Basty bet
Орта мектеп құрылысының қарқыны жақсы
Биыл аудан көлемінде білім беру саласында екі бірдей жаңа мектептің құрылысы басталып, қазіргі таңда аталған нысандарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, тұрғындар көптен күткен білім ошақтарының заманауи жаңа ғимараттары Ақсай ауылдық округінің Диқан және Қызыларық ауылдық округінің Алатау ауылдарынан бой көтеруде. Сәтін салса, алдағы екі жыл көлемінде аталған екі мектептің ғимарат тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілгелі отыр.
Биыл бой көтереді деп жоспарланған 180 орындық №27 Диқан орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары сәуір айының соңында басталған болатын. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметінше, 2021-2022 жылдары жүзеге асырылатын бұл құрылыс жобасының жалпы сметалық құны –594 миллион 176 мың теңгені құрайды. Тапсырыс беруші Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Ағымдағы жылдың сәуір айының аяғында басталған жаңа мектеп құрылысы 2022 жылдың маусым айының соңында аяқталады деп күтілуде. Дегенмен, облыс басшысы Б.Сапарбаев жақында ғана Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Диқан орта мектебінің құрылысымен танысып, жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырғаны белгілі. Ал құрылысқа жауапты мердігер мекеменің өкілдері бөлінетін қаржы жыл ішінде толық қарастырылса, жобаны жыл соңына дейін аяқтауға мүмкіндіктері бар екенін айтады.
Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты Жуалы аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, құрылысты жүргізуге 2020 жылдың желтоқсан айының 30-шы жұлдызында мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланған екен. Конкурстың жеңімпазы сәуір айының басында анықталған. Атап айтқанда, конкурс жеңімпазы тараздық «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жобаны 478 миллион 300,4 мың теңгеге ұтып алып отыр. Құрылысты жүргізуге биыл облыстық бюджеттен 89 миллион теңге бөлінген. Ал бұған дейін Диқан ауылына кіреберіс оң қапталдан мектеп құрылысын жүргізуге арналған 2,5 гектар жер анықталып, заңды түрде оның мемлекеттік актісі алынған.
Қазіргі таңда мектеп құрылысының басындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.Мұнда қажетті материалдар мен құрал-саймандар сақтайтын арнайы контейнерлер әкелінген. Мердігер мекеменің прорабы Ғалымжан Тойбаевтың айтуынша, екі жарым гектар аумаққа салынып жатқан мектеп құрылысының жалпы көлемі (ұзындығы) 57 метр, ал ені 18 метрді құрайды. Жоба бойынша үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы (қосалқы жайларды қосқанда) 815 шаршы метрді құрайды. Ғимарат салынатын орынның табаны төрт метр, 10 сантиметрге дейін төмендетіліп қазылып, алдымен іргетас құйылған. Жертөленің биіктігі екі метрге жуық. Қазір құрылыс басында негізінен ғимараттың бірінші қабатының қабырғасын қалау (кірпіш қалау) жұмыстары атқарылуда.
-Құрылыс 26-шы сәуір күні басталған болатын. Жобалаудан соң іргетас құю жұмыстарын сәтті аяқтап, ендігі кезекте ғимараттың қабырғасын қалау жұмыстарын атқарып жатырмыз. Құрылыс жұмыстарына ең бірінші кезекте сапалы материалдар қажет екені белгілі. Сондықтан мектеп құрылысына негізінен сертификатталған отандық құрылыс материалдары қолданылуда. Мысалы, арматура, т.б. темір бұйымдары Тараз қаласындағы «Тараз Метал Инвест» ЖШС-ның өнімі болса, дайын бетон мен темір бетоннан жасалған плиталар«ҒимаратТемірБетон» ЖШС-нан келеді. Ал құрылысқа қолданылатын күйдірілген қызыл кірпішті Тараз қаласының маңындағы Жасөркен ауылындағы «Табыс Жоба» деп аталатын кірпіш зауытынан жеткізіп жатырмыз.
Жұмысшылар құрамына келер болсақ, қазір құрылыс басында Тараз қаласынан 25 адамнан құралған бір бригада жұмыс істеуде. Атап айтқанда, бригада құрамында негізінен арматуршы және темір ұсталары, бетон құюшылар мен кірпіш қалаушылар бар. Ал инженерлік жүйелер мен электр желілерін жүргізу үшін басқа да арнайы мамандар жұмысқа тартылып, алдағы уақытта орта есеппен мұнда 35-40 адам жұмыс істейтін болады. Бір айта кетерлігі, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мекемесі арқылы жергілікті сегіз азаматты жұмысқа алдық,- дейді «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-ның прорабы Ғалымжан Тойбаев.
Мектеп құрылысының бас мердігері «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС болса, жобалаушы және авторлық қадағалаушы мекеме «ҚазСтройСейсмоПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал «АКГЕМ-СТРОЙ» ЖШС мұнда техникалық қадағалаушы қызметін атқаруда. Техника күшіне келер болсақ, құрылыс басында жүккөтергіш, жүктиегіш, т.б. жүк көліктері, бетон араластырғыш сияқты арнайы техникалар жұмыс істеуде. Бұл өз кезегінде құрылысты жеңілдетуге әрі сапалы атқаруға өз септігін тигізбек.
Үш қабаттан, үш блоктан тұратын 180 орындық жаңа мектептің құрылысы барысында барлығы 18 оқу бөлмесімен қатар, әрбір пәнге арналған жеке кабинеттер, сонымен қатар лингафонды, мультимедиалық кабинеттер, кітапхананың оқу залы, шеберхана, зертханаға арналған кабинет, архив сақтайтын орын, асхана, акт залы және спортзал қарастырылған. Спортзалдың ұзындығы 12, ал ені сегіз метрді құрайды. Онда жуынатын (душ), әжетхана бөлмелері қарастырылған. Мектептің ауласынан өз алдына бөлек салынып жатқан шеберхананың да аумағы үлкен. 308 шаршы метрді құрайды.
Құрылыс жобасының талаптарына сәйкес, үш блок, үш қабаттан тұратын мектеп ғимаратының әрбір қабатында әжетхана, сонымен қатар, жеделсаты (лифт) қарастырылған. Ішкі әрлеу жұмыстарымен қатар, оқуға қажетті құрал-жабдықтар, оның ішінде, парта-орындықтар, интерактивті тақта, т.б. өрт сөндіру, жылыту жүйелерімен, инженерлік жүйелермен қамтамасыз етуді мердігер мекеме атқаратын болады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»