Basty bet

Екі дос – Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықов

Батыр ағаны алғаш көруім

Алты жастағы кезім. Шілденің ми қайнатар ыстығы болғандықтан, өзім қатарлы екі, үш қызбен көлеңкеде қуыршақ ойнап отырғанбыз. Колхозда есепші болып істейтін әкем Пармаш түскі асқа келді білем, бізге жақындау жерге атын байлап, үйге беттеді. Жүзі жадыраңқы, көңілді екенін көріп, мен де үйге ілесе кірдім. Өйткені көңілденгенде әкем не өтініш етсем де орындайтын. Мақсатым: дүкенге жаңа түскен матадан көйлек әперуін сұрау.
Үйдің үлкендері екі иығынан демалып, буы бұрқырап тұрған жез самауырдан шәй ішуге кіріскен екен. Әкем табалдырықтан аттасымен:
– Көке, сүйінші! Бауыржан балаң ертең Алматы-Мәскеу пойызымен Алматыға өтеді екен, демалыс алған көрінеді. Хабарланған бүкіл жуалылықтар Бурное бекетінде алдынан күтіп, көріп қалмаққа дайындалып жатқан түрі бар, маған ауданнан жігіттер телефон шалды. Сізді қуантпаққа түскі үзіліске ертерек келдім, – деді. Төрде отырған Сағындық атам Бауыржанның аты аталғанда орнынан тұра жаздап, қолындағы ыстық шәй құйылған кесесін түсіріп алды. Оған мән берген атам жоқ, ал кеп әкемді сұрақтың астына алды:
– Қай мезгілде өтеді? Уақытын білдің бе? Қасында кімдер бар екен? Мен оған қалай жолығам?
– Көке көптен сағынған балаңызды бір көруге ынтызар екеніңізді білем ғой, сіз көпшіліктің ішінде балаңызға жолығып, мейіріңізді қандыра алмайсыз. Жаңа үйге келе жатып, Дәуірбайды көрдім. Оның айтуынша ертеңгі Мәскеу пойызы Шақпақ бекетінде 10 минөтке тоқтайтын болыпты, теміржолшы болса да себебін өзі білмейді. Мүмкін бұл Бауыржанның талабымен жасалынған іс-шара, әйтеуір өмірі тоқтамайтын осы бекетте ертеңгі пойыз тоқтап тұрмақ. Менің ойым, сіз Бәукеңді Бурныйдан емес, Шақпақтан күтсеңіз. Ертерек шықсаңыз, түске дейін жетіп қаласыз. Қисаңыз, арбаға Қаракерді жегіңіз, ол сізді шаршатпай апарады. Шақпақтан деп отырғаным, ол кішкене бекет, адам аз, үлкендердің көбі ауданнан күтуге дайындалуда. Ал сіз оған дейін балаңызға жолығып аласыз.
Өзі де дегбірсіз атам шәйді шала ішіп, далаға шықты да, айқайлап бүкіл әулеттің адамдарын есік алдына жинады. Әр қайсысына жекелеп тапсырма беріп, Бауыржанды күтіп алу қамына кірісіп кетті.
Қорадан құйрығы үлкен, байлаулы тұрған қара қойды шығарып, басын Құбылаға беріп, аяғын байлап тастады да, дауыстап құран оқып, соңын Бәукеге арнаған тілек-батамен бітірді. Қойды өзі бауыздап беріп, ішін түйреп жақсылап үйітіп шығуды Тәліппай аға мен Досаңқұл ағаға тапсырды
Бие байлайтын үйлердің келіндеріне ертеңгі қымызды ешкімге бермей, таңертең күбіден қотарып, осында алып келуді бұйырды. Өзі тері ыстайтын шоланға кіріп ысталған местің ең үлкенін, жұмсағын алып, ертеңге шейін ішіне қатықтың сары суын құйып қоюды әжем Балақызға тапсырды. Біз құдықтан мұздай су тартып, жаңа пісілген майды сол суға салып қоюға тиіспіз. Ол суды ертеңге дейін әлденеше ауыстырамыз. Әйтпесе күн ыстық, тоңазытқыш жоқ, май еріп кетеді. Менің шешем Күлпаш өреге жайылған құрттарды төменге түсіріп, жаңадан тігілген дорбаға салып жатыр. Әжем келіндеріне Бәукең аға тары мен талқанды жақсы көретінін, интернатқа Құрманбек аға екеуіне тары, талқанды көп тасығанын айта жүріп, екі-үш кесе тарыны ыстық сүтке бөктіріп қойды, ондағысы ағаның тағы бір жақсы көретін асы – «майтары» жасап алмақ.
Жаңа түскен Ұлдархан жеңешеме сары ірімшік қайнату тапсырылды. Ол кісі жас та болса ірімшікті тамаша қайнататын, өзі өте ұқыпты еді. Әжем үлкен кебежедегі ұнның түбінен сап-сары екі қазыны шығарып, ұннан тазартып жатыр. Көп ұзамай екі ошақтың түтіні бұрқырап, бірінде – үйітілген қойдың жас еті, екіншісінде – әжем сақтаған сары қазы қайнап жатты. Біз анда-санда ошаққа қыста малдан қалған кәшекті әкеліп салып қоямыз. Қойдың етін атам қазанға ішек-қарыны, бас-сирағымен түгел салдырған. Өйткені Баукең ағам кәрі жіліктің етін, ішек-қарынды бәрінен жақсы көретінін атам біледі. Еттерді сүзіп алып, суытуға жаймалап қойған әжем балаларға жас ет қайнаған сорпаға нан турап жеуді, келіндері мен балаларына сұр қазының майлы сорпасына тары салып жеуді бұйырды.
Таңертеңгі шайдан кейін атам арбаға ат жегу қамына кірісті. Әжем баласына апаратын тамақтарын келіндерінің көмегімен дайындап жатыр. Астына шөп салынып, үстіне текемет төселген арбаға тамақтар жайғастырылып, атам мен әжем енді міне бергенде, мен айқайға бастым. Батыр ағаны менің де көргім келеді. Егер қайсарланып қалмай қойсам, әжем мені кейде қонаққа алып кететін. Сол әдісті қолданып, Батыр ағаны қайтсем де көрем деп, менің әсерленгіш жүрегім алып ұшуда. Мен арбаға міңген сәтте-ақ атам ұзын қамшысымен Қаракерді тартып қалып божыны қолына орай ұстады. Қашықтығы біздің Ынтымақ ауылынан алты-жеті шақырымдай Шақпақ бекетіне түс болмай жетіп келдік. Жүктерімізді Дәуірбай аға бастаған бес-алты жігіт арбадан түсіріп алды. Бәріміз пойызды күтіп тұрмыз.
Он шақты вагон тіркелген жолаушы пойызының ортасындағы бір есіктен әскери киімді кісінің сұлбасы көрінісімен, атам соған қарай далбақтай жүгірді. Жүгімізді көтеріскен кісілер мен әжем атамның соңынан ерді. Пойыз тоқтар-тоқтамастан вагоннан секіріп түскен әскери кісі: Көке! – деп атама құшақ жая жүгірді. Екеуінің айқасқан құшақтары біразға дейін жазылмады. Айнала қоршаған адамдар, әжем жылап тұр. Атамның құшағынан босаған аға енді әжемді құшақтай сүйісті. Қасында тұрған мені жерден көтеріп алып, маңдайымнан иіскеді де, үлкендермен сәлемдесе бастады. Жиналған топ көп емес, шағын бекетте 30-40 ғана теміржолшы тұратын. Ағаның атамен осы жерде бір сөйлесіп, он шақты жылдай аңсаған ата дәстүрін атам арқылы қайта жаңғыртқысы келген сияқты.
– Көке, әлі аңшылықпен айналысып жүрсіз бе? Жақсы ат, қыран бүркіт, жүйрік тазыдан нелеріңіз бар? Оташылығыңыз ше? Аяқ-қолы шығып, сынғандар бұрыңғыдай әлі келіп тұра ма? Тері илеп, ыс салудың шебері едіңіз ғой, шіркін!
Ыстаған ет, ысты меске құйылған қымызды сағындық қой! Атқа мықты отыруды үйреткеніңіздің соғыста пайдасы тиді емес пе? Менің жақсы атты жаным сүйетінін өзіңіз білесіз ғой, атқа арнап жазған: «Солдат аты» деген өлеңім бар, сондағы аттың сипаты сіздің жүйрігіңіздікі. Оны бәйгеге де салып, аударыспаққа да сонымен шығушы едіңіз-ау! Қаталдығыңыз ше, әскери бөлімімде темірдей тәртіп орнатуым соның арқасы, Көке!
Әйтеуір көп нәрселер айтылды. Атамның Бауыржан ағаға айтқандарынан есімде қалғаны:
Қаракердің ауылдағы бәйгенің алдын бермей тұрғаны, өткен қыста 70-тей түлкі ұстағаны, бір қасқыр соғып алып, өзі туралы газетте мақала жазылғаны. Бұрыңғы бүркіті қартайған соң бір жылдан бері жас бүркітті баулып жүргені, бірақ Манаппайдан басқа балалары бұл өнерге қызықпайтындығы айтылды. Соғыс кезінде Бауыржанның батырлығын газеттен оқып, радиодан естіп, мақтаныш еткенін айта тұрып, баласының арқасынан қағып қояды:
– Мен Оңтүстік өңірінде беделді болсам, Құрманбек екеуіңнің арқаң. Интернатқа нан, тары-талқан тасыған еңбегімді ақтадыңдар, қозыларым! Айтпақшы, Құрманбекті көрдің бе? Ол Мәскеуден қашан қайтпақшы? – деп екі жылдық жоғары партия мектебінде оқып жатқан ағамды сұрап қояды.
– Ия, елге қарай шығарып салды, оқуы бітуге таяу. Алла бұйыртса, Құрекең мен Сараны дәл осылай күтіп аласыз, – деп атамның көңілін аулап қояды Бауыржан аға. Пойыз жүруге белгі беріп, әжем апыл-ғұпыл алып шыққан тамақтарын екі әскери киімді жігітке өткізіп жатыр. Пойыз жүрді, қоштасып біз қалдық. Аға өнегесінен үлес алып өскен жанның бірі мен едім, әруағың жебеп жүрсін, Батыр бауырым.

Ағам еске түскенде

Құрманбек аға кейбір азаматтар сықылды жалтақтығы, ынжықтығы жоқ, ақты ақ, қараны қара деп білетін, кім болса да істеген істерінің олқылық жерлерінің жігін ажыратып, әділдігін айтып отыратын кісі еді. Аға пендешіліктен биік тұрған ірі тұлға. Көргендер, жолдастары ағаның ішкі мәдениетіне, жан дүниесінің тазалығына, адалдығына тәнті болушы еді. Ол дос-жарандарының бәріне де адал болатын. Бәукеңнен басқа М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, А.Лекеров т.б. атақты ақын жазушылармен өмірінің соңына дейін сыйлас, дос болды. Олардың біреуінің басына қиындық орнаса, қатты қайғырып, көмектесіп, жақсылығы болса бірге қуанатын. Достары ғана емес, қол астында жұмыс жасаған қызметкерлер мен жастарға әрдайым қамқорлық жасап, қолынан келсе, бәріне де көмек көрсетіп отыратын. Мысалы, біздің досымыз Манап Бөлекбаевты біздің айтуымыз бойынша жұмысқа алып, көп ұзамай пәтер алуға да көмектесті. Ағаның бауырмалдығы сондай, туыстардың балаларының біреуін де өз балаларынан кем көрмейтін. Үстайдың баласы Досалы сол үйде жүріп оқып аға өз қолымен үйлендірді, кейін Досаңқұлдың үлкені – Жандарды да өз баласындай оқуға түсіріп қамқор болды. Маған да сүйіспеншілігі ерекше болған ағаның орны өз әкемнен кем емес. Ағаның тәрбиесімен мектепті (қазір Құрманбек Сағындықов атында) медальға бітірдім, енді өзім қалаған жоғарғы оқу орнына баруым керек. Бірақ… менімен қарындасы бір сыныпта оқыған әкесі Құрманбек ағамның досы (Амангелді атындағы колхоздың басқармасы) Кемелбеков Кенжебектің үлкен ұлы Асылбекке әке-шешем мені сыртымнан құда болып қойыпты. Ол жігіт Ташкенттің ауылшаруашылық институтын бітіріп, «XX партсъезд» атындағы колхозда бас агроном болып істеп жүрген. Әке-шешелеріміз араласып тұратын, олардың қызы Айнықша менің құрбым, екеуіміз бір партада отырып, мектеп бітірдік. Үйлеріне мен де жиі барамын, бірақ қыз бен жігіт сияқты сезім менде болмады. Мектепті үздік бітіремін деп оқумен жүріп, ешкімге көңіл бөлмедім. Менімен мектеп бітіргендер жоғары оқу орындарына кетіп жатыр, менде аттестат жоқ. Мектепке барып сұрасам: «Сенікі облыстан келмей жатыр», – дейді, сөйтсем аттестатым аудандық оқу бөлімінде жатыпты. Бір күні өзім барып алдым да, Шымкентке тарттым. Онда өзімнен үлкен Ырзакүл әпкемнің жолдасы Әнуар мектеп директоры. Жездем мен әпкем:
– Сен Алматыға кет, онда Құрманбек ағаң бар, сені тұрмысқа беруге сол ғана қарсылық жасай алады, – деп, мені пойызға отырғызып жіберді Келсем, ағайым іс-сапармен Бельгияға кетіпті, онда 2-3 ай болады екен. Бардымда емтихан тапсырып, ҚазМУ-дің тіл мен әдебиет факультетіне түстім. Сол жылы медальға да қарамай, орта оқу орнын үздік бітіргендерге де емтихан тапсыртты. Аға келгенше мені Бауыржан ағаның келіншегі Жәркен (Қалыбек Қуанышбаев әртістің қызы) Сара жеңгемнен сұрап алып өз үйіне алып кетті. Бауыржан аға науқастанып ауруханада жатыр екен, жеңгей жалғыз қалыпты. Құрманбек ағаның іс-сапардан қайтқанын ауылдағылар күтіп отырғанға ұқсайды, ағамен хабарласып мән-жайды түсіндіріпті. Сөйтсе, Кемелбековтар менің келісіміме қарамай әке-шешеммен келісіп, той күнін де белгілеп, шақыру қағаздар да таратып қойыпты. Бүкіл ауданға беделді қайын атамның абыройын ойлады ма, жоқ жастайынан қимас досы болған атамның көңілін қалдыра алмады ма, Құрманбек аға мені қасына шақырып алып:
– Қарағым Күнтәй, менің сені Кентәйдан кем көрмейтінімді өзің білесің. Сенің жоғары білім алғаныңды мен де қалаушы едім, бірақ әке-шешең келісіп қойыпты, баратын жердегі қайын атамның менің де қадірлі досым. Егер ол менің жарым Сараны сұраса да, қиналмай берер едім. Бармаймын десең мен зорламаймын, ел-жұрт түгел біліп қалыпты, бір ауылданбыз, араласқан достармыз. Ал оқуды қалайда жалғастырасың, оны мен міндетіме аламын, – деді.
Ойлап-ойлап: «Барлық туыстарымды тыңдамай, қайда барамын, бұлар мені жамандыққа жібермес», – дедім де келісімімді бердім. Менің сырттай оқып кетуім сондықтан. Құрманбек аға өмірінің соңына дейін мені көндіргеніне өкініп өтті. Отбасы болып жиналсақ, мені өз қасына отырғызып алатын. Әрқашан айтатыны: «Өз балаларым, менде өкпелерің жоқ, бәрің де қалағандарыңа үйленіп, сүйгендеріңе тұрмысқа шықтыңдар, тек осы Күнтайдың обалын арқалап барамын. Егер менің сөзімді сыйлап, жастай тұрмысқа кетпесе, Қазақстандағы бір атақты ғалым болар ма еді», – дейтін.
– Олай емес, мен бақыттымын, өміріме ризамын, аға! Оқыдым да, қызмет те істедім, балаларымды да есейттім, өкінбеңізші, – дейтінмін мен.
– Әрқашан орны бөлек, өмірлік қағиданы мықты ұстайтын, «Бетің бар, жүзің бар» демей, күйбеңдемей, ақиқатын айтып отыратын шыншыл, еңбекқор ағам биыл 110 жасында есіме түсіп отыр. Әсіресе, өмірінің соңғы кезеңдері.
Ағаның отбасы Мир көшесінде тұратын. Кешке жақын аға Мир көшесімен Виноградов көшелері қиылысындағы саябаққа баратын. Бұл жерге үсті-басы мұнтаздай, таяғын асықпай сілтеп Сапекең келеді. (Сапарғали Бегалин) қалбалақ қағып, елпеңдеп Камал Қармысов, тас мүсіндей баяу жылжып, артынан бүкіл қазақ көшіп келе жатқандай арқа-жарқа болып Елубай Өмірзақов, тап-тұйнақтай болып, керемет әсем киініп Хамза Жақыпов, Бидахмен Сарманов сынды Алматы қаласының жайсаңдары жиналатын. Бұл әдеттегі көрініс. Бұлар өнер, әдебиет, мәдениет жайында не бір көркем әңгіме, ұлттық руханиятымыз жайында әңгімелерді тауысып айта алмайтын, көздері қарақты, көкіректері көмбе кісілер еді. Және осы бұрыштағы бес қабат үйді «әртістер үйі» дейтін. Онда ағайынды Абдуллиндер, Махмұтбек Майшекин, Ахмет Жұбанов, Әшімбек Бектасов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Тәмті Ибрагимова, Серғали Әбжанов сынды өнер жұлдыздары тұратын. Бұлар сол кездегі қазыналы қарттар еді. «Бұрыңғының шалдары тақта отырған хандардай, қазіргінің шалдары бұзау баққан балдардай» – дегендей әрқайсысы шынында бір керемет, көркем, әсем де нақ, нар тұлғалар болатын. Қайран, қазақтың қариялары-ай! Бүгінгі қуаяқ заманның байқатпай бойымызға сіңіріп келе жатқан ептілік деген мізезімен емес, атадан балаға жазылмаған заңдылықпен ауысып отыратын тектілік деген қасиетімен ғұмыр оздырған дала академиясының азайып кеткен шәкірттерінің соңы болып жүрмегейсіз Сіз, Құрманбек аға!
Көңілдегі естеліктің кейіпкерін ескеріп, өмірдегі тыныс-тіршілігін, мінез- құлқын, сөзін, өзін қайта жаңғыртуды қош көріп, фәнидегі ғұмырымен жалғастырудың, марқұмды ұмытпаудың тетігі деп танысақ та, естеліктің салмағын сезіну әркімнің қолынан келе бермейтін өнер деп түсінемін. Көзі тірісіндегі пікір ала-құла бола береді ғой. Қазақшылық деген бірде нәзік, бірде қарабайыр ұғым және бар. Кісілікті тану үшін де кісілік керек, әрі кішілік қажет. Ал осы екеуінің қасиетін терең түсіну үшін білім керек. Білімді болу үшін оқу аз, оны таразылайтын пайым-парасат қажет. Ақыл – өлшем, оның түп-төркіні тектілік. Аға! Бұл – менің сізбен сөйлесе жүріп, сіздің өмір сүру принциптеріңізден мен ұғынған формула. Құрманбек ағаның ұстанымдарын, мінезін біркісідей білетін сияқтысың, бірақ білмейсің. Ол кісі М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы сияқты оқыған сайын жаңа түсінік жаңа пайым түйін дейтіндей, сөйлескен сайын, тіпті кездескен сайын жаңа бір қырын ашасың да отырасың. Сөйте тұра өмірлік принциптерін өзгертпейді. Прагматикалық құндылықтарды қастерлейді. Тарихты таразылайды, шежіреге құмар, білімді бәрінен жоғары қояды, кез келген адамның, әсіресе ұрпақтарының жақсы қасиетінің қадірін аспандатып, ардақтайды. Көлгірсуді білмейді, көзге айтады. Міне, мен білетін ардақты ағам осындай еді.
Сол қадірлі ағам ауруханаға түсіпті деген хабарды естіп жолдасым екеуміз Алматыға бардық. Біз Жамбыл ауданының Дегерес ауылында тұратынбыз. Аға ауруханадан сол күні шығыпты, азып қалған сияқты, бірақ бізбен отырып көп әңгіме айтты:
– Дегереске барсам деймін, ол жер маған қатты ұнайды, жусаны бұрқырап, ауасы көңілді ашады, – деді. Біз:
– Аға, біраз тәуірленіңіз, өзіміз келіп алып кетеміз, – дедік. Біраз отырған соң Құрманбек аға:
– Күнтай, осы қазір менің тетя Пашаның (менің Күлпаш шешемді аға осылай атайтын) көмбеге пісірген картошкасы мен қаттама нанын жегім келіп отыр, – деді.
– Аға, шешем сияқты пісіре алмасам да, Дегереске келген кезде осы сұрағандарыңызға тойдырамын, – деп күлдім мен.
Түс ауа біз қайтып кеттік. Кешке «Аға қайтыс болды» деген хабар келді. Бұл 1988 жылдың жазы еді. Ағаны шығарып салуға адам көп жиналды. Өлген адамдардың бәрі ұмытылады, тек өзгеше адамдар ғана ұмытылмайды. Олар барлық асыл қасиеттерімен есімі халықтың қанына сіңген кісілер солардың бірі де бірегейі – Құрманбек аға. Әрдайым өзінің қимас бауырын не жақын туысын бақилыққа шығарып салған сәтте өмірдің серуен, бірге жүрген адамның көшкен керуен екендігін ұғынып, өзіңді жұбатады екенсің. Сонымен бірге халқына қадірі артып, аянбай еңбек еткен, өнегелі ғұмыр кешкен адамның арамыздан мәңгілікке аттануы өте ауыр қасірет екендігін бәріміз түсіндік. Ақылшым, тәрбиешім болған маған аса қайғылы қаза болды, кеше ғана дидарласып, сөйлесіп кеткен ағам жоқ! Жүйрік уақытта тоқтам жоқ екенін, өмір шіркін өз дегенін істемей қоймайтынын көрсетіп кетті. Азамат деген ардақты атқа лайық, өмір мектебінің қалтарыс, бұралаңынан сүрінбей өтіп, бүкіл қазаққа қажырлы еңбегімен танылған атпалдай азаматымыз ажалдың құрбаны болғаны өкіндірмей қоймады. Халқымыз: «Өмірді көргенің жалған, көрмегенің арман» деп түсіндіріп жатады. Ағаның жарқын бейнесін туыстары мен достары, тіршілігінде араласқан, бірге істеген азаматтар, өнегесін көрген үлкенді-кішілер ұмытпайтындай, ұлағатты сөздермен білдіріп жатты. Мен қазақы дәстүрмен қалай жоқтау айтып кеткенімді білмеймін.
Адам мәңгі жүрмейді бұл жалғанда,
Көнеміз ғой тағдырдың салғанына.
Көзімізге ып-ыстық жас келеді,
Аға, өзіңді сағынып, еске алғанда.
Бәйтеректей әулетке сая болған,
Еш адамнан мейірін аямаған.
Жаннатта болсын жаның, рухың биік,
Өзіңдей қайда бізге аяулы адам
Айналайын «Күнтай» деген үніңнен,
Кеше бар ең, бүгін жоқсың ағатай,
Жоқтау айтып, мен отырмын күнімен.
Бір күн болды көрмегелі жүзіңді,
Ақылды едің, сабырлы да төзімді.
Қойны суық қара жерге бере алмай,
Қимастықпен біз отырмыз, өзіңді.
Сені сүйеу көруші едік жалғанда,
Көнеміз ғой тағдыр басқа салғанға.
Өзімізді санаушы едік бақытты,
Сен жарқылдап ортамызда болғанда.
Биік еді-ау, тіршілікте арманың,
Біз тілейміз жұмақта орның болғанын.
Туыс-бауыр, достарыңнан сұраймын,
Дұға оқып, естеріне алғанын.
Саялы орманымыз болған ардақты Аға, сен біздің мәңгі есімізде боласың. Жаның жаннатта, иманың жолдас, мәңгілікке мекенің жұмақ, жер бесігің жұмсақ болсын!

Күміс Сағындықова,
ҚР Оқу ісінің үздігі,
«Тәуелсіздіктің
10, 20, 25 – жылдығы»,
«Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл!»
мерекелік
медальдарының иегері

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close