Basty bet

Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы

Туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік отбасынан бастау алатыны белгілі. Өйткені, қазақ даналығында «Отан отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Яғни, туған жері мен Отаны бар азамат өз ұлтының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне арқа сүйеп қалыптасады.

Қазақтың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген сарабдал ойы мен сараланған сөздерінің астарында әрбір жанұядағы өнегелі тәрбиеленген ұрпақ ертеңгі күні елі үшін қызмет ететіндігі жатыр. Осындай мақсатта бес балаға өнегелі тәрбие беріп отырған Әсемовтар отбасы Қайрат ауылының үлгілі жанұясының бірі.
«Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ» демекші, Әсемовтар отбасының отағасы Мұхамеджан Тұрсынбайұлы осы ауылдың тумасы. Ауылдағы Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Жамбылдағы гидромелиорациялық-құрылыс институтының инженер-гидротехник мамандығының иегері. Оның алғаш еңбек жолы «Кеңдала LTD» фирмасында менеджер болып басталып, Алматы қаласындағы «Тау-Билд» фирмасында жалғасады. Ал, 2008 жылдан бастап туған жеріне келіп «Ақсай-Су» шаруашылығы мекемесіне гидротехник болып жұмысқа орналасып, бүгінде күні директордың орынбасары болып абыройлы қызмет етуде.
Ал, отанасы Сабира Әлмаханқызы Бурыл ауылында мұғалімдер отбасында дүниеген келген. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» демекші, Сабира Әлмаханқызы ата-анасынан алған тәрбиесінен кейін өмір жолын ұстаздықпен байланыстырады, яғни мамандығы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда аудан орталығындағы іргелі білім ошағының бірі №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында балаларды білім нәрімен сусындатуда.
-Әкем Күреңбел ауылындағы бұрынғы Чапаев колхозында басшы болып жұмыс істеген. Әкемнің адамгершілігі мен азаматтығы өз алдына бір төбе. Ортасына сыйлы, абыройлы, адал азамат болған деседі әкемнің көзін көргендер. Әкем мен үш жаста болғанда дүниеден озған. 41 жыл өмір сүрсе де артынан өнегелі із қалдырды. «Әкенің жақсылығы балаға мың жылдық азық» дейді қазақ даналары. Міне, әкеміздің бойындағы жақсы қасиеттері бізге де дарып, оның салған дара жолымен жүріп келеміз. Әкеңнің өзі өлсе де, көзі көргендер өлмейді екен. Себебі, әкеммен замандас, әріптес, таныс болған жандар тегімізді естіп, жақсының ұрпағы деп амандық-саулық сұрасып жатады.
Жастайынан ер азаматынан айырылған анам Роза Жапарбайқызы өте еңбекқор болатын. Ол өмірдің қиындығын мен сынағына шыдамдылық танытып, ұрпағын саналы етіп тәрбиеледі. Бір өзі әкемнің артында қалған сегіз перзентін аяқтандырып азамат етті. Бес қыз, үш ұлды жоғары оқу орнына түсіріп, мамандық иесі атандырды. Біздің осындай дәрежеге жетуіміз анамыздың еңбегінің жемісі. Анам балаларына өмірден озғанша қабағын шытып, ауыр сөзін айтып көрмеген. Бәрін ақылмен шешіп түсіндіруді жөн санайтын. Өз таңдауларына ерік берді. Содан болар бауырларым әр саланың үздігі, маманы атанып отыр.
Анам балаларына өмірбақи «ел үшін, халық үшін еңбек етіңдер. Көмек сұраған жанға шама-шарқыларың келгенше көмек қолын созыңдар. Өйткені оның күні сендерге қарап тұрған соң сендерге көмек сұрап келіп отыр. Қайырымды, адал азамат болыңдар. Қандай іс болса да шын көңілмен кірісіп, үйренуден жалықпаңдар, артықшылық етпейді. Ең бастысы – адамшылықтан айнымаңдар» деп ақылын айтып отыратын. Осындай өнегелі сөздерімен анамыз ел анасы атанды.
Ана үшін баласынан қымбат адам жоқ. Ал, бала үшін ата-анасынан артық ардақ тұтар жаны жоқ. Әкеміздің жақсы қасиеті мен анамыздың берген тәрбиесі бізге өмірбақи азық. Ортасына сыйы бар, айтар ақылы бар анамыз 79 жасында немер, шөбере сүйіп өмірден озды. Артында ұрпағына үлгі болар өнегелі өмірі мен сөзін қалдырды, – дейді Мұхамеджан Тұрсынбайұлы.
Анасын ардақтаған ол перзенттерін еңбекке баулуды бала тәрбиесіндегі отбасының басты ұстанымы санайды. Балаларын тура жолда адал еңбек етуге, пайдалы іспен, өзіне жақын жұмыспен айналысуға үйретеді. Мектеп жасындағы ұлдары Әбубәкір, Омар, Нұриманды қасына алып, техниканың тілін меңгеруге баулиды. Қандай іс бастаса да балалары соны үйренсін деп ұлдарын үнемі жанынан тастамайды.
Ал, 9 сыныпта оқитын қызы Балнұр анасының қолғабысы. Кенже ұлдары Алиасқар отбасының еркесі.
Отбасының берекесі мен бірлігін сақтап отырған аяулы жары бала тәрбиесіне аса мән береді. Балалары әкесінің игі істерін үлгі тұтып, жақсы азамат болып қалыптасу үшін аналық ақылын айтып тәрбиелейді.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, Қайрат ауылының тұрғындары Мұхамеджан Тұрсынбайұлын туған жеріне жанашыр азаматтың бірі санайды. Оны талай жақсы істердің бастамашысы, ұйымдастырушысы ретінде біледі.Ауыл тұрғыны Жеңісбек Сейітбеков: «Мұхамеджан ағамыз байсалды, сабырлы жан. Өзі үшін ғана емес, ауылы үшін де қызмет ететін азамат. Оның бастамасымен талай істер жүзеге асты. Қайрат ауылының жастарының ауызбіршілігі мен ынтымағы берік орнады» дейді. Ал, Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бақытжан Мұхтарқұлов: «Ол ауылдың өсіп-өркендеуі, дамуы үшін сүбелі үлесін қосып отарған азамат. Әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Отбасында қамқор жар, әке болса, қоғамда жастардың басын біріктіруші. Ауылдың үлгілі қарапайым әрі көпбалалы отбасы» деп жақсы пікірімен бөлісті.
Бізге Қайрат ауылының жастары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жақсы істердің жаршысы болып жүргендері аян. Олардың күшімен небәрі сегіз айдың ішінде көптен күткен тұрғындардың тілегі орындалып, зәулім мешіт соғылды. Ескі мешіт жастарды спортқа баулу мақсатында спорт мектебі ретінде жабдықталып ашылды. Қазақтың игі дәстүрі асар дәстүрі жаңғыртылып, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Талдықорған қаласындағы Байтананың әкесі Садыбай батырға кесене орнатылды. Қазіргі таңда ауылдағы спорт мектебінде Руслан Тоқбаев, Аслан Жапарқұлов, Ғабиден Елшібаев сынды жас мамандар балаларды спорттың қазақша күрес, дзюдо, бокс түрлерімен жаттықтыруда. Жаңадан бой көтерген мешітте бес уақыт намаз оқылып, құдайы тамақтар берілуде. Міне, ауылдағы ауқымды тірліктердің басы-қасында бастамашы ретінде Мұхамеджан Тұрсынбайұлы жастармен бірге жүрді. Әлі талай ауыл үшін жасалатын, атқарылатын жұмыстарды тындырып, тұрғындардың игілігіне беретініне дүйім жұрт сеніп отыр. Мұны біз онымен сұхбат барысында аңғарып, отбасына ғана емес ауылы үшін де тынымсыз еңбек ететініне көзіміз жетті.
-Ауыл жастарының бірігіп, туған жерлерінің дамуы мен өркендеуіне үлес қосуы 2008 жылдан басталды. Қайраттық жастардың жыл-жылға бөлініп, қаржы жиналуынан ауылда біраз тірліктер атқарылды. Біз ауыл жастары келешек ұрпаққа жағдай жасауымыз керек. Балалар – біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Біздің кезімізде аға буын өкілдері артынан ерген інілеріне мұндай жағдай жасай алмады. Ал, қазір өскелең ұрпаққа біздің береріміз көп. Тек оны жасай алуымыз қажет. Ертеңгі күні оларға өкпеміз болмауы үшін қазір жағдайларын жасап берсек, кейін жемісін көреміз. Балаларымыз иманды, дені сау, спортқа жақын болса, мәдениетті ұлт азаматы болып қалыптасары сөзсіз. Міне, жастармен басқосқан кезде осындай құнды дүниелер айтылады. Үлкенді-кіші ой-пікірлерін ортаға салып, ауылдағы атқарылар жұмыстар талқыланады.
Ауыл жастарымен және қарияларымен ақылдаса келе, ескі мешіттің жанындағы бос тұрған жер сатып алынды. Енді алдағы уақытта сол жерге спорт кешенін салу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауылдың зекет қорын ашсақ деген ойымыз бар. Қорға қаржы жинап, көмекке мұқтаж азаматтарға қайырымдылық жасалып, кәсіп ашамын деуші жастарға демеуші болып, сонымен қатар, ауылдың ішіндегі жылына 1-2 адамнан қажылыққа жіберу мақсатында қор құру ниетіміз бар. Ауылда барынша жастарды тұрақтандырғымыз келеді. Елді мекенді ұлттық құндылықтар сақталған, өркениетке құлаш сермеген «Үлгілі ауыл» атандыру басты мақсатымыз,-дейді ол өз сөзінде.
Тынымсыз тіршіліктің басы-қасында жүрген ол «Нұр-Әсем» шаруа қожалығын құрып, өңірдің ауыл шаруашылығын саласының дамуына үлесін қосуда. Шаруа қожалықтың иелігінде 60-70 гектардай жер және бірнеше техникалары бар. Иеліктегі жерлеріне мал азығына керекті арпа, бидай сеуіп, көпжылдық шөп егіп, оны жыл сайын жинап алуда.
Әсемовтар жанұясының ерекшелігі де бір-бірімен үйлесім тауып, бір-бірін толықтырып тұруында. Өйткені, үйлесім тапқан отбасында тыныштық пен жылулық, өзара сыйластық, ынтымақ, бақыт орнайды. Отағасы тек отбасы үшін емес, қоғам, туған жері үшін қызмет ететін азамат болса, отанасы еліміздің ертеңі болашақ ұрпақты тәрбиелеуші жан. Міне, осындай өнегелі отбасында тәрбиеленген ұрпақ еліміздің тұтқасын ұстап, азамат болып қалыптасатынына сенім мол.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close