Basty bet
«Ерлік – тәрбиенің жемісі!»
патриоттық сезім отбасынан басталып, мектеп қабырғасында шыңдалады, әскер сапында толысады
Патриоттық тәрбие қашанда жас жеткіншектерге өзінің халқына деген сүйінспеншілігін артуына зор ықпал етуі тиіс. Отан қорғау бойынша эмоционалдық, күш-жігерлілік қатынас, оның адалдығы, Отан қорғау туралы балалардың білімінің қалыптасу жүйесі. Әскери-патриоттық тәрбиенің барлық түрлерін қолдана білгенде ғана тәрбиелік нәтиже беретіні қатаң ескерілуі қажет. Бұл ретте мектептерде балаларға сабақ беретін мұғалімнің міндеті – мұндай жағдайда жоғары эмоцияға, кіші оқушылардың тез қабылдауына сүйене отырып, оларға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің ерлік тарихтарымен ҚР Әскерінің және Әскери-теңіз флотының жауынгерлерін мақтанышпен айта отырып, болашақта солардың қатарына болғысы келетін сезімді орынды дамыта білу.
Тарихқа көз салатын болсақ, негізінде, әскери-патриоттық тәрбиенің қайнар көзі – қазақ батырларының жүріп өткен жолы мен олардың ел қорғаудағы ерен ерліктерінде жатыр емес пе?! Біздің халық неге басқалардың «ескі сүрлеуіне» түсіп, есімдері елдің санасына сіңбеген белгісіз «қаһармандарға» еліктеуі керек? Бұл – дұрыс емес.
Қазақ халқы қай заманда да батырлардан кенде болған емес. Әсіресе, өскелең жастар мен сарбаздардың санасына Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, тағы басқа ел қорғаудағы ерлік істері ел жадында жатталып қалған көптеген ержүрек батырлардың ерлік істерін сіңіріп, патриоттық тәрбиенің қазақстандық үлгісін қалыптастыруымыз қажет. Тіпті, бір кездері әскери бөлімдерді қазақтың даңқты ұлдарының есімімен атау туралы да ұсыныстар болды. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық патриотизмді дамытуда бізде ешқандай кедергі жоқ. Тек балаларды осыған бағыттауымыз қажет.
Патриоттық сезім отбасынан басталып, мектеп қабырғасында шыңдалып, әскер сапында толысатыны белгілі. Бабаларымыз осынау байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалды. Тарихты түгендер болсақ, қазақ балаларына үлгі боларлық батырлар жеткілікті. Кешегі Ұлы Отан соғысының өзінде Қазақстаннан бес жүздей батыр шықты. Осы жастардың жарқын болашағы үшін кеуделерін оққа тосқан аталарының қай қайсысы да үлгі болуы тиіс емес пе?!
Отаншылдық және патриоттық тәрбиені жас ұрпақтың санасына сіңіру бағытында ауданның білім бөліміне қарасты мектептерде бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінің негізгі мақсаты да сол, оқу бағдарламасы бойынша саптық, тактикалық, атыс дайындығы, медициналық дайындық, әскери топография, азаматтық қорғаныс бойынша оқушылардың білімдерін қалыптастыру, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу, алған білімдерін практикалық түрде көрсетіп, дамытуға ықпал жасау, пәннің оқытылуын практикалық жаттығулар жағдайында байқап, оған бақылау жасау. Бұл туралы Жуалы ауданының білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев кеңінен айтып берді.
-Жуалы ауданындағы 30 орта мектепте алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінен жоғары білімді, тәжірибелі, Отан алдындағы борышын әскер қатарында атқарған офицерлер мен сержанттар сабақ беруде. Олардың ішінде, жоғары санаттысы- 7, бірінші санаттысы- 11, екінші санатты- 2, санатсыз- 1, педагог-зерттеуші- 3, педагог-сарапшы- 4, педагог-модератор- 2. Шені бойынша 11 офицер, 16 сержант, үшеуі қатардағы жауынгер.
Осы мақсатта пән мұғалімдері білім бөлімінің бекіткен кестесіне сәйкес, облыстық, республикалық білімін жетілдіру орталықтарында әскери бөлімдерде өткізілетін оқу-жаттығуларға қатысып, білімдерін шыңдап келеді.
Ауданның алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларынан құрылған взвод жыл сайын өткізілетін облыстық алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының «Сапта жүріп ән айту» байқауына қатысып, әрдайым жүлделі орындарды иеленуде.
Жыл сайын өткізіліп келе жатқан мектеп оқушылары арасындағы облыстық «Сапта жүріп ән айту» байқауына ауданымыздағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектеп, №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназия, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, №29 М.Жұмабаев атындағы және №8 С.Бәйтіков атындағы, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептерінің оқушыларынан құрылған құрама команда жүлделі орындардан көрініп келеді.
Одан бөлек, ауданның алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары екі жыл қатарынан облыстық «Жас мерген» және «Айбын» әскери-патриоттық жарыстарында жүлделі Ι және ΙΙ орындарды иеленіп, ΙΙ ΙV Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысқаны өңіріміз үшін үлкен жетістік. Ауданда алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының облыстық семинары екі мәрте жоғары деңгейде өткізілді. Облыстық «SPORT FEST» жарысында ауданның намысын қорғаған «Жас мерген» әскери-патриоттық клубының оқушылары жүлделі ΙΙ орынды иеленді.
Жалпы оқу материалдық-техникалық базаны қамтамасыз ету, білім алып жатқан оқушы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын арттыру мақсатында №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің базасында «Жас мерген» әскери-патриоттық клубы ашылып, жұмыс істеуде. Алғашқы әскери және техникалық дайындық пәні бойынша материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 30 орта мектепке АК-74 автоматының оқу-жаттығу үлгісіндегі макеті, Ф-1 қол гранатасының оқу-жаттығу үлгісіндегі макеті, ламинаттан жасалған әскери қару-жарақ сақтайтын пирамидалар, алғашқы әскери және техникалық дайындық кабинеттері комплект плакаттармен жабдықталған,- дейді ол.
Жастарға ұлттық-патриоттық тәрбие берудің бір мақсаты – жастардың бойындағы игілікті құлшыныстар мен отаншылдық сезімді ояту. Сонымен бірге оны ұдайы жандандырып отыру, адамның ар-ожданына, абройына, ерік-жігеріне, парасатына ықпал ету, адам бойындағы басты сезім – парыз сезімін ұштап тәрбиелеу. Патриоттық сезімді жастарға мәнді және мағыналы сусындату үшін пән жетекшісінің білімі, тәжірибесі мол және жоғары болу тиіс.
Ізденіс үстіндегі әскери жетекші қай кезде де болсын, жастарға үйретуден жалықпайды. Ата Заңымызда көрсетілген қасиетті борышын, перзенттік парызын орындаудың негізгі мазмұны, имандылық пен кісіліктің негізгі белгісі мен басты өлшемі де осы патриотық тәрбие. Отанды қорғау – әрбір азаматтың парызы. Елімізде Отанның қорғаушысы болуды армандайтын ұлдар мен қыздардың шоғыры желкілдеп өсіп келеді. Олар бүгінде мектептерде білім мен патриоттық тәрбие алуда. Олар Қазақстанның тарихын жетік біліп, алғашқы әскери дайындық сабағына да аса бір ынтамен қатысады.
Олар болашақта тәуелсіз еліміздің мақтаныш тұтар аяулы батыр ұлдары – Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Тоқтар Әубәкіров сынды қаһарман тұлғалардың ізбасарлары болуды армандайтыны сөзсіз.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – тәрбиенің жемісі» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте ерлік пен елдікті дамыту ісінде әскери-патриоттық тәрбиенің алар орны ерекше болмақ.
Нұржан МАНАСҰЛЫ
«Жаңа өмір»