Basty bet

«Кеңестің» тірлігі көпке үлгі

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. Кәсіп ашуға ниетті азаматтарға жеңілдікпен несиелер де беріліп жатыр. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға үлесін қосып отырған жандар баршылық. Әсіресе, ауданымызда тұрғындар халқымыздың төрт түлік малын бағып, басын көбейтуді қолға алған. Mал өсіру – ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттың бірі. Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай ауылындағы «Кеңес» жеке кәсіпкерлігінде бұл сала жақсы дамыған.

«Кеңес» жеке кәсіпкерлігі 2018 жылы құрылған. Жеке кәсіпкерлікті Балтабек Бердәлиев жүргізеді. Ол Түктібай ауылының тумасы. Осында дүниеге келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен, тұрғындарымен етене таныс жан. Саналы ғұмырының 20 жылын теміржол саласына арнаған. Ал, кәсіпкерлік саласына 2000 жылдан бастап бет бұрып, кәсібінің нәсібін көріп отырған жайы бар. Қазіргі таңда мал бордақылаумен және асылдандырумен айналысады. Ал, биыл «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 4 млн несие алып, «Голштейн» асыл тұқымды 10 сауынды сиырын Ресейден алдырады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік иелігінде 40 бас бұқа бар.
Жеке кәсіпкер ауылдың сыртында орналасқан мал базасының ішін ең алдымен жарықтандырып, бақылау камераларын орнатқан. Алпысты алқымдаған Балтабек Кеңесұлы заман көшінен қалмай, жаңашылдықты қолдап, үнемі ізденіп отыру керектігін айтады. Яғни, «көш жүре түзелетініне» сүйенер болсақ, бастаған ісінің кем-кетігін өзгелерден көріп, түзеп отырады. Осы ретте, «малдың жайын баққан біледі» демекші, кәсіпкердің қора-жайында біраз қызу тірлік жүріп жатыр. Яғни, суағар орнатып, 50 сауынды сиырға орын дайындап, бұзаухана жасауда. 1000 тонналық жемхана соғып, мал азығын дайындаған. Жемхананың ішінде ұқыптылық байқалады. Бір шетіне 66 тонна арпа, бір шетіне 13 тонна бидай төккен. Жемтартқышты да осында қойған. Ысырап болмас үшін бәрі ыңғайластырылып жасалған.
-Ауыл адамының қым-қуыт уақыты күйбең тіршілікпен өтеді. Оны біз жақсы білеміз. Бәрі еңбекпен келеді. Әкем өмір бойы теміржол саласында жұмыс істеген. Әкемнің жолын қуып, мен де осы салада жұмыс жасадым. Бірақ, бала кезден мал шаруашылығына жақын едім. Сол себепті, осы саланы қолға алып отырған жайым бар. Алдымен қора-жайды жеке адамнан сатып алып, айналасына ертеңгі күні тұрғындармен дау тумас үшін, түсінбеушілік болмас үшін қоршау жасадым. Яғни, тыныштық пен жайлылық бар жерде тірлігің де алға басады. Жаңа үй соғылған. Бір отбасы осында келіп тұрып, жұмыс жасаса, құптар едім. Ауылдың бір жанұясы жұмыспен қамтылар еді. Мұнда үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып, уақтылы айлық жалақыларын беріп отырмын. Енді сауыншы керек. Жұмысшылар малдың жайын қамдап, мұндағы күнделікті тірліктің барлығын тындырып отыр. Олардың еңбегі зор. Еңбек қашанда бағалануы керек.
Адам қатесімен түзеліп отырады. Мәселен, малға арнаған суағарды кезінде дұрыс жасамаппын. Қазіргі күні бұрынғы совхоздағы жүйемен қайтадан суағар жасатып жатырмын. Әрі тиімді, ысырап болмайды. Ол үшін алдымен жоғарыға 2,5 тонналық бөшке биікке көтеріледі. Сол арқылы жоғарыдағы құбырға су жіберіліп, мал керекті уақытында өзі су іше береді. Бұл жұмысшының да уақытын тиімді пайдаланып, малдың да қамын жасау үшін жасалуда. Сонымен қатар, электрлі сауын аппаратын Алматы қаласынан күні кеше ғана алдырдық. Ол екі сиырды бірден сауатын болады.
Әр істі бастау үшін адамға тәуекелге бел байлау мен шынайы ниет керек. Бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін шығара білу алдымен адамның өзіне байланысты. Әрі шыдамдылық пен төзімділік қажет. Өйткені, барлық керекті құрылыс заттары сырттан әкелінеді. Тиянақтылық пен жан-жақтылық керек. Заман көшінен қалмау керек. Ең бірінші заманауилықты қолдаймын. Кәсіпкер оны басты принципі ретінде ұстануы қажет. Ең бастысы, әр істің өз маманы болуы керек. 20 жылдан бері кәсіпкерлік саласының бірнеше түрімен айналыстым. Содан тек бір бағытта жұмыс жасауға ұйғардым. Барған жерімде өзіме керекті дүниені жадыма түйіп жүремін. Өзгелерден көргенімнің тиімділігін байқап, жасауға тырысамын.
Алла қаласа, алдағы уақытта көптеген жоспарларымыз бар. Әлі де тынбай жұмыс жасау керек. Кәсіпкерлік жанынан балық шаруашылығын қолға алсам деген ойым бар. Одан бөлек ауылға қажетті токарьлық станок орнату жоспарымда тұр.
Әр азамат үшін туған жері ыстық. Ауылдан алыстағым келмейді. Ата-бабамыздан қанымызға сіңген қасиет болғандықтан жанымыз ауыл шаруашылығына, яғни мал шаруашылығына жақын. Бәрі бірден болмайды. Нәтиже көрсетуіміз керек. Қаржыны да бекерден-бекер бермейді. Демеп, аяқтан тұру үшін жасалатын көмек. Елімізде кәсіпкерлерді қолдап, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлесімізді қосады деп сенім артып отыр. Ол сенімді ақтау үшін бізге тек еңбек етіп, тер төгу керек, – дейді Балтабек Кеңесұлы.
Балтабек ағаның «әр істің маманы болуы керек» деген пікірі өте орынды. Тіпті, қарапайым мал бағудың да қыр-сырын білмеген адам оның қамын жасай алмайды. Барлығы да еңбек пен ізденістің, ниеттің арқасында болады. Осы ретте, жаңашылдыққа жаны жақын алпысты алқымдаған Балтабек ағаның бұл ісі көп жастарға үлгі-өнеге. Себебі, бүгінгі жастардың көпті көрген, өмірден түйгені бар аға буын өкілдерінен үйренері көп.
Кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп жүрген Балтабек Кеңесұлы жұбайы Роза Бердәлиева екеуі өмірге Медет және Маржан есімді перзент әкеліп, бүгінде олардан алты немере сүйіп отырған жандар. Қазіргі таңда отбасымен Тараз қаласында тұрып жатыр.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close