Basty bet
Халық қалаулысының аудандағы сапары
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының, Парламент Мәжілісінің депуттары өңірлерге іссапармен шығып, тұрғындармен кездесуді бастады. Осы орайда өткен аптаның аяқ тұсында ауданға келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Бақытжан Ертаевты аудан шекарасынан аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Уркумбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қарсы алды. Депутат ауданға сапарын ең алдымен Қызыларық ауылдық округіндегі Көксай каналының бойынан салынып жатқан су электр стансасы каскадының құрылысымен танысудан бастады. «КазГидроОперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан станса құрылысы бүгінде толықтай аяқталған. Каскадтың ішіне канал суынан электр энергиясын өндіруге қажетті шетелдік қондырғылар орнатылған. Құрылысқа жауапты серіктестіктің прорабы Рысымбек Жолдыбаев Мәжіліс депутатын станса басында атқарылып жатқан жұмыстардан толықтай хабардар етті.
-Көксай каналының бойынан салынып жатқан су электр стансасы каскадының құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Қажетті қондырғылары да орнатылды. Алдағы уақытта шетелдік компанияның мамандары келіп, стансаны сынақтан өткізеді деп жоспарланып отыр. Жұмыстар өз жүйесімен жүретін болса, жақын күндері станса іске қосылады. Станса толықтай іске қосылған уақытта жылына төрт мегават электр қуатын өндіріп, 14 адам жұмыспен қамтылады деген болжам бар,- деді «КазГидроОперейтинг» ЖШС-нің өкілі Рысымбек Жолдыбаев.
Экологиялық талаптарға толықтай жауап беретін стансаның жұмысымен танысқан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев ең маңыздысы, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, олардың әлеуметтік жағдайларын жасауға көңіл бөлуге, станса жұмысын барлық талаптарға сай жүргізуге шақырды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Ертаев бұдан кейін аудан аумағында орналасқан 2035 Б.Момышұлы шекара заставасына барды. Даңқты жерлесіміз генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев мұнда сарбаздармен кездесу өткізді.
-Қымбатты жас сарбаздар! Сендер қасиетті де киелі Жуалы жерінде әскери борыштарыңды атқарып жатырсыңдар. Олай дейтініміз, осынау әруақты елден, қасиетті өлкеден даңқты қолбасшы, аса ірі әскери қайраткер, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы, сонымен қатар, Халық жазушысы, қайраткер азамат Шерхан Мұртаза сынды танымал тұлғалар шыққан. Одан басқа да даңқты тұлғаларымыз жетерлік.
Сендер әскери Ант қабылдап, Отан алдындағы азаматтық борыштарыңды өтеп жатырсыңдар. Серттеріңе берік болыңдар. Сендерге қалың ел сенім артып отыр. Отан тыныштығын күзету жолындағы қызметтеріңе табыс тілеймін,- деді Бақытжан Ертайұлы.
Ауданға іссапармен келген жерлесіміз «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалында қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың дені әлеуметтік сұрақтармен және жеке мәселермен қайырылған екен. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевтың қабылдауына алғаш болып кірген Нұрлыкент ауылының тұрғыны Мұхидин Нұрпейісов аталған ауылға мәдениет үйі салынса деген көпшіліктің тілегін жеткізді. Ал аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның директоры Элмира Әбішева өзі басқарып отырған білім ошағында 68 сыныпта 1560 баланың оқитынын, мектепке іс-шаралар өткізетін қосымша акт залы мен шеберхана салу қажеттігі туындап отырғанын жеткізді. Осы орайда Б.Ертаев мектеп басшысы көтерген мәселенің маңызды екеніне тоқталып, «Педагог мәртебесі» туралы Заңның рөлі туралы айтып өтті.
– Ұстаздардың жұмысын оңай деп айта алмаймыз. Жақында ғана Парламент қабырғасында мұғалімдердің құқықтары мен міндеттеріне байланысты арнайы заң жобасы мақұлданып, оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. «Педагог мәртебесі» туралы Заң ұстаздардың артық жүктемелерін азайтып, шын мәнінде педагог мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды құжат. Еліміздің болашағын тәрбиелей отырып, өздеріңізді де сыйлата біліңіздер,- деді халық қалаулысы.
Келесі кезекте қоғамдық қабылдауға кірген Қошқарата ауылының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Ахметжан Сейітқадыров ауылдық округте интернет желісінің жылдамдығы төмен екенін айтса, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов аудан аумағынан өтетін үлкен күре жолдың бойынан таулы аймақта орналасқан ауылдық округтерге көлік қатынасын реттеу үшін көпір салынса деген жұртшылықтың көптен бергі өтініш-тілегін жеткізді. Зейнеткер Зиягүл Серғазиева қабылдауға жеке мәселемен келсе, еңбек ардагері Кәрібай Құрмашев аудандағы көгілдір отынмен қамтылмаған бірқатар ауылдық округтерді газдандыру мәселесінің жайын сұрады. Қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтардың сұрақтарына Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Ертаев, сонымен қатар аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары жауап берді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Бақытжан Ертаевтың Жуалы ауданына жұмыс сапары Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында қорытындыланды. Ондағы жиынға Боралдай, Қошқарата, Жетітөбе ауылдық округтерінен тұрғындар қатысты. Халық қалаулысы Б.Ертаев жиынға қатысушыларды Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстардан, ел Президентінің Жолдауынан хабардар етіп, тұрғындардың мәселелеріне назар аударды. Боралдай ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстарды округ әкімі Ғани Қуанышев, округтегі мектептердің басшылары, денсаулық сақтау саласының мамандары айтып берді.
Жиынды қорытқан Б.Ертаев кейбір мәселелерді ауылдағы ақсақалдармен, аға буынның өкілдерімен ақылдаса отырып шешуге болатынын айтып, жерлестеріне табыс тіледі.