«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру және ауылдық елді мекендерді көріктендіру, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында облыстық деңгейде «Үлгілі ауыл» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның мақсаты – ауылдар мен елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, қоршаған ортаны қорғауға атсалысу, санитарлық тазалықты сақтау, меценеттарды тарта отырып ауылды көріктендіру және көркейту. Ал, ауылдарда адамның өмір сүруіне, оның денсаулығын жақсартуға қолайлы орта қалыптастыру жобаның міндетіне кіреді.
Осы орайда «Үлгілі ауыл» жобасы басталғалы бері аудандық газет бетінде көпшілікке үлгі етуге тұрарлық бірқатар ауылдардың тыныс-тіршілігі, өзіндік дәстүрлері туралы кеңінен жазылған болатын. Біздің ауданымыздан аталған байқауға қатысуға аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылы ұсынылған еді. Алайда облыстық комиссияның ұйғарымымен бұл байқауға қатысуға Б.Момышұлы ауылы емес, Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылы таңдалып алынды. Бұл жөнінде біз өткен аптада Қарабастау ауылына барған сапарымызда кеңінен хабардар болдық. Газетіміздің №46 санында аталған ауыл туралы «Қаймағы бұзылмаған Қарабастау» атты мақаланың жариялануына байланысты біз бұл мақалада ауылдың даму көрсеткіштері туралы цифрларға тоқталмаймыз. Тек қана «Үлгілі ауыл» жобасына сәйкес келетін критерийлер туралы сөз қозғаймыз.
Сонымен, «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, қай жағынан болсын бұл ауылда үлгі етерлік істер жетерлік. Ауданымыз негізінен дәстүрлі ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен Қарабастау ауылының тұрғындары да мыңғыртып мал ұстап, сол арқылы ел ырысын еселеп, тұрмыс жағдайларын да көтеріп отыр деуге әбден болады. Жалпы ауылдың тыныс-тіршілігі туралы бізге Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев таратып айтып берді.
-Ауыл тұрғындары егін және мал шаруашылығына ден қойған. Ауылда малдың басы жылдан жылға артып келеді, биылғы жылы МІҚ – 596 басты, жылқы – 342 басты, қой мен ешкі – 5794 басты және үй құстары 1217-ге жетіп отыр. Биылғы жылдың өнімі үшін 35,7 га жерге бақша өнімдері егілсе, 500 га жерге бидай себілген.
Ауылда бірлігі мен ынтымағы жарасқан орыс, татар, шешен, өзбек және қырғыз ұлтының өкілдері мекен етеді. Қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан олар ауылдың тыныс-тіршілігіне бейімделіп, тұрғындармен тату тәтті ғұмыр кешуде.
«Үлгілі ауыл» жобасына сәйкес келетін критерийлердің ішінде рухани және өзге де құндылықтарды үлгі ету оның ішінде, алкогольді ішімдіктерден, басқа да зиянды ішімдіктерден бас тарту, қазақи салт-дәстүрлерді жаңғырту туралы айтылған болатын. Бұл мәселелерге біз де баса мән беріп қараймыз.
Билікөл ауылдық округі бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2020-2021 жылдарға арналған жоспарлары бекітілген. Жоспарға сәйкес, учаскелік полиция инспекторы Б.Альменбетовпен бірлесіп ауыл тұрғындарымен құқық бұзушылықтың алдын-алу мен қылмысқа қарсы күрес жөнінде құқықтық кеңес беру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал тасымалдаушы жүк көлігі иелерімен құжатсыз (ветеринарлық анықтамасыз) мал шаруашылығын тасымалдаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, көлік жүргізу куәлігінен айыруға дейін және үлкен көлемде айыппұл салуға әкеп соғатындығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, жоспарға сәйкес азық-түлік дүкендерінің иелеріне мас күйінде жасалған қылмыстарды азайту мақсатында жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарға алкоголь өнімін өткізген жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне сәйкес көп мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғатындығы туралы хабарламалар берілді.
Осындай іс-шараларды қолға алып, жұмыс жасағанымыздың нәтижесінде соңғы бес жыл ішінде Қарабастау ауылында қылмыстық фактілер тіркелген жоқ.
Қаймағы бұзылмаған қазақи Қарабастау ауылында қазақ отбасыларында ажырасу деңгейі төмен. Бұған ауыл ақсақалдары мен үлкендердің жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса – ағалық-аталық ақыл-кеңестерін айтып, ұрыс-керіс шықса – бақылап, екі жақты жарастырып отыруы себеп. Жастарымыз ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөздерін жерге тастаған емес. Олар телі-тентекті тыйып, ақылын айтып, отбасында жөнсіз ұрыс-керістің болмауына өз септіктерін тигізуде. Сол себепті де ауылымызда жастар арасында ажырасу деңгейі мүлдем аз. Мысалға 2019 жылдың 6 айымен 2020 жылдың 6 айын салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, 2019 жылы 17 жас шаңырақ көтерсе, 2020 жылы 14 жас отбасын құрды. 2019 жылы 1 жас отбасы белгілі себептердің бірі мінездерінің жараспауынан ажырасса, 2020 жылы жастар арасында ажырасу фактілері тіркелген жоқ. Бұл да бұрыннан қалыптасқан тәрбиенің жемісі,- дейді Талғат Пернебекұлы.
Осынау қасиетті мекеннен түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр қиырында қызмет бабымен жүрген патриот азаматтар туған ауылдарына қол ұшын созуды азаматтық парызы санайды екен. Ауылға жанашыр осындай азаматтардың қатарында белгілі кәсіпкер Ерғали Миразов та бар. Ерғали Төреұлы туған ауылынан жырақта жүрсе де жерлестеріне үнемі көмектесіп отырады екен. Бұған ең алдымен Қарабастау ауылына еңселі мешіт салдырып, тұрғындардың имандылыққа бет бұруына септігін тигізгені дәлел бола алады. Одан кейін 2018 жылы Берікқара тау шатқалынан «Берікқара» отбасылық-демалыс орталығын ашты.
Онда өткен жылдары аудан мектептерінен озат және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар демалып, табиғат аясында сейіл құратын. Биылғы жылы ел ішінде таралған індетке байланысты балалар лагері өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Әйтпесе, үш қабаттан тұратын 500 орындық еңселі ғимараттан бөлек, биылғы жылы да 150 орындық қосымша ғимаратты пайдалануға бермекші. Осындағы отбасылық-демалыс орталығының техникалық директоры Мақсат Әзімбаевтың айтуынша, аталған орталық лагерь кезінде 60-70 адамға жұмыс беруге қауқарлы көрінеді.
Кәсіпкер азамат туған ауылына саябақ орнатып, тал-дарақтар егуге де атсалысып келеді. Саябақ маңын жасыл белдеуге айналдыру мақсатында талдың 35 түрінен 1500 дана тал-дарақ отырғызылған. Қазіргі таңда саябақ жайқалып, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Е.Миразов жақында ғана ауылдың кішкентай бүлдіршіндеріне ойын алаңшасын орнатып, қуаныш сыйлады. Ойын алаңшасы Қарабастау ауылының орталық саябағына орнатылды. Кәсіпкердің бұдан басқа да қайырымды істері жетерлік.
Біз Қарабастауға барған сапарымызда «Берікқара» отбасылық-демалыс орталығымен іргелес орын тепкен «Тау самалы» демалыс орталығына да қайырылдық. Мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңадан абаттандыру, ғимараттарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Алыс-жақынға әсем табиғатымен танымал демалыс орталығының басшысы Арыстан Тілебаев мұнда жасалып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы уақытта емдеу-сауықтыру орталығын ашу да жоспарда бар екенін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, әйгілі Берікқара шатқалында орналасқан демалыс орталықтары Қарабастау ауылының дамуына да өзінің оң септігін тигізетіні сөзсіз.
Билікөл, Қарабастаудың аты атала қалса, онымен бірге балық шаруашылығы да қоса аталады. Қазіргі таңда Билікөл көлін тоғыз жылға жалға алған «Жуалы и К» ЖШС балық өндірумен қатар, ғылыми-зерттеу, қорықшылық жұмыстарымен де қоса айналысуда. Қазір мұнда 34 балықшы, жеті қорықшы жұмыс істейді. Үш балық қабылдау пункті бар. Көлде сазан, ақ амур, дөңмаңдай, жыланбас, судак, т.б. балық түрлері кездеседі. Серіктестік директоры Сергей Самсоненконың айтуынша, мұнда жылына 71 тонна балық ауланады екен.
«Үлгілі ауыл» жобасы бойынша аудандағы 49 елді мекеннің арасынан таңдалып алынған Қарабастау ауылында бекітілген іс-шара жоспарына сай ағымдағы жылдың қазан айына дейін жарықтандыру, көгалдандыру, безендіру, көріктендіру жұмыстары қарқынды жүргізілмек.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»