Basty bet
«Артық білім – кітапта…»
Халықаралық кеңестің шешімімен 1956 жылдан бастап дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай 2 сәуір – Балалар кітабы күні болып жарияланған болатын. Осы орайда аудандағы «Білімді ұрпақ» оқу орталығының директоры Нүрилә Мәлібекованың қолдауымен балалардың кітап оқуға деген ынтасын және үлкен өмірге қадам басқан сәтте өз сара жолын салуға, өзіндік пікір мен ұшқыр ой қалыптастыруына бейімдеу мақсатында мектеп оқушылары арасында «Менің сүйікті кітабым атты» атты онлайн эссе байқауы жарияланған болатын. Аталған байқауға аудан мектептерінен 1-7 сынып аралығындағы мектеп оқушылары белсенді қатысып, өздерінің қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Эссе жазуда қойылған біздің басты талабымыз – өзі оқыған кітабынан бойына сіңірген жақсы қасиеттерді көркем сөзбен бейнелеп, сондай-ақ, кітаптың тақырыбын мазмұнына сай аша білу болатын. Байқау қорытындысында аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның 3 сынып оқушысы Әсет Лесбек үздік деп танылып, І орынды иеленді. Жетекшісі – Гүлбану Нысанбекова. ІІ орынға Жансұлу Қаржаубаева ие болды. Жетекшісі Инабат Оңғалбаева. Ал ІІІ орынның жүлдесіне Жансая Мұңал лайық деп танылды. Оқушыларды ынталандыру мақсатында оларға сыйлықтар табысталды.
«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген өзбек халқының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаидың сөзі бар. Ғасырлар, жылдар алмасып өткенімен, сонымен бірге, жаңашылдыққа бет бұрсақ та кітаптың орнын ешнәрсе алмастыра алмасы анық.
Ақмарал Рахметова,
«Білімді ұрпақ» оқу орталығы директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары