Basty bet

Бір суреттің тарихы

«Жуалы» атты тарихи-танымдық энциклопедияны жазу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, сіздердің қолдарыңызға тигелі отырған туындының редакциялық алқасының төрағасы Сейітхан Жұмашев елді елең еткізетін бір фотосуретті ұсынып, оның тарихын айтып берді. Бұл сурет бес-алты жыл бұрын жуалылықтар құрмет тұтатын азамат Жарас Мұратайдың қара шаңырағында түсіріліпті. Сол жақта тұрған еуропалық нәсілді азамат – Ресей Федерациясы ФСВ-ның генерал-полковнигі Васильев Владимир Абдулаевич. Жарас аға мен оның жұбайының жанындағы кісі – кезінде Оңтүстік Қазақстан, Алматы қалалық Ішкі істер департаментін басқарған, Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары болған генерал-майор Қалдан Оразалиев.
Владимир Васильев – 1952 жылы бұрынғы Бурно-Октябрск ауылында дүниеге келіпті. Шамасы, бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүргенде болашақ генералдың ата-анасы Ресейге қоныс аударып, сонда ержетіпті. Мектепте жақсы оқып, әскери училищені, академияны бітіріп, генерал-полковник шеніне дейінгі даңқты жолдан өтеді. Генерал талай биіктерден асып, Ресей Федерациясы ФВС-сы Бас директорының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарған.
Генерал-майор Қалдан Оразалиев Мәскеуде Қазақстан елшілігінде жауапты қызмет атқарып жүрген кезінде екі генерал танысып, достасып кетеді.
– Қалдан, мен 1952 жылы Жуалы ауданының Бурно-Октябрск селосында дүниеге келіппін. Марқұм анам дәрігер еді. Кішкентай бала болсам да есімде: әкем екеуі қыста шанамен, жаз кезінде арбамен ауыл-ауылды аралап, аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін. Кейін білдім, Ресейден жер аударылып келген ата-анама қазақтар көп жақсылық жасапты. Өз Отанымызға көшіп кеткенімізде әке-шешем қазақ халқының мейірімділігін, ақжүректігін, қонақжайлылығын сағынышпен еске алушы еді.
Анашым дүниеден озар алдында мені шақырып алып: «Балам, сен Қазақстанда туғансың, Қазақстанның оңтүстік өңірінде атақты “Бурное” деген станция бар. Сенің кіндік қаның сонда тамды. Қазақ деген керемет халық! Шұрайлы жері де нағыз жұмақ! Менің түсіме ылғи сол өлке кіреді. Үлкен қызметте жүрсің, қолың ұзын. Мүмкіндігің болса, туған жеріңе барып, тағзым етіп қайт деп еді, – дейді бірде Владимир жан сырын ақтарып.
– Әңгіменің көкесі сенде екен ғой, – дейді генерал Қалдан Оразалиев жас балаша қуанып. – Қызықты қараңыз, екеуміз дос қана емес, нағыз жерлестер болып шықтық. Мен де жуалылықпын. Ертеректе менің туған жерім – Түлкібас пен Жуалы бір аудан болған.
Атақтары жер жаратын қос генерал Астанаға ресми сапармен келгенде уақыт тауып, Жуалыға тартып кетеді. Владимир Васильев туған жері – Бурно-Октябрск ауылына соғып, жерлестерімен кездесіп, арқа-жарқа болады.
Жуалылықтар қонақ күтуден алдарына жан салған ба? Ел ақсақалдары Жарас Мұратай мен зиялы азамат Сейітхан Жұмашев алыстан ат арытып келген қадірлі қонақтарды кезек-кезек қонаққа шақырып, дәм татқызады, сый-сияпат жасап, үлкен құрмет көрсетеді. Елдің ыстық ықыласына бөленген ресейлік еліне риза болып аттанады.
– Туған жердің топырағы әрқашанда ыстық қой! Әр азамат қайда жүрсе де, дүние есігін ашқан атамекенін ешқашан да ұмытпақ емес. Сол күні генерал-полковник Владимир Васильев ерекше қуаныш құшағында болды. Елге, жерге, қазақтарға деген ыстық сағынышын баса алмай, бізді қимастық сезіммен құшақтап жатты, – дейді сол ұмытылмас күнді Сейітхан сағынышпен еске алып.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Қазақстанның
Құрметті жазушысы

Таңдаулы материалдар

Close