Basty bet
БАТЫР ШАПАҒАТЫ
жуалылық еңбек ардагері Қайрат Сарыбаев Бауыржан Момышұлымен кездесіп, ақ батасын алғанын үнемі мақтан етеді
Б.Момышұлы ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері, аудандық басылымның тұрақты жазылушысы және оқырманы Қайрат Сарыбаев ақсақалды жергілікті жұртшылық жақсы таныса керек. Ол кісі саналы ғұмырының көп бөлігін еңбекке арнап, ұзақ жылдар ауданға қарасты шаруашылықтарда механизатор, онымен қатар «Казсельхозтехника», т.б. үлкен-үлкен мекемелерде жауапты маман болып жұмыс істегенін жұртшылық біледі. Кейіннен аудан орталығында жеміс-жидек базасында тер төгіп, Одақ тарағаннан кейін 1993-2008 жылдары аралығында аудандық орталық ауруханада ғимарат қараушысы (қарауыл) болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Биыл 84 жасқа аяқ басқан Қайрат ақсақалдың қасиетті өңірдің дамуында, жалпы қоғамға еңбектің жарқын үлгісін көрсетудегі сіңірген еңбегін айрықша атап өтуге тұрарлық.
Сексен жастың сеңгірінен асқан қарияның көзі ашық, көкірегі ояу. Үнемі айналасындағыларға жақсылық ойлап, санасы әркез сергек жүреді. Ол өзінің бұл қасиетін бала кезде, одан кейін де өмірде көп қиыншылық көріп, бар мен жоқтың, аштық пен тоқтықтың қадірін біліп, еңбекпен шыңдалып есейгенінің нәтижесі деп санайтынын айтады.
Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары, дәлірек айтқанда, 1942 жылдың қоңыр күзінде дүние есігін ашқан Қайрат Сарыбайұлының өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Ол тұста Одаққа қарасты бауырлас елдердің барлығы Гитлерге қарсы соғысып, фашизммен күресіп жатқан аласапыран кез болатын. Балалық шағы сонау қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келген бала Қайрат қиыншылықты біркісідей-ақ көрді. Дегенмен, ауылдағы бауырмал ағайын-туыстың арасында үлкендердің мейірім шуағына бөленіп өскен оған балалық шақта татқан қиыншылықтың кермек дәмі онша біліне қойған жоқ…
– Асылында адамды адам еткен – еңбек. Оған қарсы дау айтудың еш қажеті жоқ. Атам замандардан бері адамның өмірі мен тіршіліктегі барлық әрекеті, әрбір күні еңбекпен тығыз байланысты өріліп келе жатқаны даусыз. Менің редакцияға келіп отырған себебім, көп уақыттан бері өзімді толғандырып келе жатқан маңызды бір естелікпен бөліспекшімін. Аудандық жеміс-жидек базасында жұмыс істеп жүрген тұста жерлесіміз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен кездесіп, Батырдың батасын алғанымды әлі күнге дейін мақтаныш етемін. Бұл 1982 жылы Баукеңнің туған жерге соңғы келуі болатын.
Бауыржан ағаның есігін қақтым. «Келе бер» деген дауыс естіліп, ішке ендім. Киініп, кітап оқып отыр екен. Мені ауылымдағы ағаларым қарсы алғандай қарсы алды.
-Ассалаумағалейкум!
-Айта бер әңгімеңді,- деді.
-Әңгіме сол, қолыңызды алайын деп келдім,- дедім мен іле-шала.
-Әп, бәрекелді!
-Елің кім?,- деді Батыр?
-Байтана болам,- дедім мен.
-Байтананың жындысы екенсің ғой,- деді ол.
-Айып етпеңіз, Сізді көргеніме қуаныштымын,- дедім.
-Нан ауыз ти, наннан үлкен емессің.-Тоқтай тұр балам. Саған бата берейін,- деді де Батыр қос қолын жайып: -80 жастан асқан жасың болсын. Өмірде кездесетін ешқандай қиындыққа мойыма,- деп алақанымен бетін сипады.
-Неге өспей қалғансың,- деді сәлден соң арада орнаған үнсіздікті жалғап.
Мен: «Анам маған үнемі: Сен тура соғыс жылдары туылғансың,- дейтін. Ол кезде ел өміріндегі өте қиын жылдар еді. Жейтін азық-түлік тапшы. Тамақ болмағаннан кейін қызылшаның жапырағын суға қайнатып, соған нан турап береді екен. Менен кейінгі інілерімнің бәрінің бойы ұзын» деп жауап бердім.
– Бойы қортықтық ештеңе қылмайды, ең бастысы, басың аман болсын,- деді. Батырдың алдынан қуанып шығып, жұмысқа барғаннан кейін Бауыржан Момышұлымен кездескенімді жұмыстастарыма мақтанып айтқаным бар. Сонда Батыр Бауыржанның өте қарапайым кісі екенін көріп, ұлылығына көзім анық жеткендей… Міне, содан бері қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының шығармаларын қалт жібермей сүйіп оқимын, жерлес жазушының тұрақты оқырманымын десем, артық айтқандық емес. Батырдың барлық кітабын оқып қана қоймай, нақыл сөздерін де жатқа біліп, отырған ортада үнемі айтып отырамын,- дейді Қайрат ақсақал.
Сөз жоқ, Батыр Баукең еліміздің ерлік туын жоғары ұстап, қандай қаһарман халық екенімізді, патриоттық асқақ рухтың қандай болуы керек екенін адамзат алдында дәлелдеген ұлттық батырларымыздың бірі. Ол кісінің: «Бірінші жеңіс – солдаттардың командиріне бағынуы, екінші жеңіс – командирдің сарбаздарын бағындыра білуі» деген тұжырымы қандай терең әрі дәл айтылған десеңізші?!
Иә, қазақ халқының біртуар перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған естеліктер мен көркем туындылар жетерлік. Жас ұрпақ ертеректе жазылған, жаңадан жарыққа шыққан тың туындылар арқылы Батырдың бейнесін танып келеді. Жазушы Тахауи Ахтанов айтпақшы: «Қалай дегенде де Бауыржан Момышұлының ел ұғымында толымды, жинақы, тұтас бейнесі қалыптасқан. Бұл – соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен бірге жарқын да жалқы, қайта тумас азаматтың бейнесі». Бұл – өте орынды айтылған сөз деп білеміз…
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»