Basty bet

Ақылжанның асуы

Адамның табиғаты қызық қой, шіркін. Біреу тындырған ісі аз болса да көпшілікке бірден жарқ етіп көрінгісі келеді, елге таныту үшін жанталасып, тырмысып әр істеген жұмысын, әлгі «түймені түйедей» дегендей, дардай етіп көрсетуге тырысып, жанын салып, даңғазалыққа беріліп, сол мақсатқа жету үшін терлеп-тепшіп әрекет етеді. Ал екінші бір топ керісінше, алысқа ағатын терең, суы мол, сағасы кең жазық даладағы өзен сияқты сабырмен тіршілік етіп, атқарған қомақты ісінің өзін көпшілікке томпайтып» көрсете бермейтін, «мен, мен» деп төсін ұрмай, біреудің алдына шықпай, бірсыдырғы тіршілік ететін жандар. Мен білетін журналист Ақылжан Мамыт сондай қарапайым, өмірде өз орны бар, ой мен ниеті таза, еңбекқор жанның бірі. Оны көзі қарақты оқырман қауым «Ақылжан облыстық «Ақ жол» газетінің еңбекторысы» деп бекер атамайды. Ол ешқашан уақытпен санаспай, іссапарлардан жалықпай әрдайым қайнаған еңбектің ортасында жүріп, облыс көлеміндегі «жұмыс қазанында қайнап жатқан» елеулі, қомақты істерді, жаңалықтарды дер кезінде газет арқылы бұқараға жеткізіп отырады.

«Батырды «батыр» дейді күшін көрген, Ұстаны «ұста» дейді ісін көрген» дегендей, Ақылжанды жақын білетіндер ол туралы әрдайым жақсы лебіз білдіреді. Осы жерде онымен қалай танысқаным жайлы айта кеткен жөн болар. Өткен жүзжылдықтың 80-шы жылдары облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде Ақылжан Мамытов деген журналистің Жуалы өңірінен жазған мақалалары аракідік көзге ілігіп отырды. Олардың басым көпшілігі табиғатты қорғау мәселесіне арналатын.
Жазғандары тартымды, кімді болса да ойға қалдыратын дүниелер еді. Содан-ақ оның табиғаттың жанашыры, табиғаттың қорғаушысы, табиғаттың досы екенін білуге болатын.
Бірде, көктем айының бірінде, ауылды көгеріштендіру, тал-дарақ отырғызу, көркейту жөнінде мақаласы жарияланды. Менің біраздан бері ойымда жүрген мәселені дөп басып, көпшілікпен бөліскеніне дән риза болып, қолыма қалам алып, мақала авторын қолдап, өз ой-пікірімді жазып, газетке жолдадым. Біраз уақыт өткеннен кейін облыстық газеттің редакциясында Ақылжанмен кездейсоқ жолығып қалдық. Кім таныстырғаны қазір есімде жоқ, сол жерде танысып, сәлемдестік. Сонда ол: «Аға, сіздің мені қолдап жазған мақалаңызды оқып, риза болдым.
Ол менің көңілімді жадыратып, журналистикалық қабілетімді өсіріп, талпынысыма жігер беріп, қанаттандырды. «Рахмет!» деп қолымды қысты. Ол кезде Ақылжан Жуалы өңірінде құрылысшы болып еңбек етіп жүрген еді. Кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып, ортасында әскери қызметін Қара теңіз ма4ында абыроймен атқарып, Жуалы аудандық «Jańa ómir» газетіне қызметке ауысты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақта әдемі сөз бар. Сол айтқандай, Ақылжан бар жан-тәнімен журналистикаға терең беріліп, ерекше қабілетпен, шабытпен еңбек етті. Мезгіл-мезгіл ой таразысынан өткізіп, облыстық газетке тұщымды мақалалар жазуды да естен шығармады. Бірте-бірте, әлгі бәйгеге қосылған сәйгүліктің тынысы естен ашылатыны секілді, Ақылжанның жазу шеберлігі өсіп, қаламына жел пайда болды. Өңірдегі сақа журналистер Әбдіғаппар Айтоқұлы, Мырзахан Ахмет, Мейірбек Мәтеновтер қолдап, оны мақтай бастады.
Аудандық газет сол кезде екі тілде шығатын. Оларға материал табудың өзі қиямет, журналистер аз, олардың жазу дәрежелері де біркелкі емес. Сол қиындықтарға дес бермей Ақылжан уақытпен санаспай шарқ ұрып күн демей, түн демей еңбек етті. Ауыл-ауылды аралап, егіс далаларында, шопан ауылында, құрылыс кешендерінде болып мақала жазды. Тіпті, газетті дер кезінде шығару үшін редакцияда, баспаханада түнеп қалған кездері аз болмады. Әркімнің атынан сан түрлі мақала жазып бір газетті бір өзі шығарған күндер де кездесті. Орыс тілінде жазылған мақалаларды қазақ тіліне тез арада аудару үшін машинистканың алдына отыра салып, жаңғақ шаққандай, сыдырта «диктовка» жасағанда машинистка қыздар қара терге түсетін. Ондай аудармашылық қасиет әрбір журналистің бойынан табыла бермейтін ерекше өнер екені белгілі.
Осындай қажырлы еңбек, табандылық Ақылжанды тас қайрақтай шынықтырды, төселтті. Ол баспа ісінің ауырлығына төзді, суығына тоңды, ыстығына күйді. Ерен еңбегі мен қабілетін таныған басшылық оның қызметін бағалап, қызметін өсіруді де ұмытпады. Әріптестері сенім білдіріп, қолдап, қатардағы жай тілшіден газеттің бас редакторының орынбасары қызметіне дейін өсірді. Бұл, қарап отырсақ, журналистің бар болғаны бес жылда жеткен асуы, еңбек табысы.
Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев Ақылжанның қабілетін, еңбекқорлығын, жұмысқа деген тазалығын байқап, бірде оны облыстық газетке қызметке шақырды. Бұл ұсыныс кездейсоқ, негізсіз емес еді. Әлгі, «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, Ақылжан Мамыттың кәсіби шеберлігін байқап, ізденпаздығын сезіп сол қасиеттерін орынды бағалағандық болатын.
Рас, алғашқыда Ақылжан «Не істесем екен? Үйренген жерімді, жылы орнымды суыту жөн болар ма екен осы?» деп біраз ойланғаны, толғанғаны бар. Ақылдаса келе, ой елегінен өткізіп, ұсынысқа келісім беріп, 1996 жылы облыстық газетке ауысты. Қарап отырса бұл ұжымда да еңбек еткеніне 24 жылдан астам уақыт болыпты.
Жылдар жылжып, айлар аптыға, күндер зымырандай зулап, қарайлауға еш дес бермей өтіп жатыр. Кей-кейде ол «Мен осы не бітірдім? Қоғамыма, егеменді еліме қандай еңбек сіңірдім? Көпшілік еңбегіме риза ма?» деген ойларға берілетіні, толғанатыны бар. Сонда, өткен өмірді деректі фильмдердегі кино лентасындай көз алдынан өткізіп, саралап, ой елегінен өткізеді. Сірә, бұл саналы, ой түзу әрбір жанның бойында кездесетін үрдіс болу керек. Өзіне өзі есеп беретін, өткен өмірін таразы басына салып, әділ баға беретін қасиет әркімнің бойынан табыла бермейді-ау бұл кезде.
Қазақта «Батырдың атын жау шығарады, бидің атын дау шығарады» деген сөз бар. Бірсыдырғы мінезімен, журналистік қабілетімен, еңбекқорлығымен ол біраз жетістіктерге қол жеткізді.
Ойлап отырса, тәубе, газетте қызмет ете жүріп, қаламы төселген тәжірибелі журналист ағалары Әлдихан Қалдыбаевтан, Бақтияр Әбілдаевтан, Рахметілдә Құдабайдан, Елен Әлімжаннан, Әбдуәлі Әлиевтен, Мақұлбек Рысдәулеттен, Тұрсынхан Толқынбаевтан үйренгені аз емес. Ақыл-кеңес берген, оң жол көрсеткен оларға және де басқа үзеңгілес әріптестеріне де дән риза.
Өмірден үйренгені мол. Нешебір күрделі тақырыптарға батыл барып, көсіле жазып, көпшілікке танылды. Мысалы, оның Талас өңіріндегі Амангелді газ өндіру орыны туралы жазған тартымды, актуальді мақалалары тек облыстық деңгейде ғана емес, республикалық басылымдарда жарияланып жатты. Сырт көзге ол жеп-жеңіл жұмыс сияқты. Бірақ, оның басына барып, шаң-тозаң жұтып, жұмыс процесін өз көзіңмен көріп, жұмысшылармен қоян-қолтық араласып, зерттеп, зерделеп жазбасаң газет оқушыны ешқашан селт еткізбейтін құрғақ сөз болып шыға келеді. Ондай мақала тілшінің қабілетсіздігін, кәсібінің тақырыбына енжарлығын көрсетеді.
Ақылжан ондай емес. Ол – еңбекқор, ыждаһатты, ізденімпаз журналист, редакцияның нағыз қараторысы екенін танытты. Сол Амангелді газ орынынан жазған мақалалар топтамасы бойынша ол 2001 жылы «Жылдың ең үздік журналисі» атанды. Ойға түйген мәселелерді жинақтап, жүйелеп 2000 жылы «Өнеге өрісі», 2002 жылы «Айтылмаған алғыс» атты кітаптары баспадан шығып, көпшіліктің қолына тиді. Балалар әдебиетіне де біраз қалам тартқаны тағы бар. Оқырманды елең еткізетін, ой туғызатын, толғандыратын дүниелер кітаптарында аз емес.
Сонау өткен 2003 жылы облысымыздың Құлан өңірінде зілзала болғаны, біраз ел одан зардап шеккені әлі естен кете қойған жоқ. Сол кезде кұрылған арнайы штабтың қасы-басында, ыстығына күйіп, суығына тоңып төрт ай бойы журналист Ақылжан жүрді. Жай жүру оған тән дүние емес. Сол жазда ол 29 әртүрлі проблемалық , сын мақала жазып, газетке жариялатыпты. Бұл, ойласақ, аз жұмыс емес. Қирап қалған үйлердің орнына қайта салынып жатқан үйлерді, асфальттанып жатқан көшелерді аралап, республикамыздың әр түкпірінен көмекке келген басшылар мен құрылысшылармен дидарласып, штаб отырысына қатысып, топ-топ мақалалар жазды, келеңсіз істерді батыл сынады. Әрине, оған «тым қатты сынадың» деп көзaлaртқандар да болды. Бірақ, шындықты, әділетті, адалдықты сүйетін А.Мамыт одан еш қаймықпады, кездескен кемшілікті ішіне бүгіп қалмады. Одан ол кішіреймеді, керісінше, батыл айтатын сөзі бар, көкірегі ояу, жүрегі таза, ойы тұнық, қозғайтын проблемаларды көре білетін, кемшілікті сезе білетін, шырылдаған шындықты сүйетін қаламы төселген көреген журналист екенін елге таныта білді. Еңбегі бағаланып, көп уақыт өтпей ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бұл кез келген журналистің басына қона бермейтін орынды атақ болатын. Бұл-журналистің еңбегіне деген құрмет, журналистің жеңісі болатын, 2014 жылы жарық көрген «Болмысы бөлек Боранқұл» атты кітабы қазіргі тамаша адамдардың табиғаты мен жақсы қасиетін барынша ашып көрсетті. Тізе берсек айтатын әңгіме аз емес. Ол облыстық газетке қатардағы қызметкер болып келіп, біраз уақыттан кейін бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болып аянбай тер төкті, газеттің әр санының сапалы, тартымды, қызықты шығуына ерекше үлес қосты.
Әнеу бір күні кездескенімде Ақылжан Мамыт: «Менің туған жерім Жуалыдағы Мыңбұлақ аймағындағы қазіргі Талапты ауылы. Өздерің білесіздер ол қазақтың белгiлi қайраткері, көрнекті жазушы Шерағаның (Шерхан Мұртазаның) туған жері. Шерағамен туысқандық қатынасымыз бар екенін де жасырмаймын, бәріміз бір атанын ұрпағымыз. Жуалының табиғатының әдемілігін, көз тартар сұлу көрінісін, су-бұлақтарының тазалығын көріп өстік, көңілге түйіп өстік. Тынысыңды аша түсетін саф ауасы қандай керемет. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, Тәңіртау біздің рухымызды көтерді, тазалыққа үйретті, белгілі ел азаматтарына арқа сүйедік, солардай болуға талпындық, оларға қарап бой түзедік, ой түйдік, ақыл тоқтаттық. Тәубе, одан кем болмадық. Өмірден әркім өз қабілетіне қарай, табиғатына қарай өз орнымызды таптық. Оған шүкіршілік етеміз.
Соңғы кезде туған ауылым туралы, ондағы кісілер туралы аракідік ой жүгіртетін әдет пайда болды менде. Ол туралы газет-журналдарда бірнеше мақаларым жарияланды да. Жерлестерiм, замандастарым әлгі мақалаларыммен танысып, кездесе қалған сәтте «Қолға алып неге кітап жазбайсыз, келешек ұрпаққа естелік болсын, қазір жазбасаңыз, барлығы уақыт келе ұмыт болады» деп еске салған соң, «Ия, расында да солай екен ғой» дей келе, өзім туып-өскен Жуалы және ол аймақта болған тарихи оқиғаларды, аңыз-әңгімелерді қағазға түсіріп, ондағы жер атаулары, сол өңірде беріле еңбек еткен азаматтар жайында мәліметтер жинай бастадым Өкінішке қарай, бала күнгі сезімдерімнің, көрген-білгенімнің көбісі аздап болса да көмескіленіпті, біразы, тіпті, ұмытылыпты. Соған қарамай біраз дүниені қағазға түсірдім. Әрине әркімнің туған жері өзіне алтын бесік, Мысыр шаһар дегендей, туған жерге, кіндік қанған жер туралы көсіле жаза бергің келеді. Кейде шабытқа, эмоцияға беріліп, бояуын коюлатып, артық сілтеп кететініміз де жасырын емес. Ол туған жерін, атамекенін сүйетін әрбір жанға тән емес пе? Туған жер қазақ үшін аса киелі ұғым екенін есте ұстасақ, оған да кешіріммен қарайтыныңызға күмән келтірмейміз. Мұхтар Әуезов «Абай жолында» өзінің туған өлкесін, мидай дала Бөріліні де жұмақтың төріндей қып суреттемей ме? Саналы адамның ойында туған жері, атамекені жаңғырып тұрады, сағынады. Көптен бері ойда сүрген істі:
«Көз салсақ өткен өмір белесіне,
Неміз бар қалдыратын келесіге?
Алданып қызыл-жасыл елесіне,
Жармастық біз өмірдің кемесіне,
Кім кепіл босқа өтті-ау демесіне?»
дей отырып, мен де ауылым туралы, сол аймақтың тарихы мен адамдары жайлы қалам тербеуді жөн санадым. Ол жауапкершілігі мол, үлкен жұмыс. Тек, Алла тағала сәтін берсін. Көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің мынадай жыры бар:
«Жүрегінде бір кішкентай күн барда,
Болысасың миллиондарға, мындарға.
Жүріп өткен жолдарыңа өкінбе,
Өкінсең де жылдам өткен жылдарға.
Қолыма сөз жазуға қалам алдым,
Ескірген , көне сөзге құлақ салдым.
Біреуден пұлға сатып алғаным жоқ,
Несіне бөгелемін қолда бардың.
Қағазға білгенімді жастайымда,
Артыма сөз ғып оны тастайын да.
Кейінгі ұрпағыма мирас болсын,
Қалды сөз, шежіреден бастайын да.
Жазайық ұрпақ үшін білгенімді,
Шамамша тіршілікте көргенімді.
Осыдан керек болар деген оймен,
Жинақтап аз да болса, тергенімді»,
дегеніндей, ой жинақтап сол еңбегімді бастамақпын» деп еді. Несі бар, әр жұмыр басты пенде өзінің кіндік қаны тамған өңірді, дүние есігін ашқан аймақты, атамекенін естен шығармай, барынша аялап, орнымен жырлап жатса жақсы емес пе?
Туған жерің – тұғырың. Сондықтан, туған жерге деген сағынышқа толы ыстық сезім, жүрек лүпілі, мәңгілік махаббат еш азаймауы, өшпеуі керек. Ол магниттей өзіне әрдайым тартып тұрғаны жөн. Сонда ғана сен бақыттысың, ардақтысың, еліңнің азаматысың, патриотысың.
Әсілінде, адамның адамнан айырмашылығы – білімі мен тәрбиесінде. Тал бесіктен жер бесікке дейін жинаған білімі мен тәрбиесін ешкім біреу тартып алады-ау деп уайым шекпейді. Оған күні-түні күзет қойып, мазасызданбайды. Себебі, білім – басында, адамгершілігі–жүрегінде. Ал білім емес дүние жиған адам жылдар бойы жинаған байлығын кез-келген уақытта біреу ұрлап кетуі мүмкін деп уайымдап, қалай сақтаудың қамында ғана жүреді.
Ойлап қарасақ, байлық емес білім деген адамды өмір бойы түрлі қауіп-қатерден сақтап, ұлы мақсаттарға жетелейді екен.
Әлемге аты шыққан гректің ойшыл-философы Диоген туралы ел арасында мынадай бір мәні терең әңгіме бар: Ұлы ойшыл Диоген тұрған аралдағы таудағы вулкан бір күні оянып, ел-жұртқа қатер туады. Арал тұрғындары жан сауғалап, жиған-терген байлығын (алтын, күміс және т.с.с.) алып, кемелер мен қайықтарға отырып, ашық теңізге шығады.
Қолында шағын ғана түйіншігі бар Диогенді көрген таныстары: «Қымбат дүниелеріңізді алып үлгермедіңіз бе? Қолыңызда көзге көрінетін ешқандай зат жоқ қой…» дегенде, Диоген мырза «Менің жиған-тергенім мына басымда. Одан басқа мен үшін ештене қымбат емес» деп сабырлы кейпін жоғалтпай жауап қатыпты. Сол айтылғандай, адам үшін ең ұлы, ең қымбат дүние бойына жинаған ақылы, ата-анадан келген тәрбие, адамгершілік асыл қасиет, білімі болу керек. Бұл – өмір философиясы, өмір шындығы. Әркімге-ақ сабақ болатын, кім-кімді болмасын ойға салатын мәнісі зор мысал-әңгіме.
Біздің бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері облысымыздың белгілі журналисі Ақылжан Мамыт та өмірде дүниеге қызықпаған, ақ пейілі мен санасы бұзылмаған, барлық жан-тәнін жұмысқа берген, жаны таза, ары таза азамат. Кейде «Осындай асыл сезімді жандар ортамызда, мына дүрбелеңге толы қоғамымызда мол болса екен, шіркін!» деп тәтті ой қаузайсың. Әттең … Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі кұбылмалы, қалтқыдай қалт-құлт еткен өмір олай болмай тұр ғой…,

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close