Basty bet
Алаштың айбыны – Бауыржан Момышұлы
Биыл даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Осынау атаулы датада жастарды Батыр рухымен, оның ерлік істерімен патриоттық тұрғыда тәрбиелеу арқылы көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Баукеңнің тағылымы мен өнегесін тұтас елге үлгі етсек те жарасады.
Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтсақ, алдымен елін, жерін, қасықтай қаны қалғанша қорғаған бір жарым миллионнан астам отандасымыз еске түседі. Соғыс өрті, соғыс қайғысы әрбір отбасын шарпып өтті. Ана баласынан, сүйген жар сыңарынан айырылды.
«Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен» заманда жауға қарсы шығып, елін, жерін қорғаған қаһарман батырларымыз қаншама десеңізші. Осындай батыр болмысты, қайсар рухты, тау тұлғалы биік, парасатты азаматтардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, аты аңызға айналған даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы.
Бауыржан Момышұлы 1941 жылдың күзінен бастап, Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін батальонды, полкты, ал соғыс аяқталғаннан кейін дивизияны басқарған. Жоғары әскери академияны бітіріп, сонда ұстаздық еткен. Кейін біржола шығармашылық еңбекпен шұғылданып, қаруды қаламға айырбастап, әскери және тағы басқа тақырыптарда кітаптар жазып, қалдырды.
Қош, сонымен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай Ақбастау ауылында орналасқан №16 Жуалы колледжінің АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушы, Айдар Кенжеұлының ұйытқы болуымен «Алаштың айбыны – Бауыржан Момышұлы» атты патриоттық іс-шара өткізілді. Ондағы мақсат – аты аңызға айналған тұлға, қасиетті Жуалы топырағының түлегі, қазақтың біртуар перзенті, әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін ұлықтау, өшпес ерлігін дәріптеу. Жас ұрпақтың санасына ұлттық рухты дарыту, оларды елін, жерін сүйетін азамат ретінде қалыптастырып, патриоттық сезімін ояту, бабалар ерлігін насихаттау. Бұл шараның Батыр туралы қолжетімді мағлұматтарды пайдалана отырып, карантин және санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілгенін айта кеткен жөн.
Патриоттық іс-шараның бірінші бөлімінде тақырыпқа орай арнайы бейнеролик әзірленіп, колледж қабырғасында Б.Момышұлына арналып ашылған бұрышта оқытушы Бибігүл Сағымбекова Батырға арнап өзі шығарған өлеңін оқыды.
Шараның екінші бөлімі аудандық «Достық» мәдениет үйінде жалғасын тауып, онда LED экраннан Бауыржан Момышұлының өмірбаяны көрсетілді. Батырдың таспаға жазылған өз дауысы тыңдалды. №16 Жуалы колледжінің директоры Медет Иманбаев Батырдың өмір жолына арналған шағын баяндама жасап, даңқты қолбасшы өмірінің өнегелі тұстарына көбірек тоқталды.
Келесе кезекте білімгерлер Б.Момышұлы мемориалдық музейінде болып, мұнда олар экспонаттармен және Батырдың өмірімен кеңірек танысқан соң, мұнда аспаз тобының білімгері Мадина Нұрланқызы арнау өлең оқып, қатарластарын бір серпілтіп тастады.
Білімгерлер келесі кезекте Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған бұрынғы Орақ-Балға ауылы, қазір ел арасында Момышбұлақ аталып кеткен қасиетті орында да болып, білімгерлер Назгүл Ізбасар мен Мадияр Бағызбай Батырдың туған жерге арнап жазған өлеңдерін мәнерлеп оқып, Бауыржанның батасын да нақышына келтіре орындады. Патриоттық іс-шара соңы Бауыржан Момышұлының аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды. Мұнда да білімгерлер Батыр туралы толғаныстарын жеткізіп, ерекше тебіреністе болғаны анық.
Осындай ерліктің ерен үлгісін көрсетіп артына өшпес із қалдырған ердің ісін ұмытпай тарихымызды жаңғыртып отыру – бүгінгі ұрпақтың яғни, біздің парызымыз. Елім деп туған ерлердің есімі бір ғасыр өтседе, ел есінде сақталары сөзсіз. Қазақтың Бауыржандай дара да дана батыры ешқашанда ұмытылмақ емес.
Жұлдызы биік Жуалының Мыңбұлақ аймағында 1910 жылдың 24 желтоқсанында қазақ халқының біртуар ұлы, Кеңес Одағының Батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Әкесі Момыш ұсталық пен етікшілікті, зергерлікті кәсіп етіп қана қоймай, кирилл әліпбиін өз бетінше меңгерген көзі ашық адамдардың бірі болған. Анасы Разия дүниеден ерте кеткендіктен, Бауыржан үш жасынан бастап әжесі Қызтумастың қолында тәрбиеленеді. 1921 жылы Б.Момышұлы Аса интернатына оқуға, кейін 1924 жылдан бастап Шымкент қаласындағы жетіжылдық мектепке ауысып, 1928 жылы бітіріп шығады. 1928-1930 жылы бастауыш мектепте мұғалім, аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, алты ай уақыт миллицияда, банкте қаржыгер болып жұмыс жасайды.
1941 Ұлы Отан соғысы басталысымен Алматы маңында жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, жауға қарсы шайқасады. Соғыста жүріп өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шығып, бес рет жау қоршауын бұзып шыққан.
Б.Момышұлы тактик және стратег қасиеттерінің арқасында «ошақты», «икемді қорғаныс» деген жаңа ұғымдар қалыптастырды. Ол әскер психология мен педагогиканы байытуда баға жетпес мұралар қалдырды. Қысылтаяң сәттерде қазақтың намысын бәрінен жоғары қойып, қарсы алдындағы жаудан қаймықпаған қолбасшының арманы – ел Тәуелсіздігі болғаны анық.
Б.Момышұлының: «Әділет қашан да жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, 1990 жылы даңқты қолбасшы Б.Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» жоғары атағы берілді.
Айдар БОЛБЫРАҚОВ,
№16 Жуалы колледжінің АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы