Basty bet

«Арна» салған тың арна

шаруашылықта егістік жердің көлемі мен өнімділік ұлғайып келеді

Жуалы ауданы – аграрлы өңір болғандықтан, мұндағы тау жайлаған халықтың ең негізгі күнкөрісі мен табыс көзі де ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен тығыз байланысты. Бұл ретте аталған саланың жай-күйін ежелден бес саусағындай жетік білетін жергілікті диқандар мен шаруалар қауымы төрт түліктің басын көбейтумен қатар, егін шаруашылығы саласына да жаңа технологияларды батыл енгізу үстінде. Бұл – жаңа заманның талабы. Осыған сәйкес, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуында алға ілгерілеу анық байқалады. Қай салада болсын, жаңашылдық істі алға бастыратыны белгілі. Шаруа еңсесінің көтерілуіне де мұның тигізер әсері мол. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының дамуына жасап отырған мемлекетттің де көмек-қолдауларының маңызы зор екенін айтуға тиіспіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар да жүргізіліп жатыр.
Ал Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жауапты ведомствоның алдына саланы заман талабына сай дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылғаны белгілі.
«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы» деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Жердің ырысын – елдің ырысы деп білетін диқан қауымы үшін жылдың қай мезгілі де қауырт жұмысқа толы, төрт мезгілдің қай-қайсысы да маңызды. «Не ексең, соны орасың» деген қағидалы түсінікті алға ұстаған қасиетті өңірдің жергілікті шаруалары биылғы көктемгі дала жұмыстарына ерте көктемнен кірісіп, жауапты науқанды жоспарға сай атқарды. Қазір өңір шаруалары шөп ору науқанына кірісіп, төрт түлік малдың қысқы азығын молынан дайындау үстінде.
Жасыл орақ науқаны Шақпақ ауылдық округінде де қызу жүруде. Ауылдық округтің айналасындағы көпжылдық шөп егілген егістік алқаптарда ору және шөп тайлау жұмыстарының қызу атқарылып жатқаны алыстан-ақ байқалады. Ауыл-аймақтың айналасынан жүк көліктері мен шөп оратын техникалардың гүрілі алыстан естіледі. Бір сөзбен айтқанда, ауыл төңірегі қайнаған қызу еңбек.
Ауылдық округке қарасты Ынтымақ ауылында орналасқан «Арна» шаруа қожалығы да биыл көктемгі дала жұмыстарын табысты аяқтап, ендігі кезекте қысқы мал азығын дайындауға тыңғылықты дайындықпен кірісті. Қазір шаруашылықтың жұмысшылары Диқан ауылының төменгі бөлігінде орналасқан көпжылдық шөп алқабында шөп ору және тайлау жұмыстарын атқарып жатыр. Онымен қоса, шаруашылықтың базасында ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу жұмыстары да қоса атқарылу үстінде.
«Арна» шаруа қожалығының жұмысы туралы шаруашылық басшысы, ауыл шаруашылығы саласының білгірі, кәсіби маман Тұрғын Дүйсебаев айтып берді. ШҚ басшысының айтуынша, аудандағы іргелі агроқұрылым 1999 жылы «Бауыржан Момышұлы» атындағы агрофирманың негізінде құрылған. Аталған агрофирма бұрынғы совхоздан 105 отбасының мал, жер және техника үлесін өз алдына бөліп алу арқылы ашылғанын да айта кеткен жөн. Иә, кейіннен заман ағымымен әркім өздеріне тиесілі егістік жерлерін бөліп алып, бөлек-бөлек кетті. Қазір «Арна» шаруа қожалығының иелігінде 450 гектарға жуық егістік жер бар.
Оның 170 гектары шабындық жер болса, қалғанына дәнді дақылдар егіледі. Агроқұрылым биылғы жылдың өнімі үшін былтыр күзде 100 гектар алқапқа күздік бидайдың «Стекловидная-24» супер элита тұқымының дәнін сіңірсе, 70 гектарға жаздық арпаның жаңа тұқымын, одан бөлек, 70 гектарға мақсары дақылын екті. Биыл қасиетті Жуалы өңірінде жауын-шашынның мол түсуіне байланысты егіннің де, көпжылдық шөппен қоса, шабындық шөптің де шығымы шаруалардың көңілінен шығып отыр. Олай болатыны, шөп мол болса, мал азығы да соғұрлым мол дайындалмақ. Ал мал азығының мол болуы – тұрғындарға азық-түліктің де қолжетімділігін арттыра түсетіні даусыз.
Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Шаруашылық басшысы, іскер азамат Т.Дүйсебаев алғашқыда Алматы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының («КИЗ») мамандарымен тұрақты байланыс орнату арқылы аудан шаруаларын сапалы астық тұқымымен қамтамасыз еткенін айтады. Сол тұста өңірге күздік бидайдың «Стекловидная-24» аталатын тұқымының бірнеше тоннасы жеткізіліп, осында аудандастырылғанын жергілікті шаруалар әлі де ұмыта қойған жоқ. Қазіргі таңда шаруашылықта аталған тұқыммен қатар, арпаның және мақсары дақылының мол өнім беретін жаңа тұқымдары егістік алқаптарға тұрақты егілу үстінде.
Ауылдық округтегі алдыңғы қатарлы агроқұрылым «Арна» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығына, оның ішінде, жерді тиімді өңдеуге қажетті техника паркін жаңарту бағытында да жүйелі жұмыстарды қолға алған. Қазір шаруашылықта екі бірлік К-700 қуатты тракторы, 6 бірлік МТЗ-80, МТЗ-82 доңғалақты трактолары, екі бірлік дән жинайтын «Енисей», «Нива» комбайны, шөп оруға арналған «Германка» техникасы, одан бөлек, екі бірдей ГАЗ-53 жүк көлігі, сонымен қатар, шөп тасуға және шөп тайлауға арналған ауыл шаруашылығы тіркемелерінің барлығы дерлік бар.
Бұрын Шақпақата ауылындағы «Кременевский» совхозында комплексте бригадир, директордың орынбасары, тағы да басқа жауапты жұмыстарды мүлтіксіз атқарған іскер азамат өзі бас болып құрған шаруашылықты аяғынан нық тұрғызып, отбасындағы үш ұлын да шаруашылық ісіне жастайынан балапандай баулып өсірді. Қазір шаруашылықтың барлық жұмысын ағайынды азаматтар ақылдасып, бірлесіп атқару үстінде.
-Өзімнің мамандығым – агроном және инженер-техник. 1978 жылдан 1999 жылға дейін совхозда, кейіннен агрофирмада жауапты қызметтерді атқардым. Кейіннен егістік жерлерді бөліп алып, оны біршама көбейттік. Мамандығым агроном болған соң егістік жерді қалай күтіп-баптауды, агротехникалық шараларды сақтаудың барлығын дерлік бес саусақтай жақсы білемін. Осыған сәйкес, шаруашылықта егістік көлемін ұлғайтып, тиісінше, өнімділікті де арттыруға барынша күш салудамыз. Жұмыстың барлығын балаларға тапсырдым. Қазір зейнеттемін. Шаруашылық жұмыстарына бас-көз болып, өмірлік тәжірибемді балалардың бойына сіңіріп жатқан жағдайым бар,- дейді ауыл шаруашылығы саласының білікті де білгір маманы Тұрғын Жапарбайұлы.
«Әке көрген – оқ жонар, Шеше көрген – тон пішер» деген бабалар нақылының растығына ағайынды Дүйсебаевтардың ынтымақты тірлігін көргенде көзіміз анық жете түскендей. Тұрғын Дүйсебаевтың үш ұлы, атап айтқанда, ағайынды азаматтар – Нұрмахан, Нұркен және Нұрғали әке салған сара жолды еңбекпен жалғастырып, «Арна» шаруа қожалығының жұмысын жаңа заман ағымына сай тың арнаға сала білді. Жастайынан әкесінің жанынан «екі елі» қалмай ілесе жүріп, техниканың тілімен қоса, егістік жерді тиімді игерудің қыр-сырына қанығып өскен олардың қазіргі өнімді тірлігі көпке үлгі. Бірі көлік жүргізсе, енді бірі науқандық жұмыстар кезінде ауыл шаруашылығы техникаларының түзік күйде жүруіне жауапты. Айтса айтқандай, кенже ұл Нұрғалиды Шақпақата ауылында орналасқан шаруашылықтың техника базасынан жолықтырдық. Мұнда шаруашылық жұмысшылары трактор және дән жинайтын комбайндарды жөндеу үстінде.
-Қазір шаруашылықта шөп ору науқаны қызу жүруде. Оны аяқтап болғаннан кейін алда астық ору науқаны келіп те қалады. Осыған орай қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының бөлшектерін майлап, бұзылған жерлерін жөндеп, қалыпқа келтіру үстіндеміз. Шаруашылықта тұрақты жұмыс істейтін еңбекқор азаматтар – Бекмұхамбет Байырбеков, Ержан Таңатов, Темірлан Саядов, Жұмабек Дұғалов, тағы да басқа механизатор және электрмен дәнекерлеуші мамандар науқандық жұмыстар кезінде уақытпен санаспай еңбек ету үстінде. Еңбекақысына төленетін табыстары да жақсы.
Шаруашылықтағы егістік жердің 100 гектары көпжылдық шөп болса, биыл оның 20 гектарына жоңышқаның жаңа тұқымын ектік. Одан бөлек, әкеміздің ақыл-кеңесімен жыл сайын егістік жердің 30 пайызға жуығын ауыспалы егістік тәсілін қолдану арқылы жаңартып отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықтағы егін егу ісінде агротехникалық шаралардың барлығы қатаң сақталады. Осыған сәйкес, егістік жердің көлемі мен өнімділік көлемі де біршама ұлғайып отыр,- дейді кенже ұл Нұрғали Тұрғынұлы.
Жақсы әкенің тәрбиесі отбасындағы үш ұлға да жұғысты болды. Әке ұлағаты балаларының еңбексүйгіш әрі адал азаматтар болып қалыптасуына игі әсер еткенін баса айтуға тиіспіз. Істің көзін тауып, қажырлы еңбек ету арқылы мол табысқа кенеліп отырған Ынтымақ ауылындағы «Арна» шаруа қожалығының жұмысы жүйелі, онда еңбек ететін азаматтардың өнегесі де көпшілікке үлгі. Әулеттің бас иесі Тұрғын Жапарбайұлы отбасында Үрзия апай екеуі тәрбиелеп өсірген үш ұл, үш қыздан 17 немере, екі шөбере сүйіп отырған ұлағатты ата-әже.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close