Basty bet

Киелі құндылық

Тәуелсіздік ешқандай көктен түскен құдіреттің сыйы емес. Азаттық жолы қашанда азапты. Тәуелсіздік – қазақтың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Қазақ халқының мыңдаған жылдар бойғы тарихына көз салсақ, осынау көшпелі жұрттың мұқым тіршілігі тек қана өзінің тәуелсіздігі үшін жанталасқан күреспен өтіпті.
Осы ретте Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты егемендікке арналған мақаласы ресми сайтында жарияланды. Мақалада Елбасы өткен күндерді шолып, отыз жылда атқарылған істерге тоқталады. Халыққа алғысын айтады.
Нұрсұлтан Назарбаев назарды алдымен арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде түрік аталарымыздың аласапыран замандарына бұрып, Ұлы далада ұлыс құрғанын ұлықтайды. Алайда дәуір алмасты, дәурен өзгерді. Ашаршылықтың екі бірдей толқыны – қазақтың тең жартысын қырды. Сталиндік репрессия ұлтымыздың нар ұлдарын жалмап кетті. Осындай болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрған халқым неткен төзімді деп толғанады.
Иә, Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық. Мақаланың мәйегі де, дәйегі де осы.
Сонымен қатар, Елбасының «Тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын» дейді.
Елбасы атап көрсеткендей, қазақ халқы – ұлы халық! Басқасын айтпағанда, өткен ғасырда тарихтың теперіші, тағдырдың тәлкегімен қазақ жерін паналаған қаншама ұлттар мен ұлыстарды қанатының астына алып, бауырына басқан, бала-шағасының аузынан жырып, бар тәттісін солардың аузына тосқан қазақ халқының кеңпейілділігі мен мейірімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе?!
«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін». Елбасы өзінің мақаласында осылай ой қорытып, тәуелсіздіктен тағылым алу үшін туған халқымен ой бөлісуді жөн көргенін жазады.

Болат ЖАҢАБАЕВ,
аудандық «Бұқаралық спорттық іс-шаралар
өткізу орталығы» КММ-ның әдіскері

Таңдаулы материалдар

Close