Basty bet

«Сауытбектің сарқыты – Аяз ақын»

жуалылық, музыкатанушы Жұлдыз Маратұлының алғашқы кітабының тұсаукесер рәсімі

Кеше аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық құндылықтарымызды жүзеге асыру мақсатында «Сауытбектің сарқыты – Аяз ақын» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторы жуалылық, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының музыкатану мамандығының магистрі Ысқақов Жұлдыз Маратұлы.

Кітаптың кейіпкері сонау кешегі Қабан жырау мен Сүйінбайдан желісін тартқан дана Жамбылдың шәкірті, өкшелес, үзеңгілес інісі, заманымыздың суырыпсалма төкпе ақыны, айтыскер, аса ірі халық сазгері, бұлбұлдай сайраған әнші, ұлағатты ұстаз, дарқан дарын, Алатаудың ақиығы атанған Кенен ақсақалдың көзінің тірісінде батасын алған шәкірттерінің бірі – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын-жыршы Аяз Бетбаев.
Кеш алдында алғашқы кітабының тұсаукесері туған жерінен бастау алса деген ниетпен ауданымызға арнайы келген дарынды музыкатанушы әрі орындаушы жерлесіміз Жұлдыз Маратұлымен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
Сұхбатымызды бастамас бұрын Жұлдыз Ысқақовты қалың оқырманға таныстырып өтуді жөн санадық.
Жұлдыз Маратұлы 1990 жылы Қызылорда облысында өмірге келген. 1997 жылы Жуалы ауданына көшіп келіп, мектеп табалдырығын аудан орталығындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда аттайды.
2009-2013 жылдары П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне ішекті аспаптар бөлімінде, контрабас аспабында Нұрлан Төлегеновтың класында, 2014-2018 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультеті, Халық әні кафедрасында Жетісу мектебі бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі Құрманғалиев Тілеулес Құралбайұлының класында білім алады. 2018 жылдан бастап аталған оқу орнының музыкатану мамандығының магистрі. Ғылыми жетекшісі өнертану кандидаты, доцент Айзада Бұлтбаева.
Жұлдыз Ысқақовтың жас болса да бүгінде қолжеткізген жетістіктері көп. Атап айтсақ, 2016 жылы Тараз қаласында өткен Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Тыңда дала, Жамбылды!» атты республикалық жыршы-термешілер конкурсында Сауытбек атындағы арнайы жүлдеге ие болды.
Дәл осы жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, республикалық пәндік олимпиадасы, халық әні, жыр номинациясы бойынша ІІІ орынды жеңіп алды. Сонымен бірге Талдықорған қаласында өткен «Тарихқа тағзым» республикалық жыршы-термешілер конкурсында І орынды иеленді.
2017 жылы «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер конкурсында І орын, Қарағандыда өткен Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек би» атты республикалық жыршы-термешілер конкурсында ІІ орын, Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қабылиса атындағы «Жыр атасы – Қабан жырау» І республикалық жыршылар байқауында Мәдениет және спорт басқармасының арнайы Дипломымен марапатталды. Сонымен бірге 2017, 2018 жылдары «Ұлы Дала елі» халықаралық жыршылар фестивалінің қатысушысы.
Енді кезекті сұхбатымызға берсек.
-Жұлдыз Маратұлы, біз Сізді мектеп қабырғасында жүрген кезіңізден домбыраңызды иығыңызға іліп алып іс-шараларда терме орындап жүретін сәттеріңізден жақсы білеміз. Яғни, бала кезден ұлттық өнерге деген қызығушылығыңыздың бар екенінен хабардармыз. Жалпы, терме орындауға деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Ең алғашқы ұстазыңыз кім?
– Иә, терме тыңдауға, орындауға бала кезден құмар болдым. Өнер мектебіне 11 жасымнан бастап бардым.
Ұлттық өнерге деген қызығушылығымның оянуына себепкер өнердегі алғашқы ұстазым бүгінде қазақ өнерінде, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші, «Қоңыр» тобының мүшесі Мархабат Мықтыбеков ағамыз. Мархабат аға ол кезде өнер мектебінде сабақ беретін. Оқу орнына түсуіме де себепкер болған сол кісі. Ұстазым әлі де үнемі ақылын айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.
Сонымен бірге менің нағашы Тәжіхан деген атам жыршы болған. Сол кісінің айтқан дастандарын бала кезден тыңдап өстік.
-Ең алғаш орындаған шығармаңыз. Жалпы, терменің жас ұрпаққа берер тағылымы жайлы айтып өтсеңіз.
-Біздің тіліміз, мәдениетіміз, өнеріміз, салт-дәстүріміз өзімізден басқа ешкімге керек емес. Бұлар – біздің басты құндылықтарымыз. Тіліміз, мәдениетіміз жойылса, халық та жойылады.
«Текті сөздің төресі – терме» деп текке айтылмаған. Термеде адами қасиеттеріміз, Отанға деген сүйіспеншілік, ата-ананы сыйлау, тағы да басқа көптеген құндылықтар айтылады. Осындай құндылықтарды құлағына құйып өскен жас ұрпақтың болашағынан үлкен үміт күтуге болады.
Ең алғаш орындаған шығармам Сүйінбай Аронұлының «Жақсы мен жаманның айырмасы» атты термесі. Мен көбінде Жамбыл Жабаевтың, Сүйінбайдың, Кенен Әзірбаевтың терме-толғауларын, жыр-дастандары мен әндерін орындаймын.
-Кітап жазуға не түрткі болды. Осы еңбекті жазу барысында қандай қиындықтар болды. Не үйрендіңіз, не түйдіңіз?
-Магистратурада диссертациямның тақырыбын таңдауда бір ой келді. Яғни, ғылыми еңбегімнің арқауы етіп Жетісу әншілік-жыршылық мектебінің көрнекті өкілі Аяз Бетбаевтың шығармашылығын алғым келді. Ондағы мақсатым – Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналған еңбегім келер ұрпаққа ұлттық өнер құдіретін аманаттаған естияр құрал болсын деген ниет.
Аяз Бетбаев ағамыз өзі газет-журналдарға берген сұхбатында «мен композитор емеспін, мен халық әндерін түрлендірушімін» – дейді. Ол кісінің мақамы өзгеше. Әрі Аяз ағамыз Шығыстың шайыры атанған Омар Хайямның рубаяттарын өзінің мақамымен орындаған халқымыздың алғашқы орындаушысы.
Сауытбек бабамыз Жетісудың көрнекті жыршысы. Аяз ағамыз ол кісіні өзіне ұстаз тұтқан.
Мен Аяз ағамызбен алғаш рет 2016 жылы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған республикалық конкурста таныстым. Ол кісі конкурста әділқазылар алқасының құрамында отырды.
Жинақты жазуда көбінде ол кісінің жары Гүлшара Сәуірбайқызымен байланыста болдым.
Музыкалық-этнографиялық жинақта Аяз Бетбаевтың ән мен жыр сарындары тұңғыш рет нотаға түсіріліп, ұсынылып отыр.
Еңбек әнші-орындаушыларға, музыкатанушыларға, колледж, консерватория ұстаздары мен студенттеріне және жалпы өнерсүйер көпшілікке арналған.
Қиындық дегенге келсем, әрине оңай шаруа емес, көп ізденуді талап етеді.
Еуропаның шығармалары белгілі бір өлшемге бағынады. Ал қазақтың ән-күйі ондай ырғаққа бағынбайды. Сол себептен Аяз ағамыздың шығармаларын нотаға түсіру барысында көптеген ұстаздарымнан сын-ескертпелер болды. Атап айтқанда, философия ғылымдарының докторы, доцент Айжан Рахманқұлқызы, өнертанушы кандидант Ілияс Қожабеков, Тілеулес Құралбайұлы ағаларымыздың ескертулері оң нәтиже берді.
-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-Алдағы жоспарым магистратураны аяқтап, доктарантураға тапсыру ойда бар. Яғни, қазақ халқының әні үшін білек сыбана еңбек еткім келеді.
Бүгін туған елімде тұсауы кесілгелі отырған кітабым әзірге 100 данамен ғана шықты. Кітаптың тұсаукесерін ауылымнан бастадық. Енді қаңтар айының соңында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында өтетін болады. Тағы да басқа алға қойған жоспарлар көп. Алла қаласа, уақыт сыншы.
-Биылғы жыл халқымыздың рухани кемелденуіне тигізер ықпалы зор жыл болмақ. Яғни, Абай атамыздың туғанына 175 жыл, әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, тағы да басқа айтулы даталар көп.
Жаңа жылда жастарға айтар тілегіңіз.
-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, артынша «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары арқылы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатыр. Бұл – тәуелсіз еліміз үшін үлкен жетістік. Бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт, еліміздің мәртебелі дәуірінде жастарға керегі тек қана білім мен ғылымды игеру. Тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеу, дәріптеу.
Білімді де мақсатшыл, патриот жастарымыз көп болсын! Жастарымыздың рухы биік болуына шын жүректен тілектеспін!
* * *
Көп кешікпей «Білім» орталығында кеш басталып кетті.
Кешке Аяз Бетбаев ағамыздың жары Гүлшара Сәуірбайқызы, сынып жетекшісі Ұлбосын Сыбанбаева, курстасы Жамбыл облыстық филармониясының домбырашысы Рауан Жексенбі, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Ришад Қуанышев, сыныптастары және кітапханашылар мен Өнер мектебіндегі ұстаздары мен өнер шаңырағының шәкірттері қатысты.
Кеш Аяз Бетбаевтың өмір жолы мен еңбек жолын, шығармашылығын таныстырумен басталды.
Алғашқы сөз Аяз ағамыздың өмірлік жары Гүлшара Сәуірбайқызына берілді.
-Айекең 18 жасынан бастап халыққа қызмет еткен кісі. Ол өзі арнайы оқу орнында оқып білім алмаса да өзінің табиғи дарынымен, табиғи дауысымен, ақындық өнерімен танылған жан.
Айекең өмірде көп қиындықтарды бастан өткізді. Жетім өсті, кейін ауырды.
Өнер жолы – қиын жол. Сол жолда өзінің еңбекқорлығымен абыройлы болды. Саналы ғұмырын халқымыздың өнеріне арнады.
Менің мамандығым – дәрігер. Бірақ Алла тағала ерлі-зайыптыларды бір-біріне лайықтап қосады екен. Менің де ән айтатын өнерім бар.
Айекеңнің, жалпы қазақ өнерін дәріптеп жатқан Жұлдыздай баламызға үлкен алғысымды білдіремін. Жұлдыздың ғылым жолындағы қадамы құтты болсын!
Сөз өнері – өнердің ең үлкені. Әр өнердің киесі болады. Бұл өнер кез келгеннің бойына беріле бермейтіні де сондықтан.
Қазақ халқы сөз қадірін білетін қасиетті халық. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі бай тіл. Әрбір сөзді айтқанда сөздің мағынасын түсініп сөйлейік.
Ата дәстүрімізді, тілімізді құрметтейтін, дәріптеп, бағасына жете білетін жастарымыз көп болсын. Осындай жастардың қалыптасуына өз үлесімізді қоса берейік.
Жұлдыздың болашағына үлкен үміт артамыз. Бір-бірімізді дос көріп, көмегімізді аямай, шын дарынды бағалап, қолдау көрсете білейік,- дей келіп, Гүлшара Сәуірбайқызы осындай талантты жасты тәрбиелеген Жуалы жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Курстасы Рауан Жексенбі халық күйі «Қарасайды» тартып берді.
Жұлдыздың сынып жетекшісі Ұлбосын Сыбанбаева болса, шәкіртінің ерекше қасиеттері, бала Жұлдыздың қандай болғандығы туралы әңгімелеп беріп, шәкірті мен Гүлшара апайға деген сый-сияпатын тапсырды.
Сөз кештің иесі Жұлдыз Маратұлына берілді.
Ол ең әуелі осы жинақтың шыққанын ести сала өзіне хабарласып, тұсаукесер рәсімін ауылдан бастау туралы ұсынысын жеткізген аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Аманғалиұлы мен аудан әкімдігіне, кештің өтуіне мұрындық болған аудандық кітапхананың ұжымына, «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берген ұстаздарына, оның ішінде сынып жетекшісі Ұлбосын Сыбанбаеваға, өнер мектебіндегі ұстазы Гүлнар Андасбаеваға, мәдениет бөліміндегі ұстаз тұтар ағаларының бірі Ришад Алшынбекұлына деген ризашылығын білдірді.
Кітапқа қысқаша түсініктеме беріп өтті.
Жүргізушілер кеш қонағынан қонақкәде сұрады.
Жұлдыз Жамбыл Жабаевтың «Сұраншы батыр» толғауын, Кенен Әзірбаевтың қос ұлы қайтыс болды деген суыт хабарды естігенде қырғыздың Оспанқұл деген ақынының 40 жігітпен келіп көңіл айтуынан және Аяз Бетбаевтың Кененге арнауынан үзінді орындап берді.
Кезек кітаптың тұсаукесер рәсіміне берілді.
Рәсімді орындау құрметі Аяз ағамыздың жұбайы Гүлшара Сәуірбайқызына, Ришад Қуанышевқа және сынып жетекшісі Ұлбосын Сыбанбаеваға бұйырды. Салтанатты жағдайда кітаптың тұсауы кесіліп, құтты болсын айтылды.
Жұлдыз Гүлшара апайға деген сыйын көрсетсе, Гүлшара апай Жұлдыз бен оның ұстазына деген сыйлығын тапсырды.
Ришад Алшынбекұлы да мәдениет саласының атынан естелік сыйлығын тапсырды. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Фариза Айтбек Жұлдыз Маратұлына аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлының Алғысхатын салтанатты жағдайда тапсырды.
Жуалылықтар кешті талантты азаматына қанатың талмасын, шабытың шарықтай берсін деген тілекпен аяқтады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close