Basty bet
Егемендіктің арқасында еңсе тіктеген шаруашылық
Кеңес Одағы тұсында, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарындағы еңбек майданында шыңдалып, даңқ пен құрметке бөленген еңбек озаттары қазір де арамызда аз емес. Солардың бірі ретінде Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында үлкен әулеттің алтын діңгегі болған еңбек ардагері, марқұм Құралбек Байжановты айтсақ болады. Бүгінде Байжановтар әулетіне еңбек ардагерінің жұбайы Күлпаш апа бас ие болып отыр.
Еңбек ардагерлері Құралбек пен Күлпаш бұрынғы «Путь к коммунизму» колхозында 40 жылға жуық шопан болып еңбек етіпті. Еңбек майданында шыңдалған бұл отбасы жеті бала тәрбиелеп, жеткізген үлгілі жанұя саналады. Бүгінде ата-ананың үміті ақталды. Балаларды жастайынан еңбекке баулып өсіргенінің арқасында бұл жанұяның ұл-қыздары еңбекті серік етіп, бүгінде бір-бір отбасының иесі болып отыр. Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында Ертай ауылына жолымыз түсіп барып, Байжановтар әулетінің үлкен ұлы Нұржан Құралбекұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»
-Әкеміз бен анамыз ұзақ жылдар колхозда еңбек еткен кісілер. Әкеміз 70-тен асқан шағында көлік апатынан қайтыс болды. Құдайға мың шүкір, қазір жасы жетпіске таяған анамыздың көзі тірі. Ұрпақтарының тілеуін тілеп отыр.
Мен бұл үйдің үлкен ұлымын. Менің алдымда үлкен әпкем Гүлмира, Наржан, Нұрман, Дархан, Надира, Нұргүл есімді іні-қарындастарым бар. Ауылда мен және кіші інім Дархан тұрады.
1996 жылы колхоз тарап, оның орнына біздің ауылда «Кеңес» шаруа қожалығы құрылған болатын. Біз бұл ұжымнан 2003 жылы 34 гектар жермен бөлініп шықтық. Еншімізге егістік жерден бөлек бір «ГАЗ-53» жүк көлігі ғана тиді. Содан әкеміздің ақыл-кеңесімен 2003 жылы «Аңсат» шаруа қожалығын құрып, іске кірісіп кеттік. Ол кезде қолымызда азын-аулақ малымыз бар болатын. Шаруашылық жұмысын кеңейтуді жоспарлап, колхоздың бұрынғы мал қыстауын сатып алдық. Басында 200 бастай қой, үш-төрт сиырымыз бен 10 шақты бас жылқымыз болды. Шаруашылықты құрмай тұрып «МТЗ-80» маркалы бір трактор сатып алғанбыз. Шаруашылық жұмысын сонымен бастадық.
Теріс өзенінің басталар сағасында орналасқан мал қыстауында малдың басын көбейтіп, одан түскен пайдаға әр жыл сайын немесе екі-үш жыл сайын бір-бірден техника алып отырдық. Соның нәтижесінде қазір иелігімізде екі дана «МТЗ-80», бір-бірден «МТЗ-82», «МТЗ-89», «МТЗ-95» маркалы тракторлары, (жалпы бес трактор), одан бөлек, бір дәнсепкіш, екі дана шөп оратын «Германка», үш дана шөптайлағыш, сонымен қатар, бір «СК-5 М» маркалы комбайнымыз бар. Осы техникалардың көмегімен жылына 200 гектардай егістік жерді игеріп, оған арпа, мақсары дақылдарын егіп, жинап алып жатырмыз. Мал азығы үшін 40 гектардай жоңышқалық алқабымыз бар,- дейді шаруашылық басшысы Нұржан Байжанов.
«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, марқұм еңбек ардагері Құралбек ақсақал өмір бойы қой бағып, шопан болған екен. Малдың жайын жақсы білетін ол балаларын да осынау атакәсіпке үйретті. Соның нәтижесі болар, қазір еңбек ардагерінің бастамасымен құрылған «Аңсат» шаруа қожалығында 600 бас қой, 40-тан аса жылқы, 30-ға жуық ірі қара бар. Малдың бәрі қысы-жазы Теріс жайлауындағы мал қыстауында бағылады. Мұнда үш малшы келісім-шартпен тұрақты жұмыс істейді. Көктемгі дала жұмыстары және жиын-терім кезінде алты адам жұмыспен қамтылады екен.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, еңбектің арқасында жетілген бұл шаруа қожалықтың мүшелері қолдағы төрт түлігін бір жерде ұстап бағып, сонымен қатар, техникаларын да ортақ пайдаланады. Соның арқасында малдың да, техниканың да саны жыл санап өсіп келеді. Жыл сайын 50-60 бас қой, 10-15 бас жылқы бордақыға байланады. Негізінен бұл шаруашылық экологиялық таза ет өндірумен айналысады.
Иә, бұл отбасының үлкен ұлы Нұржан жастайынан техникаға жақын болып, өсе келе оның тілін бес саусағындай меңгеріп алды. Бірер жыл колхозда, одан соң «Кеңес» шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс істегені бар. Трактор жүргізіп, шаруашылықтың сан-салалы жұмыстарына белсене араласты. Арасында комбайнның да рөліне отырып, үздік комбайншылардың бірі болды. Еңбекке ерте араласқандығының пайдасы шаруашылықтың жұмысын жүргізуге өз әсерін тигізіп отыр.
-«Мен шаруашылықтың басшысымын, жұмысты тек қана жұмысшылар істесін» деп қол қусырып, қарап отырмаймын. Ауыл шаруашылығы жұмыстарының науқаны кезінде еңбекке араласып кетемін. Шөптайлағышпен жаз бойы шөп тайлаймыз. Өз шөбімізді жинап алған соң ауылдастарға көмек береміз. Нұрман інім ғана Тараз қаласында өз мамандығы бойынша өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Наржан қыстаудағы мал-мүлікке жауапты. Дархан інім екеуміз техникалардың жүруіне, жер өңдеу мен жемшөп жинау жұмыстырының басы-қасында боламыз. Еңбектен қол үзбеуді біз әкемізден үйрендік. Ол кісі де өте еңбекқор болатын. Негізінен мал-мүлікті әкеміз жинап, басын құрап беріп кетті. Біз осыны ары қарай дамытып жатырмыз. Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Шаруашылық жұмысын одан әрі дамыту. Мал басын көбейтіп, асылдандыруға бет бұрсақ дейміз,- дейді ол.
Байжановтар әулетінен тараған ұл-қыздар бүгінде бір-бір шаңырақтың иелері. Үлкен ұл Нұржан 1993 жылы Жамбыл ауданы Ерназар ауылының қызы Ханзада Айдапкеловамен шаңырақ көтерген. Бұл отбасы Құдайберген, Нұрсәт есімді екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкені Жамбыл медициналық колледжінде білім алып жатса, кенже ұл ауылдағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің 10 сыныбында оқиды.
«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген халық нақылында айтылғандай, бұл әулеттің ынтымақ-бірлігін ұйытуда, ағайынды азаматтар мен абысындар арасындағы татулықты нағайтуда өмір көрген ақ жаулықты апа-әжелеріміздің рөлі орасан. Осы ретте Байжановтар әулетінің ырысын арттыруға ақ жаулықты ана әулеттің алтын діңгегі, «Алтын алқа» алқасының иегері Күлпаш Байжанованың қосып отырған үлес зор. Күлпаш апа бүгінде Тараз қаласында немерелерін жоғары оқу орындарында оқытып, олардың тәрбиесіне атсалысуда екен. Апамен ұялы телефон арқылы сөйлестік. 68 жастағы кейуанадан балалары мен келіндерінің аяқалысы туралы сұрағанымызда, ол кісі ұл-қыздарына, немерелеріне, келіндеріне көңілі толатынын жеткізді.
-Ұл-қыздарыма, келіндеріме рақмет. Бәрі апалап тұрады. Алақандарына салып, аялап бағып отыр. Балаларды жеткізіп, құтты орындарына қондырдық. Ендігі кезекте немерелердің тәрбиесімен айналысып жатырмыз. Әжелік ақыл-кеңес жастарға артық етпейді. Өмірден көрген-түйгенімізді балаларыма, немерелеріме айтып кетсем деймін. Болашақ өмірлеріне керек болады. Құдай қуат берсе, еңбектен қол үзбейміз.
Тәуелсіздік – біздің қасиетті тұмарымыз. Тәуелсіздік біздің халқымызға көптеген игіліктерді сыйлады. Бұрын кеңестік кезеңде өкімет еңбегімізді бағалағанмен жеке шаруашылықпен айналысуға рұқсат бермейтін. Тек өкіметке жұмыс істедік. Қазір халқымыздың басына бостандық, қолына еркіндік тиді. Қазір қандай іспен айналысам десең де, өз еркіңде. Бизнеспен айналысасың ба, мал бағасың ба, оған біздің елде мүмкіндік көп. Осы тұрғыдан алып қарағанда тәуелсіздік біздің елге көптеген игіліктерді үйіп-төгіп берді. Ендігі мәселе – ата-бабаларымыз бен абзал аналарымыз алып берген тәуелсіздікті сақтап қалу. Елдіктің, егемендіктің туын төмен түсірмеу. Сонда ғана басымызға қонған бағымыз баянды болмақ,- деді Күлпаш апа өз сөзінде.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деп Әйтеке би бабамыз өсиет еткендей, бүгінде кең жайлауда ақтылы қой өргізіп, ірі қара мен жылқы малын көбейтумен айналысып, егемендіктің арқасында еңсе тіктеген «Аңсат» шаруа қожалығы ауылдық округтегі қайырымдылық шараларынан да тыс қалып көрген емес. Үш адамды жыл он екі ай тұрақты жұмыспен де қамтып отыр. Мұндай игілікті, қайырымды жұмыстар қашанда көпшілікке үлгі-өнеге. Тәуелсіздіктің тұғырын, егемендіктің ғұмырын еңбекпен есейіп, шаруашылығын шалқытып, іргесін берік ұстап отырған өнегелі, еңбекқор отбасылар ғана тұғырлы етпек…