Basty bet
«Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі және ауылдық округтердің әкімдері жергілікті жерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, проблемаларға қанығу үстінде. Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірдің таулы аймағындағы Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтерінде болып, ондағы тұрғындармен емен-жарқын кездесулер өткізді.
Аудан басшысы аталған ауылдық округтер әкімдерінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының барысымен танысып, 2024 жылы атқарылатын жұмыстардың да жай-жапсарына қанықты. Сонымен қатар, тұрғындардың сұрақтары мен мұң-мұқтажына назар аударып, олардың тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Жиында есеп берумен қатар, негізінен тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелерге баса назар аударылғанын баса айту қажет.
Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза ең алдымен таулы аймақта орналасқан ауылдық округтерге баратын күре жолдың бойында орналасқан Жетітөбе ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Аудан әкімінің Жетітөбе ауылдық округі тұрғындарының алдындағы есептік кездесуінің барысында ауылдық округтің әкімі Қайнарбек Беделбеков 2023 жылы атқарылған жұмыстардың есебіне арналған баяндама жасады. Өткен жылы бұл округте бірқатар жұмыстар атқарылған деуге болады. Ең бастысы, мұнда 2022 жылдың соңында тұрғындар көптен күткен «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жұмыстар басталып, аталған бағдарламаның аясында ауыл тұрғындары тұрмыстық табыстарын арттыруға қол жеткізіп, осыған сәйкес, өңірде тиісінше төрт түлік басының да анағұрлым артқаны анық байқалады.
Ауылдық округтің әкімі Қайнарбек Молдаханұлының айтуынша, есепті мерзімде салықтық түсімдер біршама артқан. Тұрғындардың өмір сүруіне ең қажетті тұрмыстық игіліктердің бірі – ауызсу мәселесіне тоқталсақ, 2023 жылға дейін ауылдық округке қарасты Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат және Қоңыртөбе ауылдарына ауызсу жүйелері тартылып, қазіргі кезде аталған төрт елді мекендегі 299 аула таза ауызсу пайдаланып отырса, былтыр Кәріқорған және Тасбастау ауылдарына жалпы ұзындығы 21 шақырым болатын ауызсу жүйесі жүргізіліп, екі ауылдан 230 үй таза ауызсу жүйесіне қосылған. Ауылдық округте тұрғын үйлерді газдандыру мәселесі де өз шешімін тапқан. Есепті мерзім ішінде, ауылдық округке қарасты бірқатар көше жолдары орта жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Биыл да бірді-екілі көшенің жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
-Тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында ауылдық округте «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2022 жылдың соңында басталып, 2023 жылы тұрғындарды 2,5 пайыздық несиелеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасына округтегі 529 ауланың 513-і қамтылды.
Несиелеудің талабы бойынша 2022 жылдың қазан айында «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, несиеге жаңадан 4 дана ЛОВОЛ тракторы және жеті дана әртүрлі аспалы тіркемелер сатып алынды.
Жобаның аясында ауыл әкімшілігі арқылы 249 өтінім қабылданып, оның ішінен 198 өтінім корпорацияның қарауына өтіп, мақұлданды. Оның ішінен 155 өтінім иесі жалпы сомасы 771 770 000 теңге көлеміндегі қомақты қаражатқа қол жеткізіп, оған барлығы 3 146 бас мал алынды (сиыр -755, жылқы -356, қой -2035 басты құрайды). Осы жұмыстармен қоса, Алматы қаласындағы Аграрлық университеттің ғылыми орталығы арқылы округте сиырларды қолдан ұрықтандыру және асыл тұқымды малдың басын арттыру шаралары қоса атқарылып, барлығы 126 бас сиыр қолдан ұрықтандырылды,- деді ауылдық округтің әкімі Қ.Беделбеков.
Иә, бұл ауылдық округтің ауыл шаруашылығы саласына бейімделгенін ескерсек, ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Былтыр бұл бағытта бір жоба іске асырылып, Тасбастау ауылындағы «Ысқақ Ата» жеке кәсіпкерлігі асыл тұқымды мал өсіру бағытында Чехиядан «Симменталь» тұқымды сауын сиырлар сатып әкеліп, жұмыс тиімділігін арттыруда. Жобаның құны – 14 400.0 мың теңгені құрайды. Шаруа азамат биыл қолға алған кәсібін одан әрі кеңейтіп, шағын сүт-тауарлы фермасын ашуға ниеттеніп отыр. Кәсіпкерлік саласына келсек, былтыр Қоңыртөбе ауылының екі азаматы кәсіпкерлік бағыттағы жобаларын іске асырды. Одан бөлек, Кәріқорған ауылындағы «Алатау сүт өнімдері» АӨК кәсібін кеңейтіп, Түркиядан жалпы құны – 41,0 млн теңгені құрайтын қондырғыларды орнатып, ауылдың шетінен жаңадан сүт зауытын ашуға жұмыс жасау үстінде.
Айта берсе, ауылдық округте атқарылған бірқатар жұмыстар бар. Ал атқарылмаған жұмыстар одан да көп. Өйткені бұл – өмірдің талабы. Аудан әкімі округте атқарылған жұмыстарды саралай келе, биыл атқарылатын жұмыстардың да бірқатарын атап өтті. Оның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен атқарылған жұмыстардың нәтиже беріп отырғанын да айтып, бағдарламаның бесінші бағыты – кәсіпкерлік бағытын дамытудағы олқылықтарды да сынға алды. Бір сөзбен айтқанда, жобаның аясында жеңілдетілген несие алған тұрғындар тұрмыстарын түзеп, табысын да арттырған. Ал бесінші – кәсіпкерлікті дамыту аясындағы жұмыстар өз деңгейінде емес. Аудан басшысы ауыл әкіміне және тұрғындарға жалпы округте кәсіпкерлік саласын барынша дамытуға мүмкіндіктердің мол екенін жеткізді.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шарханбек Қожаназаров ауыл тұрғындарының атынан – округтегі Тасбастау бастауыш мектебі, Т.Рысқұлов және Д.Пахомов атындағы орта мектептердің жылыту қазандықтарын табиғи газға ауыстыру, Жетітөбенің жотасына қыстың күндері қар ұстайтын тосқауылдар қою, Кәріқорған ауылындағы спорт мектебінің облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының теңгеріміне алып, штат беру мәселесі және округтің орталығындағы Т.Әкімов атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу туралы маңызды мәселелерді көтерді. Жиында одан бөлек, тұрғындардың атынан Тасбастау ауылынан Кәріқорған ауылындағы Т.Әкімов атындағы орта мектепке жаяу қатынап оқитын оқушыларды тасымалдайтын автобус бөлінсе, т.б. ауыл тұрмысына қатысты мәселелер көтеріліп, олардың барлығы тиісті назарға алынды.
Жиынды қорытқан аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, ауылдық округтің көлемінде ет және сүтті терең өңдейтін кәсіпорындарды көптеп ашып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға болатынын айтып, онымен қоса биыл Шыңбұлақ және Майбұлақ ауылдарында екі көшенің жолы орта жөндеуден өтетінін және Тасбастау ауылында заманауи спорт алаңшасы салынатынын жеткізді.
Айта кету керек, аудан әкімінің ауылдық округтің тұрғындарымен болған кездесу жиынының барысында аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев сөз сөйлеп, ол өз сөзінде, Қазақстан Республикасының заңнамаларына енгізіліп жатқан өзгерістер туралы, сот жүйесіндегі өзгерістер, оның ішінде, үш сатылы сот жүйесі, кассациялық сот, келер жылдан бастап үздіксіз кассация енгізілетінін айтып, одан бөлек, Парламентпен қабылданған заңдар, алқабилер соты туралы айта келіп, ауыл тұрғындарын заңды барынша сыйлауға және оны сақтауға шақырды. Сонымен қатар елімізде, оның ішінде, аудан көлемінде белең алып отырған интернет алаяқтардан сақ болу туралы да айтты. Жиынға қатысқан аудан прокуроры да тұрғындарға алаяқтардан сақтану турасында мәлімдеме жасап, мұндай жағдайлардан сақтануды ұсынды.
Күреңбелдіктер ендігі кезекте ауызсудан тарықпайды
Аудан жұртшылығына белгілі болғандай, ағымдағы жылдың 11 ақпан күні ауданға қарасты екі бірдей ауылдық округте ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Соның бірі – Күреңбел ауылдық округі. Тұрғындардың басым дауысын иеленген Марат Жарлықасын аталған ауылдық округтің әкімі болып сайланды.
Өткен жұмада аудан әкімі Жалғас Мұртаза Күреңбел ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, кездесу барысында ауылдық округтің тұрғындарына округке сайланған жаңа әкімі Марат Ысқақұлын ресми таныстырды. Сонымен қатар ауыл басшысына бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Оның ішінде, ауылдық округте белгісіз себептермен аяқталмай қалған көше жолының құрылысы, ауылдағы ауызсу мәселесін шешу, т.б. әлеуметтік мәселелер бар. Айта кету керек, М.Жарлықасынның Күреңбел ауылдық округінің әкімі қызметіне жаңадан кірісуіне байланысты ол аталған округте 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген жоқ.
-Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында Күреңбел ауылының тұрғыны, зейнеткер Еркебай Нағашыбеков үш маңызды мәселені көтергені белгілі. Оның ішінде, Күреңбел ауылында көп жылдан бері өзекті болып келе жатқан ауызсу мәселесін шешу, ауылдық округке «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие қаражатын тарту, сонымен қатар «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойынан (таулы аймақтағы ауылдық округтердің тұсынан) жолайрық салу мәселелерін көтерген болатын. Аталған мәселелер туралы қосымша айта кететін болсам, Күреңбел ауылындағы ауызсу мәселесі көп ұзамай өз шешімін табады. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Күреңбелдік тұрғындар ендігі кезекте таза ауызсудан таршылық көрмейтінін баса айтқым келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен атқарылатын жұмыстар да өзінің кезегін күту үстінде. Биыл бұл жобамен өңірдегі екі ауылдық округті қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Ал «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойынан (таулы аймақтағы ауылдық округтердің тұсынан) жолайрық салу мәселесіне келсем, бұл мәселе 2028 жылы өз шешімін табады деп күтілуде. 2028 жылы аталған көлік дәлізіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Аталған маңызды мәселе де сол кезде ескерілетін болады,- деді аудан әкімі Жалғас Мұртаза.
Кездесу жиынының сұрақ-жауап бөлімінде сөз алған ауыл тұрғындары, атап айтқанда, зейнеткер, еңбек ардагерлері – Жетпіс Көпбаев, Серік Серғазиев және Еркебай Нағашыбеков, сонымен қатар ауыл тұрғыны Ғалымжан Рүстембеков ауызсуды үнемдеп пайдалану, каналға шлюз орнату, Күреңбел ауылындағы электр жарығының жиі өшетіні туралы, жайылымдық жерлердің мәселесін тездетіп шешу, сондай-ақ «Күреңбел» бөбекжай-балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу туралы бірқатар маңызды мәселелерді аудан басшысының назарына салды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»