Basty bet
Интернет желісі қашан қолжетімді болады?
Елімізде ауыл-аймақтарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруды көздейтін “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы іске асырылып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды.
Алайда, басқа ауылдарды айтпағанда, аудан орталығының өзінде кең жолақты Интернетке қолжетімділік бір ғана «Қазақтелеком» АҚ-ның оптикалық-талшықты желісіне, соның ішінде телефон нөміріне байланған желіге тәуелді болып отыр.
Осы ретте редакциямызға хабарласып, «Қазақтелеком» АҚ жергілікті торабының жұмысына қатысты өкпе-ренішін білдіретін азаматтар аз емес. Соның бірі – Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Мейрамбек Сәулембеков.
– 2018 жылдың басында «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық өндірістік торабына өзім тұратын Бауыржан Момышұлы ауылындағы әл-Фараби көшесі, 16/1 үйге интернет желісін орнатып беру туралы өтініш берген едім. Өтінішімді мекеменің бірінші қабатында қабылдап алды. Арада, бірнеше ай өткенде, тапсырысым орындала қоймағаннан кейін осында қайта келуіме тура келді.
Мекеме басшысы Нүркен Оңдасыновтың қабылдауында болғанымда, ол маған қазіргі жағдайда жеке тұрғын үйлерді Интернет желісіне қосу екілік телефон нөмірлерінің болмауына байланысты мүмкін болмай отырғанын, дегенмен бұл мәселені әлдебір себептермен ауылдан басқа жаққа көшетін туыстарымның немесе таныстарымның босаған телефон нөмірлерін өз мекенжайыма тіркету арқылы шешуге болатынын айтты.
Міне, содан бері үш жылға жуық уақыт өтті. «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, «Қазақтелеком» мекемесі жақтан «Сізге Интернет желісін орнату мәселесімен келіп едіңіз, бізде босаған нөмір бар» деген бір пенде жоқ.
Өткен жылы елімізде коронавирустық пандемияның белең алуына байланысты мектепте сабақ процесі әуелі ішінара, жаңа оқу жылында жаппай онлайн оқу пішіміне көшірілді.
Менің қолымда мұғалім екі қызым мен екі оқушы немерем тұрады. Үйде Интернет желісінің болмауына байланысты олар сабаққа дайындалуда қиындықтарды бастан өткізіп жүр. Олардың қалта телефонындағы ұялы байланыс операторлары беретін Интернетке қолжетімділік көлемі көпке жетпейді. Әрі десе, елдің бәрі жаппай қолданған кезде жылдамдығы шектеле береді.
Тек оқушылар мен ұстаздарды ғана емес, ата-аналарды да толғандырып отырған осы проблема қашан шешімін табады? Айтпақшы, аудандағы «Қазақтелеком» мекемесінің басшысы Нүркен Оңдасыновқа барғанымда, оның бұл мәселені жоғарыдан шешілетінін айтты. Ақпарат көздерінен жақында «елімізде «Цифрлық Қазақстан» деген бағдарлама іске асырылып жатыр, таяу жылдары елдімекендердің басым көпшілігін кең жолақты Интернет байланысымен қамтылатын болады» деген хабарды көзім шалып қалды. Алайда, бізге, жуалылықтарға бұл бағдарламаның игілігін көретін күн алыс сияқты, – дейді Мейрамбек ақсақал.
Р.S. Мұны тек бір ғана тұрғынның ғана емес, көптеген ата-аналар мен ұстаздардың жанайқайы деп қабылдаған жөн. Сондықтан, Интернет желісін орнатуға жауапты мекеме «Қазақтелеком» АҚ аудандық өндірістік торабы бұл өтінішті қабыл алады, алдағы уақытта ауданда кең жолақты Интернет желісін кеңейтумен шұғылданады, ол үшін сымды байланыс сыйымдылығын арттырады деп сенеміз.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»