Basty bet

Робототехника орталығы ашылды

Аптаның ортасында аудандағы жас кәсіпкерлердің қатары тағы бір кәсіпкермен толықты. Нұрлыхан Мейірхан «Nurai Plaza» ғимаратының екінші қабатынан «Робототехника» орталығын ашты. Орталықтың салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков, «Жас ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов қатысты.
Орталықтың лентасын аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлы мен жеке кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова қиды. Аудан әкімінің орынбасары А.Жабағы жаһандану заманына сай ашылып отырған орталықтың маңыздылығына тоқталып, жас кәсіпкердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«Робототехника» орталығының жұмысымен жеке кәсіпкер Нұрлыхан Әмірханұлы таныстырды.

-Орталыққа 6 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Қазіргі таңда 38 оқушыны оқытып жатырмыз. Балалардың бос уақыттарына байланысты аптасына екі рет таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін сабақ жүргізіледі. Алдағы уақытта балалардың санын 100-ге жеткізу жоспарда бар. Берілген қаражатқа ноутбуктер мен қажетті заттарды сатып алдық. Орталықта робототехника, 3D моделдеу және бағдарламалық атты үш бағытта жұмыс істейміз. Қосымша табыс ретінде ата-аналардың төлемақылары да есептеліп отыр, – дейді жас кәсіпкер.
Орталықпен танысқан Асхат Жабағы жеке кәсіпкерге балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау керектігін, ана-аналарынсыз сабақтан босатпау қажеттігін ескертті.
Нұрлыхан Мейірхан №15 мектеп-лицейінде мұғалім. Ол аудандық ІТ орталығының жетекшісі, мектеп директорының ІТ орынбасары. Жиыннан соң жас кәсіпкерді әңгімеге тартып, орталықты ашуға не түрткі болғандығы жайлы сөйлескен едік.
-Мектепте жұмыс істеп жүргенімде балаларды сабақтарға көптеп тартып оқытатынбыз. Алайда біздің мектеп аудан орталық аймағынан шеткері болғандықтан балалар осындай сыныптарды орталық жақтан ашуды ұсынды. Маған: «ІТ сыныптар неге мектептерде ғана болуы керек?» деген ой келді. Алғашында серіктесім Олжас Тұрғын екеуміз банктерден несие алып, сыныпты ашуды ойладық. Алайда оның тиімсіз екеніне көзіміз жетіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына келдік. Кәсіпкерлер палатасындағы мамандар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіп ашу тиімді екенін айтып, кеңестер берді. Осылайша жоба жасап, жобамыз мақұлданып, облыста қорғап шықтық. Біздің бизнес жобамыздағы белгіленген қаржы көлемі үш миллион теңге еді. Бірақ бізге тек екі миллион ғана қаражат қарастырылды. Сол себепті, жаңа ноутбуктер ала алмай, қолданылған ноутбук алуға тура келді. Бірақ қолда бар қаражаттың көзін тапқан адам табысқа жетеді. Барға қанағат етіп, кәсібімізді бастадық, – деп кәсіпкер өз ісін бастарда бойында қорқыныш сезімі болғанын да жасырмады.
Жас кәсіпкердің айтуынша, әріптесі Олжас Тұрғын Нұр-Сұлтан қаласында «STEM» академиясында білім алып жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ, ол мұғалімдерді компьютерлік сауаттылыққа оқытуды алдағы уақыттағы жоспарына қойғанын жеткізді.
Ендеше, іске сәт, жас кәсіпкер!

Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close