Basty bet
Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала
аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудан спортшыларын қабылдады
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның беделін асқақтатып жүрген бірқатар спортшыларды қабылдады.
– Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Спорт – адамзат өміріне алапат күш сыйлап, тәнге қуат, жанға мықты рух сыйлайтын қастерлі дүние. Сондықтан сергек болудың, сау болудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану. Саламатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортпен және дене шынықтырумен белсенді шұғылдануға тарту – бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі. Жастардың, бүкіл ұлттың денсаулығы, еліміздің қуаты көп жағдайда оның табысты түрде жүзеге асуына байланысты.
Еліміздің еңсесін көтеруде, мемлекетіміздің өркендеуі жолында биік белестерді бағындыруларыңызға, дүбірлі додаларда жеңістерге қол жеткізулеріңізге, ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыруларыңызға шын жүректен тілектеспін. Жеңісті әрі жемісті күндеріңіз көп болсын, – деген аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы жиынға қатысып отырған спортшылармен жеке-жеке танысты.
Атап айтар болсақ, спортшылардан дзюдодан жасөспірімдер және жастар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері, дзюдодан жасөспірімдер арасында Ташкент қаласында өткен Азия Кубогының қола жүлдегері, дзюдодан халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, самбодан жастар арасында 2022 жылы ҚР чемпионатының жеңімпазы, самбодан Азия чемпионатының чемпионы самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Қазыбек Ракишов, грепплинг күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Шервани Абдуллаев, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында қол күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері, қол күресінен ҚР чемпионы Нұржауған Мұқатай және мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында қол күресінен ҚР Кубогының қола жүлдегері, облыс чемпионы Досымжан Құрмансейіт қатысты.
Сонымен қатар, спортшылардың арасында кіші футболдан Қазақстан Республикасының чемпиондары, «VII Халық ойындары» спартакиадасының жеңімпаздары Ерқасым Ешенқұл, Еламан Қалдыбек, Шыңғыс Джекеев, Нұржас Қасымбек және Жеңісбек Өмірзақов та бар.
Аудан басшысының құттықтау сөзінен кейін спортшыларға Алғысхаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Одан бөлек, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасарлары Рақымғазы Құниязов, Асхат Жабағы спортшыларға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін жеткізді.
Жиынды аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов қорытындылады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»