Basty bet
Партия белсенділері бас қосты
Аудан орталығындағы Өлкетану музейінде «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы партия активінің жиналысы өтті. Оған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, партия аудандық филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, Партиялық бақылау комиссиясы, филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен партияның кадрлық резервіне кандидаттар қатысты.
Жиналысты аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе – 2019 жылдың 25 қарашадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның аймақтық филиал өкілдерімен басқосуында берген тапсырмаларының іске асырылу барысы мен туындайтын міндеттері туралы және партияның кадрлық резервіне іріктеу пилоттық жобасының қорытындысы туралы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова баяндама жасады.
-Сіздер жақсы білесіздер, ағымдағы жылдың 25 қарашасы күні Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысумен Нұр-Сұлтан қаласында партияның аймақтық және аумақтық филиалдары жетекшілерімен арнайы кездесу өткен болатын.
Партиялық бұл бас қосуда партия алдында тұрған міндеттер мен атқарылған жұмыстар екшеленді,- деді Анар Садыққызы. – Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп отырған партия аудандық филиалы партия актив жиналысында аталған республикалық кеңесте көтерілген өзекті мәселелерді зерделеу ұсынылғалы отыр.
Мәні жоғары, мәртебесі биік республикалық бас қосуда Партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев – «Nur Otan» партиясының алдында тұрған келелі міндеттеріне кеңінен тоқталды.
Бүгінде «Nur Otan» партиясының іргелі істері – заман ағымына сай жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына оң қадам жасаумен ерекшеленуде.
Оның айқын дәлелі ағымдағы жылдың 21 тамызындағы Бас партияның кеңейтілген Саяси кеңесі ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасына негізделген.
Бұл партиялық құжат қазіргі таңда көпұлтты қазақстандықтардың қызу қолдауына ие болып отыр.
Өйткені, партияның халықпен ашық диалогты көздеген 7 серпінді бастамасын – берік іргетасы қаланған және кезек күттірмес партиялық құжат деп түсінемін.
Міне, осы құжат талаптарын негізге алған кездесуде «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек арнайы баяндама жасап, партия ұйымдары атқарып жатқан сан-салалы жұмыстарға жан-жақты талдаулар жасады.
Сын және өзара сын деңгейінде өткен республикалық кеңесте қол жеткен жетістіктермен қатар, орын алған кемшіліктер де назардан тыс қалмады.
Сонымен қатар, партиялық бас қосуды жүргізіп отырған Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев: «Nur Otan» партиясының қалыптасу мен даму жолдарын терең баяндай келе, «Nur Otan» біздің қоғамымыздың алуан түрлілігін көрсетеді. Біз – ел болашағына жауапты бүкіл Қазақстан халқының партиясымыз, нақты істер партиясымыз. Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұстаным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспарлары бекітілді, қажетті ресурстар қарастырылған»,- деді.
Сондай-ақ, Партия Төрағасы қоршаған қоғамды ұлт мүддесі, ел бірлігі жолында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың төңірегінде топтастыру қажет екенін баса айтты.
Кездесу барысында Н.Ә.Назарбаев Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқтала келе, партиялас әріптестерін партия ұйымдары алдында тұрған саяси бәсекелестікке асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Бүгінгі таңда жаңғырту кезеңін бастан өткізіп отырған «Nur Otan» партиясының бағалы бастамалары – ізетті қызметі елімізді өркендету мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отырғаны барша жұртшылыққа аян.
Осы тұста Елбасы, Партия Төрағасы: «Соңғы жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 11 миллиардтан 170,5 миллиард долларға дейін өсті. 90-жылдардың басында халықтың үштен бірінен көбі кедейлік шегінде өмір сүретін. Бүгін бұл көрсеткіш 4,6%-ға дейін төмендеді. Шағын және орта бизнестің жалпы ішікі өнімдегі үлесі 27% құрайды. Біз 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарттық. Осы жылдар ішінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір нығайта алдық, – деп, атап көрсетті.
Партиялық ашық кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкіметтің экономиканың жекелеген салаларын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларына жеке тоқталып, «Үкімет өңірлерді, әсіресе, ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламалар қабылдады. Мәселен, 2026 жылға дейін ауылдарды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Алдағы үш жылда халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге 560 миллиард теңге бөлу жоспарда бар. Осы жұмыстар нақты орындалатын болса, 2023 жылдың соңына қарай ауылды жерлердің барлығы сапалы ауыз сумен қамтылады», деп, халық күтіп отырған аса маңызды әлеуметтік мәселелер жайлы ой-пікірін ашық айтты.
Міне, көріп отырсыздар, партиялық алаңда – осындай аса мақсатты әлеуметтік жұмыстарға бастау беріліп, қолдау көрсетіліп отыр.
Жалпы, жергілікті тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы біздің де партиялық қоғамдық қабылдауларда және басқа да партиялық жиындарда жиі көтеріліп жүрген мәселе еді.
Сонымен қатар, Елбасы аталған жиында шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін ұлғайту бойынша жоспарланған шаралар мен «Еңбек» бағдарламасын іске асырудың болжамды нәтижелері туралы айтты.
Өз сөзінде Партия Төрағасы «Алдағы екі жылда «Еңбек» бағдарламасымен шамамен 1,5 миллион адам қамтылып, 750 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 2020-2025 жылдары шамамен 1 миллион пәтер салынатын болады» деген мәлімдеме жасады.
Жиын барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті партияның жергілікті жерлерде жұмыс тиімділігін одан әрі арттырудың бірқатар негізгі бағыттарын атады.
Олардың алдыңғы қатарында – жергілікті мәслихаттардағы депутаттық фракция жұмысы үлкен көрініске ие болды.
Депутаттық фракциялар жұмысына жете мән берген Елбасы, Партия Төрағасы – фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейту керектігін баса айтты.
Оның ішінде өңірлерді дамытуға бағытталған реформаларды іске асыруға көзделген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына партиялық бақылауды күшейту туралы тапсырма берді.
Сондықтан да, алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының Жуалы аудандық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшелерінен үлкен белсенділік пен партиялық жауапкершілік күтеміз.
Өйткені, депутаттар – халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпірге айналуға тиіс.
Алдымызда электоралды саяси кезеңнің де келе жатқаны бүгінде ешкімге де жасырын емес.
Саяси науқан қашан да сын. Сол сыннан сүрінбей өту және алға қойылған мақсаттар үдесінен шығу «Nur Otan» партиясы үшін үлкен абырой.
Ал, партия алға қойып отырған нақты мақсат пен міндет – осы электоралдық кезеңге үлкен дайындықпен бару.
Осыған орай, «Nur Otan» партиясы – бүгінде партиялық кадрлық резервті қалыптастыру жұмысын қолға алып отыр.
Сондықтан да, партиялық кадрлық іріктеу жұмысын жүргізу өте маңызды шара.
Осындай пилоттық жоба республикамыздың барлық аймақтарындағы бір-бір ауданда өтті,- дей келіп Анар Ахметова аталған жобаның жүзеге асырылу барысына жан-жақты тоқталып өтті.
-Бұл партиялық шараның ұйымдастырылу және өткізілу барысы жайлы ағымдағы жылдың 24 қарашасы күні өткен республикалық семинарда толыққанды баяндап бердім.
Жалпы, Жуалы ауданында ашық демократиялық принциптерді ұстанған партиялық кадрлық резервке 44 адам тартылды.
Ал, партиялық кадрлық резервке ұсынылған үміткерлердің сапалық құрамына назар аударсақ, олардың арасында білім беру және денсаулық сақтау, қызмет көрсету салаларымен қатар: аудандағы 16 белсенді әйел азаматы (36,4%); 5 жасқа дейінгі – 12 (27,3%) жас азамат; 9 кәсіпкер (20,5%); 2 үкіметтік емес ұйымдардың өкілі (4,5%); 2 БАҚ өкілдері мен блогерлер (4,5%) кірді.
Олардың әлеуметтік жағдайына қарайтын болсақ, 6 көпбалалы ана (14,0%) мен 1 мүмкіндігі шектеулі жан партиялық жобаға қатысты.
Ал, дауыс беру тізіміне кірген 4497 партия мүшесімен қатар, кәмелеттік жасқа толған 282 жасотандықтар, барлығы 4779 адам өз таңдауларын жасады. Дауыс беруге 4763 партия мүшелері, яғни 99,6 пайызы қатысты.
Дауыс беру нәтижесінде басым дауысқа ие болған аса белсенді үміткерлер партиялық кадрлық резервтен өздерінің лайықты орындарын алып, партиялық рейтингісі нақтыланды.
Осындай қысқа мерзімде атқарылған істерден демократиялық негіздерге бағытталған партия өміріндегі жаңару және жаңғыру жұмыстарының жарқын көрінісін анық көруге болады.
Мұндай ішкіпартиялық шара келешекте барлық партия филиалдарында өтетін болады. Біз бұл пилоттық жобадан үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алдық.
Жалпы, республикалық кеңесте «Nur Otan» партиясының Төрағасы әр облыста, қалада және ауданда Сайлауалды бағдарламаларын дайындауды қамтамасыз етуді және кадрлық резервті қалыптастыру барысында ішкіпартиялық іріктеу жұмысын ашық жүргізуді тапсырды.
Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Сайлауалды бағдарламасын әзірлеуді Үкімет басшысына жүктеді.
Өз сөзін әрі қарай жалғастырған Н.Ә.Назарбаев «Келесі жылы өңірлерді дамытудың бесжылдық бағдарламаларын іске асыру аяқталады. Жаңа бағдарламаларды қабылдау қажеттілігі жаңа электоралдық кезеңге сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл бағдарламалар әр өңір бойынша мәслихат сайлауында партияның сайлауалды бағдарламасының негізіне айналуға тиіс. «Nur Otan» партиясының Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағдарламасына келетін болсақ, бұл жұмысты Саяси кеңес Бюросының мүшесі ретінде Премьер-Министр басқаруы қажет. Бұл бағдарламаны қазірден бастап дайындауға кіріскен жөн» деген тұжырым жасады.
Сонымен бірге, сапалы партиялық тізімдерді қалыптастыру мақсатында «Әр мәслихаттағы сайлауалды партиялық тізімдерге кемінде 30 пайызы әйелдер және 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар енуі керек. Сондай-ақ, тізімге халықтың түрлі топтарының өкілдері, елге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуге тиіс» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондықтан да, партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары маңызы зор бұл жұмыстарға дайындықты бүгіннен бастаған абзал болады.
Сонмен қатар, бүгінде партия облыстық филиалы төрағасы А.И.Мырзахметовтың тікелей ұсынысы бойынша партияның аумақтық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының жұмыс алгоритмі бекітілді.
Ендігі мақсат – осы алгоритмді тікелей басшылыққа алып, онда белгіленген талаптарды орындау міндеті алдымызда тұр.
Еліміздегі ең іргелі саяси құрылымға айналған «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев өзінің қорытынды сөзінде тағы да партияның электоралды кезең қарсаңындағы жұмысын күшейтудің маңыздылығына тоқтала отырып, «Жеңіске жету үшін барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек. Ақпан айында партия съезі өтеді. Онда біз партия жұмысын жандандырудың алдын-ала нәтижелерін шығарып, алдағы электоралдық міндеттерді егжей-тегжейлі талқылаймыз. Қазір «Jas Otan» мемлекеттік органдармен бірлесіп 2025 жылға дейін жаңа «Жастар-Отанға» бағдарламасын әзірлеуде. Онда бүгінгі жастардың барлық сұраныстарына жауаптар көрсетіледі. Сәуір айында жаңа бағдарлама «Jas Otan» съезіне ұсынылуы қажет» деді.
Ақпан айында өтетін партия съезінде – партия атқарған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, болашақ электоралдық кезеңдердегі жаңа міндеттер айқындалмақ.
Сондықтан, алдағы партия съезі – барлық партия ұйымдары алдына аса жауапты міндеттер жүктері сөзсіз.
Осы тұста «Nur Otan» партиясы өзінің «Jas Otan» жастар қанатынан үлкен сенім артып, аса жауапты үміттер күтеді.
Өйткені, бүгінгі жастарымыз – ертеңгі ұлт болашағы, ел келешегі. Сондықтан, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы барлық жұмыстарға – ұлтжанды, отаншыл жастарды белсенді тарту аса қажет.
Міне, көріп отырсыздар, бір күнгі кеңес – таяу жылдары партия ұйымдары атқаратын межелі міндеттерді айқындап берді.
Енді мақсат, осы мақсатты міндеттерді сапалы орындап шығумен ерекшеленбек.
Жалпы, бүгінгі партия белсенділерін жұмылдыруға негізделген жұмыстар мен өркенді өзгерістер – уақыт талабынан туындап отырған жағдайлар.
Басты міндет – ішкіпартиялық жұмыстарды жүйелі жүргізудің негізінде жаңа өңірлік партия лидерлерін айқындау және бастауыш партия ұйымдарын жаңашыл жұмыстар жүргізуге бейімдеу болып табылады.
Ал, барша нұротандықтардың мақсаты бір, мүддесі ортақ. Ол – татулық пен бірлік, қоғамдық-саяси тұрақтылықты ту еткен Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен әлемдігі озық дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру жолындағы жасампаз тірліктерге барынша үлес қосу. Өйткені, «Nur Otan» партиясы – нақты істердің партиясы.
Осыған орай Жуалы ауданындағы барлық нұротандық партиялық әріптестерімді – партия жұмысына аса сергек қарауға және партияның бағдарламалық құжаттарын табысты жүзеге асыруға шақырамын,- деді Анар Садыққызы.
Келесі кезекте баяндаманы талқылау үшін сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ерғали Тілеубековке, «Орталық бастауыш партия ұйымының төрағасы, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Руслан Сайлаубаевқа, «Бауыржан Момышұлы» бастауыш партия ұйымының төрайымы, №1 мектеп-гимназияның директоры Элмира Әбішеваға берілді. Сөйлеушілер еліміздегі үлкен саяси күш «Nur Otan» партиясының қоғамдағы өзіндік зор рөлі мен орны туралы өз ойларымен бөлісті.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Жанбекұлы пилоттық жобаның сәтті өтуіне ұйымшылдықпен атсалысқан жуалылық нұротандықтарға алғысын білдірді. Тәуелсіз еліміздің 90 жылдардағы жағдайы мен бүгінгі жағдайын салыстыра келіп, даму даңғылына түскен еліміздің әрбір жетістігіндегі партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегі жайлы айта келіп, халықты Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында табандылықпен еңбек етуге және ауызбіршілік пен жаңашылдыққа шақырды. Балабек Жанбекұлы өз сөзінде пилоттық жобаны жүзеге асыру барысында орын алған кейбір кемшіліктерге де тоқталып өтті.
Жиын соңынан Балабек Жанбекұлы партияның аудандық филиалының төрағасы Нарбай Әбілқасымұлының кеудесіне партияның белгісін тақты. Нарбай Әбілқасымұлы әрі қарай партияның аудандық филиалы депутаттық фракциясының мүшелеріне, үздік бастауыш партия ұйымының төрағаларына партия белгісін салтанатты жағдайда тақты.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»