Basty bet

«Жуалы-судың» арулары

Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жуалы-су» мекемесінде алты қыз-келіншек жұмыс істейді. Кәсіпорын жарғылық міндеттеріне сай аудан аумағындағы елдімекендерге ауызсу жеткізіп берумен, ауызсу бұрумен, кәріз жүйесі мен ауызсу құбырларына техникалық қызмет көрсетумен шұғылданады.

Бүгінде ауданның 14 ауылы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған десек, ауызсуды 4 845 ауланы қамтитын 21 904 адам тұтынып отыр. Мекеме қызметін 57 заңды тұлға, 77 жеке кәсіпкер пайдаланады.
Мекемедегі нәзік жандылар экономист, кассир, өтім жөніндегі шебер, бақылаушы, хатшы-референт, тазалықшы секілді жауапты қызметтер атқарады. Көпшілігі ұзақ жылдан бері жұмыс істеп, мекеменің дамуы мен өркендеуі жолында табанды еңбек етіп келеді.
Мәселен, экономист Нұрзия Айнабекованы алсақ, оның коммуналдық саладағы жалпы жұмыс өтілі 20 жылға жуық мерзімді құраса, мұнда мекеме құрылған сәттен бері жұмыс істейді.
Нұрзияның атқаратын басты міндеті – мекеменің негізгі қызметі бойынша жоспарлау жұмыстары. Ол дегеніміз барлық бюджеттік жоспарларды әзірлеу, мекемелермен шарттар жасау, атқарылып отырған жұмыстардың калькуляциясын әзірлеу, мекеменің жылдық жоспарларын құру және экономикалық талдау жасау, жұмыскерлердің штаттық кестесін, айлық жалақысын есептеу, жоспарлы экономикалық көрсеткіштердің орындалуын қадағалау, жоспарлы және есептік құжаттардың дайындалуына қатысу, мекеме қызметін пайдаланып отырған кәсіпорындар мен ұйымдардың еікжақты келісім-шарттардың заңға сәйкес орындалуын қадағалау.
Одан бөлек, Нұрзия негізгі қызмет бойынша тарифтік-сметалық құжаттарды дайындап, уәкілетті мемлекеттік органның тарифтік сметаларды бекітуіне ұсынады, атқарылған қызметке бекітілген тарифтер мен тұтынушыларды алдын ала БАҚ-та жариялап, өзгерістер болған жағдайда БАҚ-та дер кезінде хабарландыру береді, бюджеттік жоспарды бекітуге ұсынып, атқарылған қызметтердің актілерін жасайды.
Нұрзия Айнабекова 2014 жылы мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланды. Ол кәсіпорында еңбек заңнамаларының орындалуы мен ұжымдық шарт талаптарының, жұмыскерлердің еңбек құқығының сақталуын қадағалауда.
Рәбиға Рысбекова 2018 жылдың шілде айында кәсіпорынға бас есепші болып орналасты. 2019 жылдың мамыр айынан кассирлікке ауысты. Ол банктен келген қаражатты мекеменің кірісіне алып, тұтынушылардан пайдаланған қызметіне төлемақы қабылдайды, кассаның кіріс-шығыс есептерін дер кезінде орындауды қамтамасыз етеді. Су кіргізу, тұтынылған ауызсуға қолма-қол төлемақыны касса аппараты арқылы қабылдайды.
Мекеменің өтім жөніндегі шебері Қалбибі Итыманованың жұмыс өтілі 13 жылға жуықтайды. Ол жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, ұйымдар тұтынған ауызсудың төлемақыларын уақтылы төленуін қамтамасыз етеді. Әрі өтім бөлімінің бақылаушысы болып еңбек етеді. Қала берді көше-көшелерді аралап, есептегіш құралдардағы тұтынған судың көлемін тексереді. Бұл ретте оған қоғамдық ақылы негізде тағы бір бақылаушы Мөлдір Дүрімбетова көмек көрсетеді.
Ал Зағибайда Сатыбалдиева он жылдан астам техникалық жұмыскер, яғни еден тазалаушы болып еңбек етеді.
– Кәсіпорынның атқаратын жұмыстарының барлығы дерлік ер азаматтарға тән болғанымен, мекеменің тылы, яғни кеңседегі шаруалар, есеп-қисаптар, жоспарлы қызметтердің орындалуын бақылау қыз-келіншектерге жүктелгенін айтқан ләзім. Олар атқаратын жұмыстың маңызы ер азаматтардан бір де кем емес. Әрқайсысының өздері атқаратын жауапты міндеттері бар, – дейді мекеме басшысы Қуанышбек Болысбаев.
Халықаралық әйелдер мерекесі күні қарсаңында кәсіпорын басшылығы ер азаматтармен иық тірестіре жұмыс істеп, жүрген ортасын қуанышқа бөлеп, мерекеге айналдырып жүрген қыз-келіншектерді қабылдап, терең құрмет пен шынайы алғыс сезімдерін білдірді. Сый-сияпат ретінде әрқайсысына көздің жауын алар бір шоқ райхан гүлін ұсынды.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close