Қазіргі таңда еліміз тағы бір қиын кездерді бастан өткеруде. Әлемнің алпауыт елдерін жайлаған індет біздің елді де айналып өтпеді. Тұтқиылдан келген жаман індет барша адамзатқа қатер төндіруде. Осы ртте, елімізде індеттің алдын алу мақсатында түрлі сақтық шаралары мен шектеулер енгізілуде. Мұның бәрі әрине, халықтың амандығы мен денсаулығы үшін жасалуда. Себебі, мемлекет үшін ұлтының саулығынан асқан дүние жоқ.
Тәуелсіз қазақ елімен, жұртымен бірге жасасып, өз ойымен ашық бөлісіп келе жатқан Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты үндеуін жариялады. Ұлт болашағы сынға түсіп жатқан сәтте Елбасы барша халықты сабырлыққа, татулыққа, бірлікке шақырды. Иә, осы уақытқа дейін еліміз өмірдің талай белестерін еңсеріп, алға нық қадам басып келеді. Бұл жолда Елбасының еңбегі ерен. Оның сындарлы, салиқалы саясатының арқасында еліміз гүлденіп, өркендеп, жетіле түсті.
Мен 1996 жылы «Нұрдәулет» шаруа қожалығын құрдым. Ол жылдары кәсіп ашып, оны өрге дөңгелету оңайға соқпады. Тәуелсіз елімізбен бірге біз де сол сәтті бастан өткердік. Барлығын жеңіп, қазіргі таңда шаруасы шалқыған қожалықтың қатарынан табылып отырған жайымыз бар. Бұл жетістікке жетуде бізге мемлекет тарапынан да қолдаулар көрсетілді. Қожалықтың тынысын кеңейтіп, техникалар алып, жұмыс істеудеміз. Аудан жұртшылығының бірқатар азаматтарын жұмыспен қамтып, қолымнан келгенше тұрғындарға көмек қолын созудамын.
Елбасы өз үндеуінде зиялы қауым өкілдеріне, жастарға, сонымен қатар, кәсіпкерлерге арнайы қайырылды. Бізге сенім артып, осындай сәтте халықпен бірге болуымызды нық қадап айтты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл қиындықты бірлігіміздің арқасында жеңуге үндеп отыр. Шама шарқы келгенше ел кәсіпкерлері көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасап, азаматтықтарын танытуда. Осы орайда, Елбасы «Менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін» деген сөзі күрмеуі қиын шақта бізге үлкен сенім мен жауапкершілік артылып отырғанын сезініп отырмыз.
Мемлекет өзінің ұлтымен құнды. Халқымен бірге жасайды. Осы ретте, жаппай жайылған індетті бірге еңсеруіміз керек. Ол үшін темірдей мықты тәртіп пен талап қажет. Сол себепті, барша халыққа даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтып кеткен өсиет сөзін назарға алып, мемлекет тарапынан айтылып жатқан кеңестерге құлақ түруге шақырамын. Себебі, ұлт саулығы мен амандығы үшін, бұл қиындықтан шығу үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасауда.
«Бірлігі мықты елді жау алмайды» демекші, бекем бірлігіміз бен ынтымағымыздан айырылмайық. Белді бекем буып, қабырғамыз қайыспай бұл қиындықты да бірлігіміздің арқасында еңсерейік.
Нұрбек Сарыбеков,
«Нұрдәулет» шаруа қожалығының жетекшісі