылған, дүкен атауы орыс тілінде жазылған. Ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратының алдында орналасқан атауы жоқ дүкеннің жарнамалық ақпараттары да тек ресми тілде орнатылған.
Ынтымақ ауылындағы «Ынтымақ» негізгі мектебінде де «Бетпердесіз кіруге тыйым салынады» деген жарнамалық ақпаратындағы «Бетпердесіз» сөзі ресми орыс тілінде «Маскасыз» деп жазылып орнатылған, – деді.
Баяндамашыдан кейін аталған округ әкімдерінің осы бағытта атқарып жатқан есептері тыңдалды.
Отырыста сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков ономастикалық жұмыстарға оңға баға бере отырып, өз пікірін білдірді.
-Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатқа көрнекі құралдар сай болуы керек. Өйткені, оны халықтың қолдайтынын, одан шыққан тапсырмалардың қалай орындалатынын халыққа түсіндіру үшін көрнекі құралдардың маңызы зор. Биыл елімізде атаулы даталардың бірі ретінде Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аталып өтілуде. Міне, қазіргі таңда көрнекі құралдардың негізгі тақырыбы айтулы даталармен қоса, әлемді жайлаған коронавирус індетіне қарсы іс-әрекет болуы керек. Көрнекі құралдарды ілерде еліміздегі басты мәселелерді ескеріп, негізге ала отырып жасалуы керек. Сонымен қатар, жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс. Ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтары мен кітапханалардағы көрнекі құралдар өзгертіліп, заман талабына сай болуы керек. Жаңашылдықты ұстануымыз тиіс. Себебі, біздің рухани жаңғыруымыздың басты жолы осы салалардан басталады. Мұны естен шығармауымыз керек, – деп мемлекеттік тілді құрметтеуді әрбір азамат ең алдымен өзінен бастауы керектігін айтып өтті.
Отырысты комиссия төрағасы Ернұр Қалмұрзаев қорытындылап, ауылдық округ әкімдеріне кеткен кемшіліктерді таяу уақытта түзетіп, ретке келтіруді тапсырды. Заман талабына сай, жаңартылып отыруы керектігі де ескертілді. Сонымен қатар, өңірдің ономастикалық ахуалына аса ұқыпты әрі мұқият болу қажеттігін де міндетті.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»