Basty bet
АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі күні қарсаңында аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков бастаған бір топ аудан басшылары Б.Момышұлы ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шәріпбай Ақжолов пен Николай Лебединскийдің шаңырағына барып құттықтап, қарияларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Шәріпбай Ақжолұлы 1943 жылдың қаңтар айында әскер қатарына шақырылады. Майдан жолын Германияның Дрезден қаласында аяқтаған Шәріпбай атаның әскери қызметі мұнымен аяқталған жоқ. Ол бұдан кейін бес жыл әскер қатарында болып, әскери қызметін Польша жерінде аяқтайды. Жау қалдықтарының көзін жоюға қатысып, стратегиялық маңызы зор нысандарды күзетті. Ардагер 1950 жылы ғана әскер қатарынан босатылып, туған жерге аман-есен оралады. Ұзақ жылдар ауданға сіңірген еңбегі ескеріліп, 2007 жылы ауданның Құрметті азаматы атағы берілді.
Сондай-ақ аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы Ұлы Отан соғысының ардагері Лебединский Николай Моисеевичтің үйінде де болып, мерекемен құттықтады. 94 жасқа толған Николай Моисеевич арнайы құттықтап келгені үшін аудан басшысына ризашылығын білдірді. Жүріп-тұруы сәл қиындап қалғаны болмаса қарияның ақыл-ойы әлі сергек. Ардагер өз кезегінде еліміздің бейбіт өмір сүріп жатқанына қуаныш білдіріп, кейінгі ұрпақ бақытты ғұмыр кешсін деген тілегін жеткізді. Сонымен бірге, жыл сайын мемлекет және аудан басшылығы тарапынан тұрақты түрде жасалынып келе жатқан қамқорлығы үшін алғысын білдірді.
Аудан әкімімен бірге аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков те болып, майдангерлердің хал-жағдайын, қажеттіліктерін сұрап, қос қарияға мықты денсаулық тіледі.
«Жаңа өмір» ақпарат