Basty bet

Ырыс алды – ынтымақ

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдан бері  ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде кез келген мәселені отандастарымен бірге бүкпесіз, қоғам талқысына салып,  келеді.

Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жағдайында  бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте ол Қазақстан халқына Үндеу жариялап, баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртына ақ тілеулі сөзін арнады.

Ия, біз Елбасының басшылығымен Тәуелсіздік алған 30 жылға жуық кезеңде барлық салада өркендеуге қол жеткіздік. Осы жолда жас мемлекетіміз кездескен кез келген сынақтардан тас түйін бірлік пен ынтымақтың арқасында ойдағыдай өтіп шыңдалдық, шынықтық.

Дегенмен, бүгінгі   қалыптасып отырған жағдай ешкімге де оңай тиіп отырған жоқ. Елбасының Үндеуінде айтылғандай, «бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ».

Жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысатыны анық.  Сондықтан Елбасы айтқандай мен де халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал деп ойлаймын.

Үндеуде аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне сөз арнап,  халықты ынтымаққа , жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға шақыруы жуалылық ардагерлердің көңілінен шығып отыр. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді» деді Елбасы.

Естемес АМАНБЕКОВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close