Basty bet
Кредиттерді өтеу мерзімі шегеріледі
Күн сайын таралып, жаһандық індетке айналып үлгерген коронавирус инфекциясы салдарынан еліміздегі көптеген салалар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуда. Пандемияның жойқын зардабы бүгінде ешкімге де оңай тиіп отырған жоқ. Әсіресе, банктерден түрлі мақсатта және мерзімде несие алып, қиын жағдайда қалған қараша халық пен шағын және орта бизнес өкілдері «несиелік пайызымыз өсіп кетпес пе екен?» деп алаң көңілді күй кешуде.
Осыған байланысты еліміздегі жетекші банктердің бірі «Қазақстан Халық банкі» АҚ Басқармасы бүгінгі күні елде орын алған төтенше ахуалға байланысты отандастарымыздың жағдайына алаңдаулы екенін мәлімдеді. Басқарма таратқан баспасөз хабарламасында Банктің Үкімет пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шараларын қолдай отырып, мынадай қадамдар қабылдағанын көрсетеді.
Бірінші. Жеке тұлғаларға қатысты: 2020 жылғы 16 наурыздан бастап, елімізде төтенше жағдайдың қолданылу мерзіміне дейін Банк осы төтенше жағдай салдарынан төлем мерзімі өткен кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептемейді. Барлық іс-әрекеттерді Банк өзі автоматты түрде орындайды. Ол үшін Банкке арнайы келудің қажеті жоқ. Қазақстанда орын алған төтенше жағдайдың салдарынан төлем мерзімі 90 күннен асқан кепілсіз тұтынушылық заемдар бойынша ҚР заңнамасына тиісті толықтырулар қабылданғанда және олар өз күшіне енген күннен бастап, Банк пайыздық сыйақының есептелуін тоқтатады. Жоғарыда аталған есептеулер тоқтатылғанда Банк қосымша хабарлайтын болады.
Екінші. Жеке кәсіпкерлер мен бизнес субъектілеріне қатысты. Банк жеке тәртіппен кредиттер бойынша міндеттемелердің орындалу мерзімін 90 күнге дейін ұзартады (төлемдердің жаңа кестесі қарастырылады). ШОБ клиенттері online-желілері арқылы (сайт, info@halykbank.kz) және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін бөлімшелерге хабарласа алады (https://halykbank.kz/branches_atm).
«Halyk Bank Қазақстан халқы және Банк клиенттерінің ынтымақтастығы пен өзара жауапкершілігінің арқасында бүгінгі күні елге төнген қиын жағдайды бірігіп жеңетініне кәміл сенеді! BIZ BIRGEMIZ!» делінген баспасөз хабарламасында.