Basty bet

Әжелер ұлттық құндылықтарды дәріптеді

Әр халықтың тарихын, мәдениетін, сипаттайтын аса қадірлі мұралардың бірі – қолөнері. Қазақтың қолөнері әлемдік деңгейде талайды тамсандырып келеді. Атадан балаға мирас бола отырып, күні бүгінге дейін жеткен асыл дүниелер кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Бұл – біздің ұлттық байлығымыз. Оны білу, үйрену, құрметтеу, келешекке жеткізу – қасиетті борышымыз.
Жақында Тараз қаласында Шыңбұлақ ауылдық клубы мамандарының ұйымдастыруымен «Дәстүр мен ғұрып» жобасының аясында «Жүн сабау» «Ұршық fest» жүннен өндірілетін бұйымдардың жасалу тәсілін көрсету мақсатында ауқымды шара өтті.
Шараны ұйымдастырушылар жастарды жалпы жүннен жасалатын бұйымдармен таныстыруды, олардың жасалу технологиясын үйретуді, шеберлік арқылы әсемдік пен сұлулықты бағалай білу деңгейін арттыруды мақсат тұтты.
Ұлттық-рухани құндылықты дәріптеуге арналған шараға «Дәстүрге жол-Тараз» аналар алқасының төрайымы Гүлфайруз Нұрабаева қолдау білдіріп, оған өңірге қарасты аудандардан келген әжелер қатысты. Олар басқосу барысында жүннен өндірілетін бұйымдардың жасалу жолдарын көрсетті. Ақ жаулықты аналар шараға үлкен дайындықпен келген. Олар өз қолдарымен жасалған тоқымаларын, орамалдарын көпшілікке ұсынды.
Сонымен қатар, ақ кимешек киген әжелер ұршық иіріп, жүн түтіп, тоқыма тоқып, шара үлкен мерекеге ұласты.
Тағылымды шарада әжелер тек ұлттық өнерді көрсетіп қана қоймай, ұмыт болған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жайлы да кеңінен сөз қозғады. Бір-бірімен пікір алмасып, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Жуалылық әжелер мен ауылдық клубтың мамандары да бұл шарадан үлкен әсермен қайтты.

Шыңбұлақ ауылдық клубы

Таңдаулы материалдар

Close