Basty bet

Отыны жоқ, суы жоқ халық қайтіп қыстамақ …

қыс қыр астында, ал отын базасында бір түйір көмір жоқ

Қылышын сүйретіп жететін қыс өзінің таяу қалғанын білдіріп, алғашқы ызғарын сездірді. Қазан айының бастапқы күндері жуалылықтар ауласында ерте түскен қарды байқады. Бұл қаһарлы қысқа дайындықты тездету, отын-суды жылдам қамдап алу керектігін сездіретін белгі болса керек.

Біз осы мақала жазылардың алдында аудан орталығындағы көмір қабылдайтын және тарататын базаларды аралап шықтық. «Жібек жолы» шаруа қожалығының тұйығында екі вагон көмірдің түсіріліп жатқанын байқап, жөн сұрадық.
Өзін шаруа қожалығының мүшесі Бекжан Нұралиевпін деп таныстырған жігіт бұл вагондардың ауданға биыл күзде жеткізілген алғашқы көмір екенін, 140 тонна көмірдің жергілікті мәдениет мекемелеріне тиесілі екенін айтты. Одан көмірдің кеш жеткізілу себебін сұрағанымызда, «Шаруа қожалығы қажетті көмірге тапсырысты тамыз айында берген. Алайда, вагондардың, көмір тиелгеннен кейін оны сүйрейтін локомотивтердің жетіспеушілігі, жолдардың бос болмауы секілді түрлі кедергілер болады.Көмір разрезінен тиеліп шыққан вагондар тиісті жерге жарты айдан астам уақытта жетіп отыр» дейді.
Ол көмір алуда бірқатар қиындықтардың туындап отырғанын жасырмады. Соңғы талаптарға сай қатты отын қазір көмір биржасы арқылы саудаланады екен. Ал оған қатысу үшін құжаттар топтамасын тапсыру қажет. Сонымен арада апта өтеді, апта арты айға айналады. Оған қоса, ішкі нарыққа бағасы арзан, сапасы нашар отын қалып, жақсысы шетелге экспортқа кетіп жатқанға ұқсайды.
Табиғаты қатал өңірдің халқы қыс қамын ерте ойлап, қоймаға көмірді суық түспей, күні бұрын кіргізіп қойған болар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын солай еді. Алайда, отын базасында үйіліп жатқан көмір жоқ.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыдан өңірдегі қатты отынмен жылытылатын мекемелер мен ұйымдардың, елді мекендердегі тұрғын үйлердің қысқа дайындығы туралы сұрағанымызда, ол өңірдегі барлығы 169 мүліктік объектінің 57-сінің қатты отынмен жылытылатынын, олардың көмірге сұранысы 2835 тоннаны құрайтынын, бүгінгі күнге онда 542 тонна (19 пайыз)түсірілгенін жеткізді. Ал аудандағы тұрғын халықтың көмірге сұранысы 3 000 тоннаға жуықты құрайды екен.
Жалпы, жуалылықтардың қыстан қысылмай шығуы үшін бас-аяғы 5800-6000 тоннадай көмір қажет. Ал бұл көлем қашан жеткізіліп болмақ? Оның бағасы қандай болады?
Енді бір он шақты күнде қысқы жылыту маусымы басталады. Жас балалары мен қарттары бар үйлер пеш жағуға кіріскелі көп болды. Қоймасында былтырдан қалған көмір болса, жақсы, болмаса ше? Бақайын шауып жаға ма? Үйдегі жас балалары мен немерелері жаурап-жасынап, суық тиіп, ауырмай ма?
Бекжан Нұралиев көмірдің қашан келетінін сұрап, күніне жүздеген адамның келіп-кететінін айтады. Бір жұбататыны, тұрғын халыққа арналған көмірдің бір легінің разрезден шығып, жолда келе жатқаны. Бұйырса, бес-он күнде тұйыққа келіп жетпек. «Бағасы шамамен былтырғының төңірегінде, 18-19 мыңның айналасы болатын шығар» дейді ШҚ мүшесі.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close