Basty bet

Жақыныңа жанашыр бол!

қауіпті індетпен күресте белсенділік қажет

Қазақ халқының басынан қаншама қилы замандардың, адам айтса нанғысыз сұрапыл кезеңдердің өткенін тарихымыздан білеміз. Бұл өткен өмір, тарих болғанымен әлі күнге дейін ұмытылмай келеді. «Көппен көрген ұлы той» десек те, биылғы жылы біздің ғана емес күллі адамзат баласының басына түсіп отырған коронавирус немесе COVID-19 деп аталатын қауіпті індет адам өміріне аса қауіпті деп танылуда.

«Ата көргеннің ақылы артық» демекші, осы орайда аға буын өкілдерінің ой-пікірлері елдің басына түсіп отырған қиын-қыстау кезеңде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Біз бұл мақсатта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Естемес Аманбеков және «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлынан қауіпті індетпен қалай күресу жолдарын сұраған едік.
-Дүниежүзінде жүріп жатқан қауіпті індет бәрімізге қиын болды ғой, қарақтарым. Бүгінде әлем елдерінде сегіз миллионнан астам адам осы қауіпті қауіпті ауруға шалдықты деген ақпарат бар. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш біздің Қазақстанда да аз емес. Соңғы деректерге қарағанда, қауіпті індетті жұқтырғандардың ұзын саны 17 мыңнан асып жығылып отыр. Оның ішінде 110-ға жуық адам осы аурудан қайтыс болды. Күнделікті жаңалықтарды қарап отырсақ, бұл індет алғашқыда аздап-аздап орын алғанымен уақыт өткен сайын көбейіп барады. Оның бірден бір себебі, санитарлық талаптардың сақталмауы және жоғары жақтан берілген тапсырмалардың уақтылы әрі сапалы орындалмауынан. Одан соң адамдардың өзін-өзі сақтамауы, бұл қауіпті ауруға онша мән бермеуі себеп болып отыр. Сондықтан мен барлық жуалылық жерлестерімнен сұранатыным, алдымен өздеріңізді сақтаңыздар. Сіздер сол арқылы отбасы мүшелеріңізді, ауылдастарыңызды, туыстарыңызды аурудан сақтай аласыздар.
«Сақтансаң сақтайды» деген сөз бар. Қандай жағдайда да сақтық шараларын сақтау маңызды. Адамдар бір нәрсені жақсы түсінулері керек. Қазір қанша тыйым салынғанымен ел ішінде той-томалақ, басқа да отбасылық қуаныштардың азаймай отырғаны көңілге күдік ұялатады. Лажы болса, көпшілік шоғырланған орындарға бармау керек. Адамдардың арасындағы әлеуметтік арақашықтық осындай себептермен сақталмай отыр. Дегенмен адамның денсаулығы мен қауіпсіздігі өз қолында. Бұл іске өте үлкен жауапкершілікпен қарамаса болмайтын сияқты. Кейбір өңірлерде індетпен күресте жаңаша талаптар қойылып, тәртіп қатайтылып жатыр. Себебі, бұл ауру өте қауіпті. Ертеңімізді, балаларымыздың жарқын болашағын ойлайтын болсақ, аты жаман ауруға атүсті қарамаңыздар. Бұл сіз бен біздің өміріміз,- дейді Естемес Аманбекұлы.
Ал Қайрат ауылының қадірменді қариясы Аманжол қажы Дүрәліұлының пікірі төмендегіше өрбіді.
-Коронавирус әлемге таралған қауіпті індет, бұл адамзат баласына төнген қауіп-қатер деп түсінуіміз керек. Осындай қауіп-қатерді халқымыздың рухының мықтылығы, төзімділігі, ынтымақ-бірлігінің арқасында ғана жеңіп шығатынымызға сенемін. Бұл туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жеріне жеткізіп айтты. Елдің бас газетінде мақалалар жариялады.
Ал енді менің айтарым, орын алған күрделі жағдайға әрбір ауылдың ақсақалы, азаматы, әрбір отбасы баса мән беруі керек деп есептеймін. Бұл қауіпті індеттің бар екенін әрі адам өміріне қатерлі екенін әрбір отбасы жете сезінулері қажет. Індеттен сақтанудың жолдарын білгеніміз абзал. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, мерзімді басылымдарда, теледидарда күнделікті айтылып жатыр. Беталды сапырылысу, жүру-тұру, үйден шығу, осының бәрін тоқтату қажет. Үкімет тарапынан тиісті шектеу шаралары енгізілді. Әрбір азамат осыған бағынулары керек.
Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дегеніндей, осыны орындасақ, ел басшылары ұсынған тәртіпке бағынсақ, құл болмайтынымыз, ауруға мойынсұнбайтынымыз анық. Осыны орындасақ қана біз барлық қауіп-қатерден аулақ боламыз. Мен жуалылықтарды тәртіпті қатаң сақтауға шақырамын. Қалайда күш біріктіріп, бір бірімізді демеу арқылы бұл аты жаман індетті жеңеміз. Ел ішіндегі бақуат тұратын кісілер болса, аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты кісілерге көмек қолын созсын. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Жоқ-жіттікті қорғайтын болсақ, әманда Алла тағала бізді қорғайды,- дейді Аманжол Дүрәліұлы.
Ел ішінде таралған аты жаман қауіпті індет туралы осы уақытқа дейін баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Онымен күрес толастамақ емес. Күні кеше ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қауіпті індетпен күресудің жайы жан-жақты талқыланды. Аудан әкімдеріне, тиісті сала басшыларына да аз тапсырма жүктелген жоқ. Облыс көлемінде қауіпті індеттің таралу деректерінің көбейіп отырғанын ескерсек, кеселмен күресте өңір жұртшылығына күш біріктіру қажет. Адамдардың өзін-өзі сақтауы, қоғамдық орындарда сақтанып жүруі қауіптің алдын алуға үлкен сеп болмақ. Ендеше, жақынымызға жанашыр болып, қауіпті ідеттен құтылудың жолдарын шұғыл ойластырғанымыз абзал!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close