Basty bet

«Ішкі мәдениетімізді көтермей нәтижеге жетпейміз»

дейді Равиль Қуанышұлы

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының ІІІ тоқсандағы отырысы өтті.
Комиссияның 2019 жылдың басынан бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстары бойынша өткізілген жиналысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, департамент қызметінің тергеушісі Батыржан Шамгунов, аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының мүшелері, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары, ауылдық округ әкімдері мен мемлекеттік мекеме басшылары қатасты.
Отырысты аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды. Нарбай Әбілқасымұлы сөз кезегін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметінің тергеушісі Батыржан Нұрланұлына берді. Тергеуші қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде хабарлама жасады.
Сонымен бірге аудан әкімдігінің білім бөілімінің басшысы Мәжит Айжанов және Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне бағытталған жұмыстардың 2019 жылдың 8 айында орындалуы туралы хабарлама жасады. Олар мекемеде ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясына және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңына сәйкес жасалған жоспар, жоспар аясында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық тәлім-тәрбие, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға тоқталды.
Хабарламашыларға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев сұрақтар қойып, өз ұсынысын жеткізді.
-Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары тек жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, еңбексүйгіштік, адалдық қасиеттерін сіңіру арқылы ғана нәтижелі болады. Ол үшін біз әрқайсымыз өзіміз іс-әрекетіміз, сөйлеген сөзіміз арқылы жастарға үлгі бола білуіміз керек. Еңбексүйгіштік мектептегі еңбек пәнінен бастау алады. Сондықтан бұл жәй пән емес. Еңбек сабағында мұғалім балаларға не үйретіп жатыр? Оған мән беруіміз керек. Еңбек сабағы арқылы балалардың еңбекке деген сүйіспеншілігін оята білуіміз қажет. Шынайы еңбекпен ғана баянды бақытқа жетуге болады.
Мектеп қабырғасында балаларға тек білім беріп қана қоймай, өнерге, мәдениетке де баулуымыз қажет. Ішкі мәдениеті мықты ұрпақтың болашағы зор.
Қазір қоғамдағы ең үлкен проблеманың бірі – немқұрайдылық. Яғни, бүгінде адамдар өз денсаулығына, балаларының тәрбиесіне, жұмысына, қоғамда болып жатқан жағдайларға, барлығына немқұрайдылықпен қарайды. Бұлай жалғаса берсе, соңы жақсылыққа апармайды.
Еліміздің болашағын ойласақ, сана-сезімімізді оятайық, бала тәрбиесін мықтап қолға алайық. Әрқайсымыз өз жұмысымызды жанашырлықпен, жауапкершілікпен атқарайық.
Іс-шаралардың санына емес, тиімділігіне, нәтижесіне мән беруіміз керек,- деді Равиль Қуанышұлы.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы қорытындылады.

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close