Basty bet

Азаматтардың ұсыныс-тiлектерi – басты назарда

Аудандық әкімдіктің аппаратында аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның бірқатар азаматтарын жеке сұрақтармен қабылдады.
Қабылдауға сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Қабылдауда болған 14 азамат аудан әкіміне әртүрлі мәселелермен қайырылды.

Аудан әкімінің жеке қабылдауына алғаш болып кірген Көлбастау ауылының тұрғыны, 1-2 топтағы мүгедек З.Үсіпова мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 179-шы болып кезекте тұрғанын, алайда бүгінде жалға алып тұратын пәтер иелері үйден шығуды талап етіп отырғанын айтып, тұрақты үй-жаймен қамтамасыз етуді сұрап, өтінішін білдірді.
Ал, Көлтоған ауылының тұрғыны Ж.Қонашева «Ұмсынай» шаруа қожалығының иелігіндегі 150 гектар жайылым жер телімінің мерзімі өтіп кетуіне байланысты, аудандық жер комиссиясында пайдалану құқығы тоқтатылып, аудандық жер қорына алу туралы қорытынды қабылданғандығын хабарлап, жер қайтарылса деген ұсынысын жеткізді. Дәл осындай мәселемен Түктібай ауылының тұрғыны, «Маржан» шаруа қожалығының басшысы Г.Тәкенова да өз өтінішін жеткізді.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылының тұрғындары, жеке кәсіпкер Н.Егембердиева кәсібін жандандыру үшін аудан орталығынан жер берілсе десе, Л.Дәулетбаева жылыжай салу үшін жер телімі жалға берілсе деген ұсынысын айтты.
Одан бөлек, Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов және ауылдық округтегі әкелер алқасының төрағасы Уәли Жаманқұлов ауылдың жастары спортқа жақын екендігін және облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген белсенді жастардың бар екендігін алға тартып, Көлтоған ауылынан спорт кешені салынса деген ұсыныс-тілектерімен қайырылды.
Қайрат ауылының тұрғыны Б.Сейітқасымов жер және су мәселесі туралы сауалын жолдаса, Бәйтерек ауылының тұрғыны Қ.Сағазиев су ұңғымасын қазып беруді сұрады. Ал, Ақтөбе ауылдық округінен келген А.Заппаров округте егістікке қажетті су тапшы екендігін айтып, бөгет жасау қажеттігі туралы ұсынысын білдірді.
Келесі кезекте аудан басшысының қабылдауында болған Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана М.Қударова тұрақты жұмысқа орналастыруын өтінді.
Жиын барысында қойылған сұрақтарды саралай келе, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары нақты жауаптарын беріп отырды.
Қабылдауға алдын ала жазылған азаматтар негізінен тұрғын үй кезегі, жеке аулаға ауызсу құбырын тарту, тұрақты жұмыс, мал жайылымына арналған жердің мәселесі және жеке кәсіпке қатысты түйткілді сұрақтармен келді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы өтінішпен қайырылған азаматтардың мәселелерін жеке-жеке тыңдап, оның кейбіріне байланысты аудандық әкімдіктің бөлім басшыларына және ауыл әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Тұрғындардан түскен сұрақтардың барлығына алдағы уақытта тиісті комиссия тарапынан жүйелі зерделеу жасалады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close