Қараша айының 10-17 аралығында Монғолияның астанасы Ұланбатырда бокстан жастар арасында Азия чемпионаты болды. Жарысқа Азия құрлығындағы 16 мемлекеттен он салмақ дәрежесінде 200-ге жуық спортшы қатысты. Біздің елден он салмақ дәрежесі бойынша он спортшы қатысып қайтты. Оның ішінде біздің жуалылық жас спортшы Ақбастау ауылының тумасы Дүйсебай Дархан Талғатұлы да қатысып, алтын медаль иегері атанып, еліміздің абыройын асқақтатты.
Дарханның елге келгенін біз асыға күттік. Себебі, қысқаша ақпараттан гөрі Дарханмен сұхбаттасып, оның ойымен, қуанышымен бөлісіп жазылған мақала оқырман үшін, оның ішінде спортқа қызығушылық танытып жүрген жастар үшін әлдеқайда рухани азық боларлық мәнді де тағылымды дүние.
Дархан 2001 жылы Ақбастау ауылында өмірге келген. 6 сыныпқа дейін ауылдағы Бейімбет Майлин атындағы орта мектепте оқыды. Он жасынан бастап осы мектептегі бокс үйірмесіне қатысқан. Жетінші сыныптан бастап Алматы қаласының жанындағы Ұзынағаш ауылындағы Наурызбай орта мектебінде білім алады. Ал дәл қазіргі таңда Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің дене шынықтыру және спорт факультетінің 1 курс студенті.
Дарханның жеңіске жетуіне жаттықтырушылары Ерболат Айнабеков пен Қайрат Жанысовтың қосқан үлесі зор.
Дарханмен ұялы телефон арқылы сөйлестік. Жалындаған, болашағынан үлкен үміт күттірер жас спортшының шын жүректен шыққан жалынды сөзі мені тебірентті.
-Дархан, жеңісіңіз құтты болсын! Еліміздің, жуалылықтардың мәртебесін тағы бір рет көтерген жарыс туралы айтып беріңізші.
-Рақмет!
8 қарашада 18-ге толдым. Туған күнімді Монғолияда өткіздім.
Жарыстың бірінші күні ирандық спортшымен жұдырықтастым, екінші күні индиялық спортшымен рингіге шықтым. Жартылай финалда жапондық спортшымен, ал финалда өзбекстандық мықты спортшы Жавлонбек Юлдашевпен жұдырықтастым. Жавлонбектен бұған дейін Шымкентте өткен жарыста жеңіліп қалғанмын. Ол өте физикалық жағынан күшті спортшы. Сондықтан бұл жеңіс мен үшін өте қиын болды. Намысқа тырыстым. Нәтижесінде 5:0 есебімен қарсыласымды жеңдім.
Жарыста Қазақстан құрама командасы командалық есеп бойынша І орынды иеленді. Яғни, алты алтын, бір күміс, екі қола медаль иелендік.
-Жеңіске жеткен сәтте қандай әсерде болдыңыз?
-Жеңіске жетіп, Әнұранымыз шырқалып, Туымыз көкке көтерілгендегі сезінген сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Өте керемет. Көзіме еріксіз жас келді. Қуандым, Аллаға шүкіршілік еттім! Осындай Тәуелсіз елімнің барына шүкіршілік еттім.
– Спортшы үшін әрбір жеңіс – үлкен сабақ. Әр жеңістің өз қиындығы бар. Бұл жеңіс сіз үшін несімен есте қалды? Жалпы, өзіңізге еліктеген інілеріңізге не айтар едіңіз?
-Әрине. Жарысқа іріктеліп келген спортшылардың барлығы бір-бір елдің мықтылары. Сондықтан бокста тек күш қана емес, ақыл да, айла да керек. Әр жеңіс үлкен еңбекпен келеді. Рингіде қарсыласыңды бақылап, оның әлсіз жағын байқау керек. Бұл жарыста мен ақыл мен айланың арқасында жеңіске жеттім.
Артымнан ерген інілеріме айтарым – өмірде ең бірінші адам болып қалу керек. Адамгершілік қасиетті бірінші орынға қоюымыз қажет. Өмірде қай жолды таңдасаңыз да қиындықтар көп кездеседі. Бірақ, шаршамау керек. Шаршамай, тек алға ұмтылып, әр қиындықтан сабақ алып, ширай түсу қажет. Сонда ғана мақсатыңа жетесің, еліңнің де мәртебесін көтеруге үлес қоса аласың.
-Болашақта кім болғыңыз келеді?
– Әкім, депутат болғым келеді. Осындай жоғары қызметтерде болып елім үшін қызмет етсем деймін. Барынша елімізде қай жерде қандай мәселе туындап жатыр, соларды шешіп, елімізді дамытқым келеді. Жалпы, менің арманым – халық үшін аянбай еңбек ету.
-Еліміздегі жастар саясаты туралы жеке пікіріңіз.
-Биылғы жылы Жастар жылы деп белгіленіп, жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Жоғары оқу орындарына көптеп гранттар бөлінді. Жастар тегін оқуға түсіп, шәкіртақылар алуда. Жастардың спортпен шұғылдануына, кәсіппен айналысуына барынша жағдай жасалуда. Ауыл-ауылдан спорт нысандары ашылып жатыр. Сондықтан жастар саясатына көңілім толады.
Алдағы ҚР Тұңғыш Президенті, Тәуелсіздік күні қарсаңында тұрғандықтан, жерлестерімді мерекелерімен құттықтаймын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Тұңғыш Президентіміз еліміздің жарқын келешегі үшін аянбай еңбек етті. Алға биік мақсаттар қойды. Және соған жеткізді. Елбасының табандылығы, саясаткерлігі, даналығы, көрегендігі жастар үшін үлкен үлгі-өнеге, мақтаныш әрі мәртебе.
Елбасымыз елімізді дамыған 50 елдің қатарына кіргізді. Енді 30 елдің қатарына кіргізуді мақсат етуде. Барымызды бағалап, еңбек етейік. Еңбек пен білімнің, бірліктің арқасында әлемнің дамыған он елінің қатына кірейік.
-Рақмет, Дархан! Елімізде өзіңіздей жастар және сүйіншілейтін қуаныштарыңыз көп болсын! Тек қана ақ жол, сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»