Basty bet

Санитарлық талаптар күшейтілуІ керек

Әлем елдерін әбігерге салған коронавирус инфекциясының әл-әзір ауыздықталар түрі көрінбейді. Оған бірден  бір себеп – карантин талаптарының сақталмауы. Сонымен қатар, вакцинациялау жұмыстарының баяу жүргізілуі де індеттің таралуына жол ашып жатқандай. Салғырттықтың салдарынан сырқаттану көрсеткіші  артып, басқа өңірлермен қатар, біздің облысымыз да «сары аймаққа» енді. Ахуалдың оңалуы
үшін қайтпек керек? Әрине, карантин талаптарын қатаң сақтап, вакцинациялауға белсенді қатысу қажет. Өйткені, бүгінде індетті жұқтырушылар көбейіп, өңіріміздегі эпидахуал мәз болмай тұр.

Коронавирус инфекциясының өршіп бара жатқаны баршамызды алаңдатады. Осы ретте, аудандағы мониторингтік топ мүшелері тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді күшейтті. Мәселен, өткен жұмада аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы бастаған мониторингтік топ бірнеше білім ошақтары мен әлеуметтік нысандарды аралады.
Мониторингтік топтың жұмысы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиядан басталды. Мектеп директоры Эльмира Әбішева топ мүшелеріне білім ошағындағы карантин талаптарының сақталуы жайында баяндады. Ол мектепке кіреберісте дезинфекциялық туннель орнатылып, кілемшелер төселгенін жеткізді.
Сонымен қатар, мектепте төрт бақылау пункті жұмыс істейді. Балалардың денсаулығын бақылау үшін де арнайы мамандарды осы жерлерге кезекшілікке қойған. Дәліздерде қолданылған медициналық бетперделерді тастайын арнайы жәшік бар. Әр сыныпта санитариялық талаптарға сай дайындық жасалған. Мектепке келген әрбір маман мен оқушының дене қызуы өлшеніп, арнайы тіркеу журналдарына жазылуда. Мектептің іші де дезинфекцияланып, кварцталып, жиі желдетіледі. Дезинфекциялық құралдары да жеткілікті. Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналармен де түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, медициналық бетперде мен антисептикті үнемі пайдалану керектігі айтылады.
Одан кейін мониторингтік топ мүшелері аудандық теміржол стансасына және сол маңдағы бірнеше дүкендерге кіріп, санитариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сонымен қатар, №15 мектеп-лицей мен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияға да атбасын бұрып, мұндағы жағдайларды бағамдады. Бүгінгі өңіріміздегі эпидахуалға байланысты аталған мектеп басшылығы мен ұжымына санитарлық талаптарды күшейту керектігі ескертілді. Ең бастысы, балалардың денсаулығы үшін бейғамдық пен салғырттыққа жол бермей, барынша сақ болуға шақырды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close