Basty bet

Мұқтаж жандарға қамқорлық жасау – тұтас қоғамның парызы

Мемлекетімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы басты назарда. Елімізде ондай жандар аз емес. Оларға жан-жақты қамқорлық көрсету – баршамыздың қоғам алдындағы парызымыз.

Мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі салада еңбек ете алады. Сондықтан қоғам болып оларды жұмысқа орналасуына жағдай жасап, белсенді өмірге тартуымыз керек.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынға халыққа арнаған Жолдауларында мүгедек жандарға қатысты біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Nur Otan» партиясы осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігін, үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейін барлық мемлекеттік органдар өз жұмысын осы арқылы көрсеткен маңызды деп тапсырма берген болатын. «Nur Otan» партиясының мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынған. Жоба төрт бағытты көздейді. Олар: мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу; мүмкіндігі шектеулі жандарға еш кедергісіз жағдай жасау; мүгедектердің мәселесіне қоғам мен бизнестің назарын аударатындай дәрежеде ақпараттандыру жұмысын күшейту; мүгедектердің құқығын қорғауды жақсартатын ықпалды шаралар алу.
Бұл шарлар біздің ауданда да жүйелі түрде жүзеге асуда. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының аясында биылғы жылдың өзінде бірқатар жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға ойтайлы орта қалыптастыру мақсатында барлық мекемелердегі жұмыстарға партия тарапынан мониторинг жүргізіліп, ұсыныс жасалады.
Елімізде жүріп жатқан індетке байланысты карантин кезінде І топтағы ауданда тұратын барлық мүгедек жандарға «Біз біргеміз!» акциясы аясында 50 мың теңгеден бір жолғы көмек, одан бөлек 120 осы санаттағы отбасыларға азық-түлік себеті берілді.
Сондай-ақ, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай партия аудандық филиалының басшылығы мүгедек бала тәрбиелеп отырған 13 ананы арнайы құттықтап, балаларына планшет сыйға тартылды.
Сонымен бірге, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы құттықтап, демеушілердің көмегімен сый-сияпаттар жасалды.
Партия басшылығы ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Бақыт Медеубаевты Ломоносов атындағы орта мектепке хатшылық жұмысқа орналасуына ықпал етті. Жалпы партия жобасы аясындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың біразы туа біткен мүгедектер болса, біразы өмірде түрлі оқыс оқиғалардың салдарынан мүгедек болып қалған жандар.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін мекеменің бірі – аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Аталған бөлімнің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 1-топ мүгедектері -110 адам, 2-топ- 585, 3-топ- 610, 16 жасқа дейінгі мүгедектер- 319 адам. Барлығы 1624 адамды құрайды.
Мүгедектер мен қарттарға көрсетіліп отырған 8 мемлекеттік қызметтер бойынша 2020 жылдың 9 айында атқарылған қызметтерге нақты тоқталсақ: «Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша, ауданда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж 142 адамнан өтініштер қабылданып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына сұраныс жолданып қызметтер көрсетілді.
«Мүгедектерге сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша, сурдо-тифлотехникалық құралдарға мұқтаж 21 мүгедектердің өтініштері қабылданып, қазіргі таңда 19 азаматтың өтініші қанағаттандырылды, қалғаны басқармаға сұраныста тұр. Сонымен қатар, 9 айда міндетті гигиеналық құралдарды қажет ететін 189 мүгедектерден өтініштер қабылданып, 83175 дана жөргек (памперс), 1000 дана нәжіс қабылдағыш (калоприемник) таратылды. Компенсаторлық құралдарды қажет ететін 141 құрал алатын азаматтардың өтініштерінің 139-ы әлеуметтік порталға жіберіліп, бүгінгі күнге облыс бойынша орындалуы 98,5 пайызды құрап отыр.
«Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметі бойынша 76 мүгедек балаларға 2090,8 мың теңге көмек тағайындалып, төленді.
«Жүріп-тұруы қиын 1-ші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін мүгедектерге құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша «Қоғамдық-Тараз» корпоративтік қоры арқылы жұмыс атқара отырып, 95 мүгедектің өтініші бойынша 95 жеке көмекшілердің қызметіне және 11 естуінде кемістігі бар мүгедектерге 2 ымдау тілінің маманы бекітіліп қызметін беруде.
«Мүгедектерге санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша «Ақсу -Жабағалы» және «Самал» демалыс орталықтарына 168 мүгедектен өтініш қабылданып, 120 мүгедек шипажайға жолданды, қалған өтініштер кезегімен орындалуда.
«Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша облыстық бейімдеу орталығына 2020 жылдың 9 айында 22 азаматтан өтініш қабылданып, облыстық басқармаға құжаттары рәсімделіп, жіберілді.Төтенше жағдай бекітілгенге дейін 8 азамат орталыққа барып ем алды. Қалған азаматтарды шектеу мерзімі өткеннен кейін қамтылады.
«Мүгедектерге кресло-арбаларды беру үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 16 азаматтар өтініш берген. Бүгінгі күнге 7 азамат толық қамтылды. Қалғандары сұранысқа сәйкес қамтылатын болады.
«Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 83 жалғызбасты қарттарға 14 әлеуметтік қызметкер және 34 мүгедек балаларға «Жуалы-жан жылуы» кооперативтік қоры арқылы 8 әлеуметтік қызметкер арнаулы әлеуметтік қызметтермен толық қамтуда.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Қоғамдық Тараз» корпоративтік қоры арқылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін жартылай стационарлық жағдайында 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурумен ауыратын, тірек-қимыл аппараты бұзылған 25 мүгедек балаларға оңалту орталығы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.
Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және олардың белсенділіктерін арттыру мақсатында «Шапағат» корпоративтік қоры арқылы Жуалы ауданында 105 мүгедекке инватакси қызметі жұмыс атқаруда. Осы қызметтің сапасы мен желісін кеңейту аясында атқарылған жұмыстың нәтижесінде бүгінгі күнге ауданда мүгедектерді 2 инватакси қызметімен қамтамасыз етуде.
«Шапағат» корпоративтік қоры негізінен Тараз қаласында тіркелген. Ауданда қордың филиалы жұмыс істейді. Онда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагері Әсия Оңалбекова диспетчер болып жұмыс істейді. Одан бөлек екі инватакси жүргізушісі бар.
-Инвтакси қызметі 2017 жылы тамыз айында ашылды. Алғаш бір ғана көлік болған. Такси көмегіне жүгінушілердің саны артқандықтан, бүгінде екі инватакси қызмет көрсетуде. Яғни, бүгінде инватакси қызметін пайдалануға 105 мүмкіндігі шектеулі жан өтініш білдірген.
Өтініш білдірген жандар бір күн бұрын хабарласып, сұраныс жасайды. Яғни, бірі емханаға, бірі мектепке, бірі моншаға, бірі Халыққа қызмет көрсету ортағына дегендей. Такси аудан ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды үйлерінен әлеуметтік орындарға алып барып, қайта үйлеріне жеткізіп салады.
Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жыл өткен сайын жақсарып келеді. Оларға үкімет тарапынан берілетін жәрдемақыдан басқа денсаулықтарына қарай қажетті түрлі құралдар берілуде. Жұмыс істеуге қабілеті бар жандарға да қамқорлық көрсетілуде. Алайда өмір болған соң мәселесіз болмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар денсаулығына байланысты ем алу жағы, мәселен, қант диабеті ауруымен ауыратын жандар қайда барып, нақты қандай ем алатынын білмей жатады. Яғни, қолжетімді орталық болса, қысқасы осындай мәселелер де өз шешімін тапса,- дейді Әсия Оңалбекова.
Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және Оңалту орталығы жұмыс істейді. Қысқасы, тағдыр тарылтқан жандарға қамқорлық жасау, көңілін аулау кімнің болса да кісілік парызы, қала берді тұтас қоғамның міндеті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close