Basty bet
Әйел бейнесі – қоғам бейнесі
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевың «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту» туралы Жарлығының нысаналы индикаторлары бойынша бір қатар жұмыстар жүргізілді.
Өңірімізде есепті кезеңде комиссияның ережесіне сәйкес екі комиссия отырысы өткізілді. Комиссия құрамы жергілікті атқарушы орган, полиция бөлімі қызметкерлері мен азаматтық сектор өкілдерінен құрылған. Комиссия жылдық жоспарына сәйкес жұмыс жасайды. Былтырғы жылы түрлі форматты қамтыған 12 іс-шара өткізіліп, аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіндегі отбасы институтына бағытталған айдарлары бойынша 55 материал жарияланған.
Жыл сайын отбасы институты және гендерлік саясатқа бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жоба іске асырылады. Жоба аясында жиырмаға жуық іс-шара өткізіліп, аудан орталығында екі баннер орнатылған. Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты бейнероликтер түсірілді.
Жуалы ауданында жалпы халық саны – 54 367. Оның ішінде әйелдердің саны – 26 461. Статистикалық мәліметке сәйкес, ерлердің өмір сүру ұзақтығы 67 жас, ал әйелдерде 74 жасты қамтып отыр.
2022 жылы 198 неке қию тіркелсе, 27 неке бұзу дерегі тіркелген, яғни өз некесін бұзушы отбасылар санының әлі де азаймай отырғанын байқауға болады. Бұзылған некелердің үлесі 14% анықталып отыр. Ал 2023 жылдың қаңтар айы бойынша 10 неке қию тіркеліп, үш отбасы некесінің бұзылғандығы халықты алаңдатпай қоймайды.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында отбасы мәселелерін шешуге бағытталған «Бастау» жұмысшы тобы құрылған болатын. Олардың нақты жұмыс жоспары жасалған. Жуалы аудандық сотынан 71 іс түссе, оның 23-і өзара бітімгершілікпен шешілген, 42 іс нәтижесіз қалып отыр. Ал қалған 6 іс әлі де қаралу үстінде. Сонымен қатар, аудандық сот төрағасының, аудан прокурорының, ювеналды полиция, аудандық билер кеңесінің, психологтардың қатысуымен аталған топ отбасы құндылықтарына, отбасылық дау-жанжалдың алдын алуға бағытталған 91 іс-шара өткізді.
1)«Бастау: Ізгілік қалсын әр ізде…» айдары аясында «Ақ отауға – ақ бата», «Қасиетіңнен айналайын, қара шаңырақ», «Отан отбасынан басталады» тақырыптарында жас отбасыларға арналған танымдық кештер өткізілді.
2)«Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына» тақырыбындағы аудандық семинар-кеңес өтізілді.
3) «Әр бала – ең қымбат қазына» сондықтан әр баланы сақтауға қоғам болып атсалысуымыз қажет» тақырыбында бала қауіпсіздігін күшейту мақсатында аудандық тәжірибе алмасу семинар – практикумы өткізілді.
4)аудандағы 39 орта және негізгі мектептерде «Отбасындағы бала тәрбиесі мен ата-аналардың міндеттері» тақырыбындағы жалпы ата-аналармен кездесу шаралары өткізілді.
Сонымен қатар, жас отбасылар арасындағы ажырасудың алдын алу жұмыстарына медиаторларды тарта отырып, он екі іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік тапсырыс аясында «Тұрғындардың жас отбасылардың ажырасуына көзқарасы» атты 250 адамнан сауалнама алынды.
2022 жылы медициналық көрсеткіштеріне байланысты 160 репродуктивті әйелдің жүктілігі жасанды үзілгені анықталып отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар айында жасанды жүктілікті үзу ақпараты тіркелген жоқ.
Бойжеткен қыздармен саламатты өмір салтын қалыптастыруға, ерте жүктіліктің алдын алуға арналған «Репродуктивті денсаулық – өзекті мәселе» атты дөңгелек үстел отырысы, «Қызды тәрбиелегенің – ұрпақты тәрбиелегенің» атты ой толғау, «Бой түзеу – әдемі ой түзеу», «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы», «Қызым, саған айтамын…!» тақырыптарында бойжеткен қыз балаларымен дөңгелек үстел, кездесулер өткізілді.
Жуалы ауданында әйелдерге және балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері тіркелмеген. Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 39 іс-шара өткізілді.
Жуалы аудандық кеңес беру кабинетінің қызметкерлері 2022 жылы 74 қызмет алушыны қабылдап, 60 психологиялық, 72 әлеуметтік көмек көрсетті. “Сенім” телефоны арқылы 43 қызмет алушыға 38 әлеуметтік кеңес және 23 психологиялық кеңестер берілді.
Материалдық активтері бар әйелдердің ерлерге қарағанда үлесі бойынша, ауданда жалпы 11 532 тұрғын үй бар. Оның 3 155-і әйелдердің иелігінде. Жалпы 27,4%. Көлік саны 7000, оның 840-ы әйелдердің иелігінде (12%). Тіркелген 8000 жеке кәсіптің 3500-і әйелдерге тиесілі (44 %).
Әйелдер арасында нарықтық біліктілігін арттыруға бағытталған «Әйел.Қоғам.Бизнес», «Отбасы ма, қызмет пе?», «Ұлттық құндылықтарды жаңғырту және заманауи кәсіптерді игеру» семинар-тренингтері, «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» атты аудандық әйелдер форумы өткізіліп, әр салада жемісті, жеңісті еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы өз ой-пікірлерімен, өмір жолдарымен тәжірибе алмасып, болашақ қоғамның айнасына айналған әйел азаматтарына мотивациялық кеңестер берілді.
Қазіргі таңдағы қоғамды атқарушы билік өкілінде, органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларды шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 49%-і құрап отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарында «Мерейлі отбасы», «Жас ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы», «Гендерлік теңдік», «Ана мен бала», «Әйелдер зорлық-зомбылығына жол жоқ!» тақырыптарында арнайы айдарлар ашылып, биыл жыл басынан аудандық газет бетінде бүгінгі күнге бес мақала жарияланған.
«Әйел бір қолымен әлемді тербесе, бір қолымен бесікті тербейді» дейді дана халқымыз. Әйел-ананың таным-түйсігі, еңбекқорлығы, білімділігі, парасаттылығы қоғамның дамуына тікелей әсер етеді.
Сөз соңында жастарды отбасылық татулықты сақтауға, жеке бас жауапкершілігін сезінуіне, қоғамның дамуына, ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне барынша үлес қосуға шақырамыз.
Айсұлу Арынова,
аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы