Basty bet

Жеңімпаздарды марапаттады

Ұлттық Дельфий ойындары біраз жылдан бері еліміздің әр өңірінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Дельфийлік ойындардың басты мақсаты – дарынды жастарды өнерге баулу, олардың шығармашылық, орындаушылық қабілеттерін одан әрі шыңдау, рухани, адами құндылықтарды қалыптастыру, зиялылыққа тәрбиелеу болып табылатыны белгілі. Осы ретте ауданда ХV Дельфийлік ойындары бірқатар өнер түрлері бойынша өткізіліп, талантты жастарды анықтап, одан озып шыққандары облыстық ойындарға жолдама алған болатын.
Облыс орталығы – Тараз қаласында өткізілген облыстық делфийлік ойындарына біздің ауданнан барлығы 24 жас қатысып, бақтарын сынады. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, өнер мен шеберлік сынға қатар түскен байқау барысында бейнелеу өнері номинациясы бойынша №1 Балалар өнер мектебінің оқушысы Нұржігіт Орынбеков, қолөнер аталымымен №16 Жуалы колледжінің «электр-монтер» мамандығының ІІ курс білімгері Нұртас Сырғабай, сонымен бірге №1 Балалар өнер мектебінің оқушыларынан құралған «Шабыт» театры, бейнелеу өнері бойынша Амангелді атындағы орта мектептің оқушысы Әйгерім Сабырбай үздік үштіктен көрінді. Аталған өнерпаздар алдағы тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Ұлттық Дельфий ойындарына жолдама алғанын да баса айтқымыз келеді.
Ауданға олжа салған осынау өнерлі оқушыларды жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы қабылдап, алдағы үлкен сыннан сүрінбей өтулеріне сәттілік тіледі.
– Қасиетті Жуалы ауданы ежелден-ақ даңқты тұлғаларымен, талантты да дарынды азаматтарымен аты әлемге мәшһүр. Сіздер де ауданымыздың атынан облыстық жарысқа қатысып, жеңімпаз атанып отырсыздар. Бұл – аудан үшін де, өздеріңіз үшін де үлкен мақтаныш. Осы жетістіктеріңізді әрі қарай жалғастырып, шығармашылық пен шеберліктеріңізді шыңдай беріңіздер. Сіздердің осынау жарқын жетістіктеріңіз басқа жастарға үлгі болады деп сенемін. Келешектеріңіз жарқын болып, ойға алған істеріңіз орындала берулеріне шын жүректен тілектеспін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Осылай деген аудан әкімі облыстық дельфийлік ойындарының жеңімпаздарына сый-сияпат табыстады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close