Basty bet
Алғысым шексіз!
Әлемді жайлаған індет менің отбасымды да айналып өтпеді. Әйтеуір, Алла сақтап, аман қалдық. Яғни, үйде өзім, жолдасым, ұлым мен келінім төртеуміз де ауырдық. Үшеуінде жеңіл өтті. Ал, мен қатты ауырдым. Бір айға жуық уақытта әрең аяғымнан тұрдым.
Алдында бронхым ауырып ем қабылдап жүргенмін.
Ұлым Атыраудан жұмыстан үйге келді де көп ұзамай ауырды, біз де ауыра бастадық. Адам өз басынан өтпей мән бермейді ғой. Басымдағы жағдайды ешкімге тілемеймін. Сүйек-сүйегім қақсап, дем жетпей қиналғанда жанымды қоярға жер таппадым десем де болады.
Осындай қиын сәтте ауылдағы дәрігеріміз Дастан Нарбаев, медбикелер Әсел Айгелдиева мен Рыскүл Абдукаримова үнемі жанымнан табылып, көмегін аямады. Әрине, ауырған жанға көмек көрсету ол кісілердің міндеті ғой. Дегенмен өз жұмыстарына деген жоғары жауапкершілігіне, білімдері мен тәжірибелеріне риза болдым. Дәрігерлер күндіз-түні қайта-қайта келіп, жағдайымды сұрап, дәрілерді тез өзгертіп, ем-домдарын жасап, жылы сөздерімен жігерлендіргендері маған үлкен демеу болды. Аяғымнан тұра салысымен хабарласып, алғысымды білдірдім. Осы дәрігерлер арқылы барша дәрігерлер қауымына мықты денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне абырой тілеймін!
Қазір шүкір жақсымын. Жайшылықта денсаулығымызға, ішер ас-ауқатымызға мән бермейді екенбіз. Алайда дәл қазіргідей жағдайда ерекше мән бермесек болмайды.
Күнделікті саумал, қымыз, жеміс-жидектерді үзбей пайдаланудамыз. Дәрумендердің ағзаға пайдасы көп.
Қазір барлық дәрігерлердің қойдың құйрығы мен жылқының қазысы, жалпы майдың да ағзаға керек екенін айтып, дәлелдеп жатыр. Сондықтан барынша құнарлы тамақтанғанымыз жөн.
Әр ата-ана үйінде отбасы мүшелерінің жеке бас гигиенасын, үйдегі тазалықты, басқа да қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауын, аса қажет болмаған жағдайда қоғамдық орындарға бармауын ана ретінде мен де айтқым келеді.
Елімізде карантин режимі аяқталғанымен сақтық шараларын үзбейік!
Кез келген ата-ана үшін балаларының амандағы қымбат. Сондықтан өзіміздің, отбасымыздың денсаулығына аса мән берейік!
Айгүл Омарова,
аудандық Аналар алқасы төрайымының орынбасары.
Ардагер-ұстаз