Basty bet

Кісілікті сақтап қалайық

Қадірлі ағайын, қиындықта бір-бірімізге сүйеу болайық. Бұл күнде «COVID-19» атты жаман дерттің әлемді шарпуы – адамзатты қатты үрейлендіріп отырғаны шындық. Адам баласына бір мезгілде келген жұқпалы жаман кесел алып деген Жердің тым алып емес екенін, адам баласы бір-бірінен қашықта емес, өте жақын екенін дәлелдеп берді.

Бүгін кез келген адам тек өзін, өз елін ғана ойламайды, Әлемді, күллі адамзатты уайымдайды, тілеулес болады. Қиындықтың адам жүйкесіне де қатты әсері болатындығын көріп те, сезініп те жатырмыз. Бірақ күйгелектікке салына берсек, одан пайда таппаймыз. Сабырға келгеніміз дұрыс. Жаман дертке байланысты төтенше жағдай, «үйден шықпаңыз» деген ескертулер кім үшін? Біле білсеңіз, біздің әрқайсымыз үшін. Амандығымыз үшін, болашақ жарық күніміз бен бақытымыз үшін. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «COVID-19»-ға байланысты халқына жолдауы – ақ тілегі, жанашырлығы емес пе? Қай заманнан дана халқымыз: «Ата-ананың балаға тілегі, бауырдың бауырға тілегі, патшаның халқына тілегі қабыл болады» деген. «Кімнің кім екенін басыңа іс түскенде білесің» деп те бабаларымыз айтқан. Көңілде алаң болып, тіршілік реті бұзылып, кәсібі тоқтап, балалардың қашықтықтан оқуы қиындап, жүйкесі шаршап отырған жұртын қолдаудың орнына кейбір уайымы өз басынан аспаған, елін шет елден бақылап, қашықтықтан өсек-ғайбатпен ластаған, азамат деуге аузымыз бармайтын жандар халқымыздың уайымына уайым, дертіне дерт қосу үшін небір өсектерді қарша боратып жатыр. Сондай жандарға «Шырағым, сенің де азаматтығың сыналар осы тұс. Елге жанашыр болсаң, қаптап алып кеткен қаражатыңмен жарылқа, сен де бер, сенің байлығың да елдің байлығың болатын» деп, айтпаймыз ба? Өсек пен от үрлегіштердің дәл қазір бізге пайдасы жоқ, ағайын.
Біздің халқымыз басынан небір қиындықтарды өткерген, ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз Ұлы Отан соғысы кезінде азаматтарын, балаларын қанды майданға жіберіп, қара қағаз алып қара жамылып отырған күндерде де ертеңгі күннен үміт күтіп, бірін-бірі жұбатып, жарты нанын бөліп жеп, шүкірлік еткен, жақсылықтан үміт еткен. «Адамның күні бар ма сыналмаған, Бақ тайса, мал менен бас құралмаған. Күніне тоқсан түрлі пәле көрсең, Сонда да күдер үзбе бір Алладан!» деп жылап жүріп, ән салып жүретін. Рухын жоғалтпаудың, ертеңгі күнге сенімін жоғалтпаудың арқасында, мың өліп мың тірілсек те ұлт болып қалдық, бабалар аңсаған Тәуелсіз Ел болдық. Жиырма бес жылда елдік белгімізді өзге жұртқа танытып, бейбіт ғұмыр кешіп, жаһан көшіне ілестік. Барымызды бағалай білейік бақ қонсын десек. Әжелеріміз: «Алла жылағанға жас берем, сұрағанда бас берем деген» шырағым, жыламаңдар деп отырмаушы ма еді.
Мұндай жұқпалы дерттер бұрындары да болған екен. Абайдың заманында 1895 жылы Семей қаласында оба жұқпалы дертінен көп адам көз жұмады. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Абайдың сол кездегі азаматтық, туған халқына жанашырлық сезімін тамаша суреттейді. Оқып көрсек, Абай сол сөздерін екі ғасыр бұрын емес, дәл қазір айтып тұрғандай. « Абай өзін молда, қазірет дағдысынан бөлек ұстады. Ол өзі ашық, білім қасиетіне сүйенген адам боп ашыла бастады. Сол себепті тазалықты қатты айтты. Әрдайым қолды ыстық сумен жуғанды дұрыс дейді. Тек қатты қайнаған ас, қатты қыздырып қуырып берген тамақты ғана жеу дұрыс екенін айтады…. Қиын күнде халық қамынан бұрын өзара керіс-кейіс жасаулары лайықсыз. Халыққа жаны ашитын адамдай істейтін іс, мінез олай емес. Халыққа «сақтан» дейтін адамдарды айыпкер ету – өте өрескел, өзімшілдік, қыңырлық. Ондай жандардың өзін айыптаса жұрт жазықты емес. «Сақтан» деуші әрқашан қастық ойлаушы емес, қамын жеуші екенін ұмытпау керек! (М.Әуезов «Абай жолы» 2-кітап, «Жазушы» баспасы, 1989 ж. 340-бет)» Екі ғасыр өткенде, яғни бүгінде, халық сауатты, бақуатты емес пе?
Жағдайы жоқ деген жетім-жесірлерге, қария кісілерге, жұмысынан, күнкөрісінен қол үзіп қалған жандарға үкімет тарапынан, жеке кәсіпкерлерден көмек көрсетіліп жатыр. Әрине, бәрі бірден жақсы бола қоймас, көптің тірлігі болған соң кемшіліктер де болып жатар. Оның үстіне карантин жағдайында адамдардың басын қосып, жұмылдыру да оңай шаруа емес.
Еліміздің көптеген қалаларында, аудан орталықтарында ауру жұқтырғандар саны артып отыр, оған қоса дәрігерлердің де жұқпалы дертті жұқтырғаны да айтылды. Қаза болғандар да жоқ емес. Ауырып қалған ағайындарымызға Алладан шипа, дәрігерлерден жәрдем тілейік, «ауырып тұрдым, аунап тұрдым» деп, құлантаза айығып, ортамызға келсін, қатарымызды сиретпесін» деп, шын жүректен тілек жолдайық.
Біз миллиардтаған немесе жүз миллиондаған халық емеспіз, біз өте аз халықпыз. Сол үшін сақтық бізге жүз есе керек. Соны ұмытпайық. Рухымыз сынбасын, пейілі дарқан, ниеті түзу ел едік қой, сол жақсы қасиетімізден айырылмайық. Дана Абай 34-қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?» дегеніндей, бір-бірімізді дос тұтып, шын тілеулес болсақ, алынбайтын қамал, жеңілмейтін қиындық, жазылмайтын дерт болмайды.
Тағы бір сөзді шәкірттерге арнағым келеді. Айналайын, балалар, жастар, Сіздер біздің жүрегіміздің қуаты, қайраты, күші екендеріңді біліңдер. Білім алуда, қашықтықтан оқытуда қиындықтар болып жатқаны белгілі. Мен де оқытушымын. Шынын айтқанда, мұғалімдерге де оңай болып жатқан жоқ. Әсіресе, ауылдық жердегі оқушылар мен мұғалімдер үшін. Бірақ, айналайындар, бұл да өтеді. Соншама қатты назаланбаңдар, қолда болмай қалған компьютер үшін, телефон үшін, интернет үшін күйінбеңдер. Сабыр сақтаңдар. Соңғы тоқсандағы алынбай қалған білім алынады, берілмей қалған білім беріледі. Ең бастысы, аман болыңдар.
Қымбатты шәкірттер, сендерге айтар бір құпия: өзбетіңше оқып, ізденіп білім алу – өте пайдалы. Талай-талай ұлы ғалымдар солай жасаған. Биылғы жылы 175 жылдық мерейтойы атап өтілетін ұлы ақын Абай үш-ақ жыл мұғалімнен дәріс алды. Қалған білімді өзі ізденіп, көп кітаптар оқып, орыс, араб, парсы, түрік, татар, т.б. тілдерін де жақсы үйренді. Орыстың ұлы ақын-жазушыларының шығармаларын керемет етіп, қазақ тіліне аударды. Мектептен де, университеттен де егер өздерің ынталанбасаңдар, еңбек етпесеңдер жақсы білім ала алмайсыңдар. Сондықтан, аз күндік қиындыққа мойынұсынбай, өздеріңді тұлға ретінде дамытуға күш салыңдар. Бірінші отбасыңа, үлкен кісілерге, сонан соң ағайын-туыстарға, достарыңа қол ұшын беріп, білімдеріңмен бөлісіп, жүрек жылуын сыйлаңдар.
Қымбатты ағайын, кісілігімізден айырылмайық, бұл да өтеді.

Гүлтас Құрманбай,
Назарбаев Университетінің профессоры

Таңдаулы материалдар

Close