Basty bet

Түсіндіру жұмысын ширату қажет

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Оған комиссия мүшелерімен қатар аудандық прокуратураның аға прокуроры Елдос Ахметов, аудандық полиция бөлімінің жауапты қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші және екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова баяндама жасады. Назиля Мәдібекқызы Жуалы ауданында баланың құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі атқарылған және атқарылатын жұмыстардың есебін талқылау туралы баяндамасында бірнеше мәселеге тоқталды. Яғни, кәмелет жасқа толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, аутодеструктивті мінез-құлық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Комиссия төрағасы Ернұр Маратұлы жас ұрпақ тәрбиесі – қоғамға ортақ маңызды мәселе, сондықтан мектеп директорлары, ауыл әкімі, мектеп инспекторы болып бірлесіп жұмыс істеу керектігін ескертті. Аға прокурор Елдос Әуезұлы мектептерге бекітілген мектеп инспекторларына арнайы кабинет бөлініп, олар жүйелі түрде кабинетте отырып, жұмыс істесе, жұмыс нәтижелі болар еді деген ұсынысын жеткізді.
Ауданда кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу және қылмыстарды талдау бойынша қабылданған шаралар туралы аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы Самат Дүйсебеков баяндама жасады.
Баяндамашының мәлімдеуінше 2019 жылдың сегіз айында түнгі сағат 23:00-ден кейін, яғни ата-анасының қадағалауынсыз түнгі мезгілде көшеде жүрген кәмелет жасқа толмағандар 126 болса, биыл сегіз айда 145 жағдай тіркелген. Ал құқықбұзушылық өткен жылы екі жағдай болса, биыл бір жағдай тіркелген.
Комиссия төрағасы Ернұр Маратұлы биыл елімізде жүріп жатқан індетке байланысты шектеу шараларына қарамастан түн мезгілінде көшеде жүрген жасөспірімдердің көп болуы жұмысты ширату керектігін білдіретіндігін айтты. Қысқасы, жауапты мекемелер түсіндіру, қадағалау жұмыстарын мықтап қолға алу қажеттігін ескертті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close