Basty bet

Ешкім назардан тыс қалмайды

Қазір аты жаман індетке байланысты біздің елде қалыптасып отырған ахуал өте күрделі. Карантин режимі қанша күшейтілгенімен ол аурудың алдын алуға күші жетер емес. Президенттің пәрменімен соңғы екі аптада карантин режимі күшейтіліп, қатаң шаралар қолға алынуда. Соған қарамастан ауру жұқтырған адамдардың қатары көбейіп отыр.
Ауру белгілері байқалған алғашқы күннен-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сонымен бірге, ел Үкіметі, өңірлер мен аудан, ауылдардың әкімдері жұртшылықты аты жаман індетпен жұмыла күресуге шақырды.
Бұл күрестің басында әрине, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, дәрігерлер, Ұлттық гвардияның сарбаздары бірге жұмылып, бір сапта аянбай қызмет етіп келеді. Бұл іске кәсіпкерлер мен волонтерлар де білек сыбана кірісіп отыр. Бірлігі мықты елді ешқандай жау да, дау да ала алмайды. Осы ретте көпшілікпен бірге аты жаман індетті жеңетінімізге көзіміз жетеді.
Елімізде тіркелген бұл жұқпалы ауруды жұрт болып бірлесіп күрескенде ғана жеңе алатынымыз анық. Коронавируспен күресте күн демей, түн демей тер төгіп, еңбегін туған еліне арнап жүрген азаматтарға көмек-қолдау көрсетейік. Мемлекетіміздің ұстанып отырған саясатын қолдайық. Өзіміздің де сол сапта болғанымыз дұрыс.
«Ел – ебелек емес, ер – кебенек емес» деген сөз бар халқымызда. Қазір тұтас еліміздің тағдыры, халықтың өмірі мен болашағы сынға түскен күрделі кезеңде тұрмыз. Ел ішінде аздап абыржулар, түсініспеушіліктер бар. Дәрі-дәрмек, басқа да медициналық құралдардан тапшылық байқалады. Алайда халықтың алаңдауына, абыржуына ешқандай негіз жоқ. Жұқпалы дертпен күресуге елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Күрделі кезеңде жұмысынан уақытша қол үзіп қалған азаматтарға да мемлекет жағдай жасайды. Мұндай жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген сөз бар. Аты жаман індетті ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылғанда ғана еңсеретініміз анық. Бәріміз бір болғанда ғана осы жұқпалы ауруды жеңіп шығатынымызға кәміл сенемін.

Мақсатбек Әбдібеков,
«Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close