Basty bet

Алғыс арқалаған ариф

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ желеңділердің қызметіне жүгінбейтіні жоқ. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді.

Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясында Ариф Алиакберов есімді фельдшер күнделікті науқастарға көмек көрсетуден бөлек, амбулаторияның өзге де қат-қабат тірлігіне қарамастан әрқашан жайдарлы мінез танытудан жалыққан емес. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету оның бойындағы жақсы қасиеттердің бірі. Оның жайдары мінезі ауыл тұрғындарымен тіл табысуына септігін тигізуде. Жалпы адамда дұрыс қарым-қатынас жасай білу мен дұрыс сөйлей білу мәдениеті қалыптасу қажет. Ол әсіресе, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын мамандық иелерінің бойынан табылуы тиіс.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы Ариф Алиакберов Шақпақата ауылының тумасы. Ауылдағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің түлегі. Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық колледжінің фельдшер мамандығының иегері. Жас маман аталған денсаулық сақтау мекемесінде ұзақ жылдар бойы, яғни тұрғындарға медициналық алғашқы көмек көрсеткеніне он жылдың жүзі болған.
Әкесі Нұрадин Алиакберов ауыл шаруашылығына ден қойып, «Мариф» шаруа қожалығының ісін қолға алған. Кезінде жұмыссыз жүрген шағында еңбек жолын алғаш бастаған ұлына көмекші болып, жедел жәрдем көлігін жүргізген. Перзентімен бірге адам өміріне араша түсіп, маманды діттеген жеріне уақтылы жеткізген. Ал, анасы Олча Алиакберова үш баланың анасы, отбасының ұйытқысы. Арифтің өмірлік жары Зейнеп те медицина қызметкері. Ерлі-зайыптылар ауылдық дәрігерлік амбулаторияда бірге жұмыс істейді. Қазіргі таңда жұбайы бала күтімімен демалыста. Екеуі Ругия және Элхан есімді перзент сүйіп отыр.
-Менің бала күнгі арманым халат киіп, дәрігер болу еді. Сол мақсатыма жету үшін 9 сыныптан кейін оқуға түсіп, мамандық иегері атанып шықтым. Алғаш қолыма дипломымды алып келген шағымда аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалды Байрамовтың қарамағында болып, тәжірибе жинақтадым. Мұнда ауыр жарақатпен түсетін науқастарға шұғыл жағдайда ота жасау қажет және көмек көрсетіледі. Осы кезде жас маман ретінде алғашқы көмек көрсету, жараларын қайта таңу және тағы да басқа жұмыстарды үйрендім. Жұмыс істей жүріп тәжірибие жинақтадым. Негізінде жақсы тәжірибе жинақтасаң, сол ісіңнің алға басуына негіз болады.
Біздің міндетіміз – халыққа жедел түрде медициналық қызмет көрсету. Бүгінде жедел жәрдем шақыру орталықтандырылған. Ауылдағы жедел жәрдем бөлімінде үш адам жұмыс істейміз. Аптасына екі рет кезекшілікке түсіп, шақыруларға барамыз. Күн-түн демей, қай уақытта жедел жәрдем шақырса, сол кезде көмекке жетеміз. Арнайы көлік және медициналық құралдар жеткілікті. Науқастың ауруының нақты диагнозын білмегендіктен, оны уақтылы ауруханаға жеткізуіміз керек. Әр санаулы минут науқас үшін және біз үшін қымбат. Әсіресе, өте ауыр жағдайдағы науқас үшін.
Алғаш ауылда бір өзім фельдшерлікті бастағанмын. Қасымда әкем болды. Ол кезде жедел жәрдем көлігі ескі болатын. Біраз әбігерге салды. Кейде біздің аймақтың ақ бораны түтегенде шақырған жерге қайтсең де жету керек. Тіпті, болмаған жағдайда атпен жеткен күнім де болды.
Ауыл тұрғындарының ынтымақ бірлігі жарасқан. Ұжымда да аға буын өкілдеріне қарап бой түзеп келеміз. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, ауызбіршілікте еңбек етудеміз. Ең бастысы – тұрғындардың денсаулығына аса мән береміз. Ешкім ауырмаса, мына індеттен аман болса деген тілекте жүреміз, – дейді фельдшер Ариф.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Ариф туралы ауыл тұрғындары жақсы пікірде. Шақпақата ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақжан Ахметов Арифтің елді мекендегі қайырымдылық шараларына белсене атсалысатынын, қазақ тіліне, еліне деген құрметі, тұрғындармен байланысы, медициналық қызмет көрсетуі жақсы жастардың бірі екенін мақтанышпен жеткізді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close