Basty bet
Қазақ халқының ұлы ақыны
Қазақ халқының ұлы ақыны, ақыл-ойшылы, ұлы кемеңгері Абай Құнанбайұлы тар заманда, «соқтықпалы соқпақсыз» жерде, халықтың игілікті ісіне қарсы топпен жалғыз алысып, халқының көшін жаңа жолға, яғни мәдениет, өнер-білім жолына бастады. Халқының тарихын өзгертіп, жаңғырту жолында қажымай еңбек етті.
Абай қазақ елінің дәл бүгінгідей ерікті, берекелі, білікті, күшті, мәдениетті, бай, бақытты ел болуын көкседі.
Берекелі болса ел,
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды, соқса жел,
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден,
Өзгеше боп өсер төл, – деп тіледі.
Абай қазақтың әрбір ұлының, қызының еркі, бостандығы үшін, ой-санасын жетілдіру, ержеткізу үшін күресті. Оларды халқын сүюге, халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Осыны біл. Талап қыл, өнер, кәсіп ізде.
Қайға келсе, қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызығып, оған да ерме.
Жүрегіңе сүңгі де түбін кез де,
Бұдан тапқан шын асыл, тастай көрме, – деп ақыл айтып, қайрап, жігерлендірді.
Абай қазақтың жаңа әдебиетін – мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем әдебиетін жасады. Шын мағынасында өлең өнерін жасады. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген сертіне жетті.
Абай халқына «іші алтын, сырты күміс» өлең қазынасын, мәңгі өлместей асыл сөз қазынасын қалдырды. Ол – қазақ халқының Абай тұсындағы тұрмыс суреті, дүние тануы, мінез-құлқы, зар-мұңы, тілек-арманы. Ол – жапа көрген, көп шыдамдылықпен жақсы болашаққа сенген ер халықтың бейнесі.
Абай өз халқын мейлінше сүйді. Сол өз халқын сүю арқылы онымен тілек-арманы, тарихи тағдыры бір халықтарды сүйді. Халқына үлгі боларлық, жәрдем қолын созарлық ұлы орыс халқының мәдениетін, өнерін сүйді.
Абай – халқының шын ұлы. Ол өмір бойы халқының қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті. Абай халқына тек өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ, ол өзінің жарқын бейнесімен, асыл сөздерімен бүгін де қызмет етіп отыр.
Абай – қазақ халқының ұлы классик ақыны, үлкен ойшылы, зор әлеумет қайраткері. Сол үшін оны халқымыз сүйеді де, құрмет етеді, оның атын мақтан етеді.
Абайдың заманында қазақ даласында екі түрлі қоғамдық қарым-қатынас бар еді: ол – капиталистік, бектік-феодалдық қалып болатын. Қазақ бұқарасының басында осы екеуінен туған екі түрлі ауыр азап, екі түрлі қанау, қысым бар еді. Оның бірі – отаршылдық қанау еді де, екіншісі – бектік-феодалдық қанау еді.
Сонымен Абайдың заманында қазақ даласында екі түрлі шаруашылық-әлеуметтік қалып, қарым-қатынас ұштасып жатты: бірі – күннен-күнге әлсіреп, құрып бара жатқан бектік-феодалдық қалыптың қалдығы, екіншісі – күннен-күнге өсіп, күш алып келе жатқан жаңа капиталистік қарым-қатынас еді. Осы екеуінің тоғысуы қазақ даласында шаруашылық, әлеуметтік қайшылықтардың айқын көрінуіне себеп болды.
Абайға ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек болып танылады. Ол ескілік, надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты жағдайлармен, атқамінерлер, би, болыстар мінезімен мықтап тұрып алысуға кіріскен. Өзінің ой-пікірін, жолын түсіндіруге кіріскен еңбегі Абайды кейінгі буынға және сол кездегі қалың елге, көпшілікке, саналы жастарға қадірлі Абай етіп көрсетін еңбегі. Ол ақындықты сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Сондықтан Абайдың бұл қарсаңдағы өлеңдері, көбінесе, зұлымдық, надандықпен кектене алысу, мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап ату, өзінің елге айтқан зары, өсиеті болып келеді.
Абайдың қай өлеңі, қай кезде жазған өлеңі болсын, шешен тілді, көркем суретті, терең мағыналы келеді. Ол өлеңді ермек деп, думан-сауық құралы деп білмейді, өнер деп, халықты тәрбилейтін құрал деп біледі. Сондықтан ол өлеңінің пікірі, мағынасы қандай терең болса, түрі, көркі сондай сұлу болсын, өлеңінің «іші алтын, сырты күміс» болсын, ол қиыннан қиыстырылсын, сөз арасы бөтен сөзбен былғанбасын, жүрекке жылы, тілге жеңіл болсын деді.
Абай тәрбиесінің тағы бір ерекшелігі – ол өзін «шығыс адамы едім», «мұсылман едім» деп, дін тұсауына бағындырмаған. Жастарға үлгі, тәлім етіп айтқанда, өлеңінде орыс халқының ұлы жазушылары – Толстой, Салтыков-Щедринді ұсынған сияқты, ауызша өсиет де Сократ хаким, Аристотель сияқтыларды қоса айтады. Ұлттық тар көлемде қалмайды.
Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ылғи ақындығын сөз қылып қоймай, осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар әншілік еңбегін де атау керек. Абай өзі жақсы домбырашы болған. Қазақтың ескі ән-күйін жете білген, барынша сүйген. Елдің ән-күйін елти сүйіп айтқан:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деген өлеңдері бұған дәлел.
Абай ән-күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Ол музыкаға ақын боп қосқан үні. Сонымен қатар, Абай музыканың өзіне әнші болып та атсалысады. Абайдан қалған 16-17 ән бар. Бұлардың көбі өзі жазған жаңа уәзін, жаңа ұйқам, жаңа түрлі өлеңдеріне арналған әндер.
Абайдың осы әншілік еңбектерінде де, ақындық еңбегі сияқты, өзіне тиісті үлкен жаңа өзгешеліктері бар. Ол әнде де бұрынғы әннен гөрі өзгерек түрлер шығарады. Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық ізденудің нәтижесі.
«Абай Құнанбаев»
шығармалар жинағы кітабынан