Basty bet

Педиатрия мен неонатология – оның қос қанаты

Адам өмірінің ең қымбат қазынасы – денсаулық екені анық. Осынау баға жетпес байлықты қорғау жолында мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі саналатын медицина бағыты қоғам үшін айрықша маңызды.
Денсаулық сақтау саласында талмай еңбек етіп, халық денсаулығының нығаюына қомақты үлес қосып жүрген ақ халатты абзал жанның бірі, педиатр-неонатолог дәрігер – Диляра Мырзахметова. Ол Алматы облысының Панфилов ауданы Көктал-Арасан ауылында дүниеге келіп, сол жерде балалық шағын өткізген. Содан соң Жаркент қаласындағы №6 мектеп-интернатында білім алып, 2012 жылы Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің педиатр дәрігері мамандығын меңгеріп, содан соң педиатрия бойынша интернатурадан өтті. Алайда ол медицинаның бір саласына ғана тоқтамай, білімін жетілдіру мақсатында неонатология саласы бойынша даярлықтан өтіп, арнайы неонатология саласын толық меңгеріп, жаңа туған сәбилердің өміріне жауапты салаға нық сеніммен қадам басты. Осылайша, ол бүгінде Жуалы аудандық ауруханада тек жалпы білікті педиатр ғана емес, сонымен қатар жаңа туған нәрестелердің өміріне жауапты неонатолог дәрігер.
Еңбек жолын 2015 жылы аудандық орталық ауруханада учаскелік дәрігер болып бастаған ол, бүгінде осы аудандық ауруханада балалар бөлімінің меңгерушісі және перзентхана бөлімінің неонатолог дәрігері қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Осы жылдар ішінде талай сәбидің денсаулығын сақтап, талай отбасының шынайы қуанышына себепкер бола білді.
– Дәрігерлік оңай қызмет емес, қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін мамандық. Әсіресе, балалармен, жаңа туған сәбилермен жұмыс жасау ерекше жауапкершілік пен тұрақтылықты талап етеді. Қазіргі кезде балалардың аурушаңдығы, әлсіздігі күн санап жиілеп отыр. Күн суытып, ауа райы құбылмалы болуына байланысты тұмау мен тыныс жолы аурулары да көптеп кездесуде. Әсіресе, жаңа туған нәрестелер, мектеп және балабақшаға баратын балалар арасында тұмау және вирустық аурулар кең таралуда.
Баланың ағзасы ересектерге қарағанда әлсіздеу болғандықтан, түрлі вирустық аурулар балаларға тез жұғады. Осы тұста дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу және жеткілікті ұйқы – аурудан қорғанудың ең қарапайым әрі ең тиімді жолдары болып табылады. Сонымен қатар адамдар көп жиналатын жерде ауру тез тарайтыны анық. Балаларды адамдар көп шоғырланатын жерге мүмкіндігінше апармауға тырысу қажет. Ал тұмаудың немесе қандай да бір аурудың белгілері байқалса, баланы өз бетімен емдеуге шешім қабылдамаған жөн. Себебі, көп ата-ана дәрігердің нұсқауынсыз балаларына дәріні көрсетілген шамадан тыс беріп қойып жатқан жайсыз жайыттарды да естіп жатамыз. Бұл жағдайда ең дұрысы тез арада дәрігерге бару.
Осы тұста дәрігер ретінде ата-аналарға айтар кеңесім бар. Баланың денсаулығына бей-жай қарамай, алдын алу шараларын жасаған абзал. Экология, дұрыс тамақтанбау, гаджетке тәуелділік және қозғалыстың аздығы барлығы денсаулығымызға кері әсерін беруде. Бұл дәрігерлер үшін үлкен сын десем де болады. Бұл мамандықтың қиындығымен қатар, қызығы да бар. Әсіресе, ем алған бала ауруханадан ойнап-күліп шыққанда, ата-ананың қуанышты жүзін көргенде, бар шаршағаның ұмытылып кетеді. Мен үшін ең бастысы – әрбір баланың амандығы. Дені сау ұрпақ – елдің ертеңі,- дейді педиатр-неонатолог дәрігер Диляра Мұхтарқызы.
Бүгінде ол жұмысында білікті дәрігер болса, шаңырағында аяулы жар, ата-енесінің инабатты келіні. Отағасы екеуі бүгінде төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close