Basty bet
АДАМДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ – БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ!
«Кәрі құдаң ышқынып, әлек салды» демекші, өткен аптада, дәлірек айтқанда, 22-23 қаңтар аралығында Жуалы ауданы Батыс Қытай – Батыс Еуропа» республикалық және «Б.Момышұлы-Қошқарата» бағытындағы облыстық мәндегі автожолы қарлы боранның салдарынан жабылып, көлік қатынасы толықтай тоқтаған болатын.
Қатты боранның салдарынан Алматы-Ташкент тасжолы және Б.Момышұлы–Қошқарата тас жолының бойында қар құрсауында қалып қойғандар туралы бірнеше тұрғыннан хабар түсті. Жуалы аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің және Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Трэкол-39294 және УАЗ-390-995 автокөлігімен, төтенше жағдай ошағына жол тартты. Біраз уақыттан соң жолда қалған 59 жолаушыға көмек көрсетіліп, Шақпақата ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді.
Төтенше жағдай кезінде жедел жәрдем автокөлігі Ертай ауылына жете алмай қалған. Боран күні Ертай ауылы Ертай көшесі №14 үйдің тұрғыны Жанар Бекжанова деген жүкті әйелдің жағдайы нашарлап жатқаны туралы хабар түскен. Төтенше жағдай қызметкерлері демін басып үлгерместен, қарлы боранмен арпалысып аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің Трэкол-39294 автокөлігімен құрамында екі қызметкер оқиға орнына шығып, жедел жәрдем қызметкерлерімен бірігіп ауыр халдегі жүкті әйелді аудандық орталық ауруханаға жедел жеткізді.
Аталған күндері Тараз қаласынан бір дана вахтовка автокөлігімен құрамында Жамбыл облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы О.Такиев және Жамбыл облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ»ММ-нің КӨСҚ ӨСЖ көмекшісі Н.Жапашов бастаған топ ауданға көмекке келді. Аталған күндері 66 жолаушы, оның ішінде 2 бала, 14 автокөлік құтқарылды.
2021 жылдың 20 қаңтар күнгі «Казгидромет» РМК филиалының мәліметі бойынша аудан тұрғындарының ұялы телефондарына «112» нөмірінен оңтүстік-батыстан 30 м/с дейін желдің күшеюі күтілуде деген ескертпе хабарлама жіберілген болатын. «Боранды күні ит пен бала құтырады» демекші, тұрғындардың шұғыл хабарламаға немқұрайдылықпен қарағандықтан төтенше жағдайлар орын алуда.
Құрметті аудан тұрғындары! Ұялы телефондарыңызға «112» нөмірінен хабарлама келген жағдайда оған жауапкершілікпен қарап, боранды күндерде жол сапарларға шықпауларыңызды сұраймыз.
Ескерту: Жолға шыққан жағдайда, өздеріңізбен бірге күрек, темір арқан (тросс), дәрі-дәрмек қобдишасы бірге болуы тиіс екендігін ескертеміз!
Боранды күндері қар құрсауына тұрып қалған жағдайда, «112», «101», жүйесіне және Б.Момышұлы ауылы 2-04-89, 2-13-84. Көлтоған ауылы 5-00-30 нөмірлеріне телефон шалыңыздар.
Берік КАИПОВ,
аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі
бастығының орынбасары,
азаматтық
қорғау капитаны.
Бақтияр Мағыртай,
аудандық ТЖ бөлімінің
аға инженері,
азаматтық қорғау
аға лейтенанты