Basty bet
Кәсіпкерлік саласы қалай дамыды?
Үстіміздегі жылы халқымыз үшін мерейлі жыл. Яғни, ең қымбат байлығымыз – Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады.
Осы орайда әр сала бойынша өткенімізге шолу жасасақ. Ондағы мақсат – артта қалған ел болып қалыптасудың қиын белестерін еске түсіріп, бүгінгі барымызды бардай айтып, елдің еңбегін лайықты атап өту.
Бүгін біз кәсіпкерлік салаға тоқталмақпыз.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлік туралы былай деген еді: “Адам атына лайықты өмір сүрудің, дәулетті тұрудың мына заманда нарықтан басқа жолы жоқ. Өйткені, ол адамды өзін-өзі қамшылауға, жанын жеп жанталасуға мәжбүр ететін, сөйтіп оның бойынан тың қуат табуға итермелейтін жол”.
Кеңес Одағы тұсында кәсіпкерлікпен айналысатындар некен-саяқ еді. Халықтың негізгі бөлігі Үкіметтің жұмысын істейтін. Яғни, колхоз-совхоздарда, фабрика, зауыттарда, т.б. Кәсіпкерді ол кезде халық басқаша атайтын. Бала кезімде есімде арбасын сүйретіп, сауда жасап жүргендерді халық спикуланд деп атайтын. Тіпті олай кәсіп жасауды намыс санайтындар да көп болатын.
Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында халық айлар, жылдар бойы жалақысын, зейнетақысын, төлемақысын ала алмай қиналды. Осы жылдары халық амалсыздан өз беттерінше кәсіп жасауға көшті.
Осы жылдар туралы Елбасы бір еңбегінде былай деп еске алған еді: “Онан кейін ауыз толтыра айтатынымыз, елдің нарықтық қарым-қатынастарға негізделген экономикалық жүйесін қалыптастыра алғанымыз дер едім. Мен тіпті біздегі экономикалық реформалар саяси реформалардан да ауырға түсті ме деп те ойлаймын. Әсіресе, 1992-1994 жылдардың арасында жағдай өте-мөте қиын болды. Бұрыннан келе жатқан экономикалық байланыстардың быт-шыты шығып, әр ел өз күнін өзі көруге көшті, кәсіпорындар сататын затын сата алмай, алатын затын ала алмай қалды. Кейіннен біздің бұйымдарымыз сол тұста Қазақстан рыногына тоғытылып келе бастаған шетел тауарларымен бәсекеге шыдас бермейтініне, демек нарық жағдайында сұранысқа ие болмайтынына көз жетті. Талай тауарларды одан әрі қарай шығаруда, демек оны өндіретін кәсіпорындарды ұстауда ешқандай мән қалмады. Өзін-өзі ақтамайтын зауыттар, фабрикалар жабыла бастады… Бұл бір адам айтқысыз ауыр кезең еді. Ақшада құн да қалмай, баға деген ай сайын, кей тұста тіпті апта сайын құбылып, инфляция ырыққа көнбей бара жатты. Сол тұста экономикалық қиыншылықтарды саяси саудаға салу әрекеттері де көрініс бермей қалған жоқ”.
2002 жылы ҚР еңбек сіңірген қызметкері, журналист, әдебиетші ғалым Сауытбек Абдрахманов “Егемен Қазақстан” газетінде Алматы қаласының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновпен “Алматының алды ашық” тақырыбындағы сұхбатында журналистің бір сұрағына орай Виктор Вячеславович былай деп әңгімелейді: “Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің жағдайымыз өте ауыр еді. Кеңес кезіндегі өнімді өндіру, жеткізу, қабылдау, төлеу жүйелерінің быт-шыты шыққан кезде, расын айтқанда, ес кететіндей жағдай қалыптасты. Сол тұстағы қаланың 1 миллион 125 мың тұрғынының шамамен алғанда 500 мыңдайы аяқ астынан қатты қиналып қалды. Қалай дейсіз ғой? Бір ғана АЗТМ-ның өзінде 15 мың адам жұмыс істейтін. Бұл дегеніміз сол зауыт тоқтаған күні 50-60 мыңдай адам күнкөріс көзінен айырылғанын білдіреді. Әркімнің отбасында бала-шағасымен 4-5 адам болды ғой.
Мақта-мата комбинатында 25 мың адам істейтін. Шетел тауарларына есік ашылысымен біздің комбинат тоқитын матаны ешкім алмауға айналды. Станок жасаушылардың өнімдері де өтпеуге айналды. Киров атындағы зауыт әскери мақсатқа, құпия жағдайда жұмыс істейтін, ондағы адамның саны тіпті қыруар еді… Не істеу керек? Алдымен жұртшылыққа кәсіпшілікпен, саудамен айналысу мүмкіндігі берілді. Алматыны еркін кәсіпкерлік қаласы деп жариялады. Бірінші қабаттағы үйлерді заңды тұлғаларға сатуға, сөйтіп сауда орындарын, шағын бизнес мекемелерін ашуға рұқсат еттік. Қысылғанда әйтеуір салық түсіреді ғой деп дүңгіршіктер қоюға келісім бердік. Аз уақыттың аясында 5 мыңнан астам киоск орнап шыға келді, талайы қалай болса солай жасалған, Алматының әрін қашырып жіберді. Оған да көндік. Содан кейін жекешелендіруді бастадық, өткенін өткенше сатып, адамдарға азын-аулақ болса да айлық, зейнетақы, спипендия беруге тырыстық. Халықтың төлем мүмкіндігі күрт төмендегеніне байланысты коммуналдық мекемелер шетінен бонкрот болуға айналды. Оның үстіне оңтүстік көршіміз де газдан қатты қысты. 1997 жылғы 31 желтоқсанда тіпті жаңа жылды бүкіл Алматы газсыз қарсы алғаны да бар… Кеш болса қала қараңғылық құшағына оранатын. Сол тұста Алматының көшелеріне қараңғы түскеннен кейін екі сағат қана шам жанатын. Түнде жасалатын қылмыс қатты өсіп кетті. Кейінгі кезде бұған да көңіл бөлдік. Тек 2002 жылдың өзінде көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын шығын 400 миллион құрағанын айта кетейін. Қазір шамдардың жану уақыты нормативке келтірілді.”
Иә, бір кезде осындай қиын жағдайды бастан өткізген Алматы қаласы қазір тотыдай таранған керемет қалаға айналды.
1998-2003 жылдары Алматыда ҚазҰУ-де оқып жүрген кезімізде студент жастар, біздер қаланың мәселелерін біле бермейміз ғой. Ауылдан барған біз үшін Алматы өте әсем қала. Алайда көше-көшеде дүңгіршектер, жол бойы жағалай ұсақ-түйек сатып тұрған жандар көп болатын. Барлығы күнкөрістің қамы ғой. Алайда шынында қаланың сәнін қашырып тұр.
Қала шетіндегі базарға барсақ, сауда жасап тұрған адам өте көп. Абайламасаңыз, ақшаңыздан айырылып қалу әп-сәтте. Яғни, қалтаға түсетін ұрылар көп.Талай студент базарға барамын деп ақшасынан айырылып, қиналып қалатын. Әрі базардан сауда жасап тұрған ауданның адамдарын да жиі кездестіретінбіз. Бірі қаймақ, май сатып тұрса, бірі аяқ киім дегендей. Барлығы отбасынан жырақта күнкөрістің қамымен жүрген жандар.
Араға 10 шақты жыл салып Алматыға бір барғанымда бұл көріністер мүлде жоқ. Алматы тіпті әсем болып кеткен. Дүңгіршектер мен жайма базарлардың орнына зәулім ғимараттар салынып, үлкен-үлкен сауда үйлері ашылған. Бұл әрине, елдің экономикасының, мәдениетінің дамығанының көрінісі еді.
Әрине, бұл қиын кезеңді біздің аудан да бастан өткізді. Қазіргі кезде ірі сауда орындарын ашып, тірлігі өркендеген кәсіпкерлердің көбі жұмысын сол тұста бастаған жандар. Мәселен, кәсіпкер Наржан Үкібаев алғаш “Универсам” дүкенінде кіреберістен орын алып, сауда жасады. Кейін “Сарығаш” базарына ауысты. Біраз уақыт өткенде шағын дүкенге көшті. Бертін келе үлкен ғимарат сатып алып, дүкенін сонда көшірді. Дәл сол сияқты “МЕР” дүкенінің иесі Ләззат Нүрпейісова да мектеп бітіре салысымен үлкен сөмкесін сүйрелеп жүріп сауда жасап, кейін “Сарыағаш” базарында тұрды, одан соң “Жуалы” тұтынушылар одағында сатушы болып еңбек етіп, кейін өз кәсібін ашып, кеңейткен жанның бірі. Осы сияқты әр кәсіпкердің даму жолының өз тарихы бар. “Еңбек ер атандырады”,- демекші кәсіпкерлік тәуекелшіл, еңбекқор жанның ғана қолынан келетін іс.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің аудан орталығында да жол бойында дүңгіршіктер тұратын. Бірте-бірте бұл дүңгіршектер алынып, сауда жасаудың да мәдениеті қалыптасты. Қазір халық жылы, жарық, таза, заманауи жағдай жасалған жерден сауда жасағысы келеді. Бұл – заман талабы. Бұл – еңбектің жемісі.
“Қазір ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі. Қазір адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған шағын қадамның өзі шалқыған даңғаза ұраншылдық пен үдере үндеушіліктен әлдеқайда маңызды” дейді Елбасы бір сөзінде. Заман талабын түсініп, өзінің бағын кәсіпкерлік салада сынауға бел буған жандардың қатары көбейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Кәсіпкерлік – азаматтық қоғамның тірегі, тұрақтылықтың кепілі” екенін баса айтып, саланы дамыту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қолға алды. Елімізде кәсіпкерлердің құқығын қорғау, оларға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша тетіктерді түсіндіру мақсатында кәсіпкерлік бөлімдері ашылды. Біздің ауданда 2010 жылдан бастап аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі ашылды. Аталған бөлімді бүгінгі таңда Бауыржан Абделиев деген азамат басқарады.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің берген мәліметіне сәйкес бүгінгі таңда ауданда 4 934 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде екі орта, 195 шағын кәсіпорындар (заңды тұлғалар), 2277 жеке кәсіпкерлер және 2460 шаруа қожалықтар бар. Осы кәсіпкерлік субъектілерінде барлығы 9 252 адам жұмыс атқаратын болса, оның ішінде 109 адам орта кәсіпорындарда, 694 адам шағын кәсіпорындарда, жеке кәсіпкерлікте 2 856 адам, шаруа қожалықтарында 5 593 адам жұмыс жасайды.
Аудандағы өндіріс ошақтары өткен жылы 11 293,8 млн теңгенің өнімдерін өндіріп, 2019 жылмен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты индекс көлемі 100,3% құраған.
Одан бөлек ірі инвестициялық жобалармен де жұмыстар жүргізілуде. Үдемелі индустриалды-инновация бағдарламасы бойынша да жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылы кәсіпкерлердің ұсыныстары бойынша “Бизнестің жол картасы-2025” бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында пайыздық мөлшері субсидияланатын несие алу бағытында нақты алты жобамен жұмыс жүргізіліп, “Даму” КДҚ” АҚ-мен келісімге отырып, пайыздық мөлшері субсидияланатын барлығы 270,0 млн теңгеге қол жеткізілген.
Аталған бағдарламаның өндірістік инфрақұрылымды дамыту жаңа өндіріс құруға, жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғыртуға және кеңейту бағытында екі жоба қолдау тапқан. Сонымен бірге бағдарлама аясында ұйымдастырылған мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстық комиссияға ауданнан 44 жоба ұсынылып, оның ішінде екі кәсіпкер мемлекеттік грантты ұтып алған.
“Қарапайым заттар экономикасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алу мақсатында жалпы сомасы 584,8 млн теңгені құрайтын нақты 23 жобамен жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 21 жоба “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-мен келісімдері жасалып, жалпы құны 479,8 млн теңгені құрайтын несиеге қол жеткізілген. Қалған екі жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында.
Міне, мұның барлығы Үкіметтің саланы дамытуға бағытталған жұмысының жемісі.
Үкімет тарапынан саланы қолдау мақсатындағы шаралар әрі қарай да жалғаса беретін болады. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында бұл саланы реформалау керек екенін, шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық база әзірленетінін айтып, “Бәсекелік саясаттың маңызы арта түсті. Бәсекелі ортаны айтарлықтай түрлендіріп, әр кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүмкіндік қалыптастыру қажет. Нарықтарды монополизациялауды тоқтату керек” деген болатын.
Кәсіпкерлік сала дамыған сайын халықтың әл-ауқаты да, елдің экономикасы да арта түседі. Сондықтан Тәуелсіздікпен бірге қалыптасып, бірге дамып келе жатқан салада еңбек етіп жүрген барша азаматтардың еңбегіне табыс тілейміз! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Бай-қуатты ел болайық!
Перизат шымыртайҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»