Basty bet

Президент Жолдауынан кейінгі ой

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауымен толықтай танысып шығып, бұқаралық ақпарат құралдары мен мерзімді баспасөз беттерінен оқығаннан кейін көптеген ойлар болды. Себебі, Президент Жолдауында ел дамуы мен халық тұрмысының түзелуі тұрғысында көптеген келелі ойлар айтылған. Маңызды мәселелер жүйелі көтерілген. Ал қоғамда тәртіп болмаса, ел қайтіп өркендемек. Халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуеті қалай көтерілмек?!
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, мен осы ретте қоғамдағы тәртіпті қадағалаушы құқық қорғау органдары өкілдерінің жұмысы туралы айтпақпын. Өзім ішкі істер саласында 20 жыл еңбек етіп, осы саладан зейнетке шыққан соң тәртіп сақшыларына бүйрегім бұрып тұрады. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында: «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады.
Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне толық мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс», – деп атап өтті.
Мен ішкі істер саласындағы қызметімді учаскелік инспекторлықтан бастаған болатынмын. Ол уақытта бір учаскелік инспекторға екі немесе үш ауылдық округ қарайтын. Қызметтік көліктен «Урал» маркалы мотоцикл, кейбірімізде мұндай көлік те жоқ. Аудан бойынша жалпы алты учаскелік инспектор болатын. Бір жақсысы, учаскелік инспекторға арналған қызметтік пәтерлер болатын.
Облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің ағымдағы жылдың төртінші қыркүйек №103 санында журналист Маржан Рақайдың бірінші бетте басылған «Неге учаскелік полиция өзі бақылайтын ауылға көшіп бармайды?»,- деген мақаласы жарыққа шықты. Менің айтарым, қызметтік пәтер болмаса учаскелік полиция инспекторы қайда көшіп барады? Аудан көлемінде барлығы 17 учаскелік полиция инспекторы болса, соның тең жартысының өзіне бекітіліп берілген ауылдық округтерінде тұратын үйлері жоқ. Қазақта: «Үйі жоқтың күйі жоқ»- деген сөз бар. Инспектордың жанұясы бір жақта, өзі бір жақта болса, одан қандай сапалы жұмыс талап етеміз? Егерде сол округте учаскелік полиция инспекторына қызметтік пәтер қарастырылып, ол өз отбасымен сонда көшіп барып, тұрып жатса жұмыс та алға басар еді. Мұндай маңызды мәселені ішкі істер министрлігі аудан және ауыл басшылығымен бірлесіп қолға алып, дұрыс шешімін табар деген ойдамын.
Соңғы кездері үйде жинап қойған шөпті ел түнде ұйықтап жатқанда қасақана өртеп кететінді шығарды. Егер учаскелік инспектор сол өзі бақылайтын ауылда болса, орын алған қылмыс та дер кезінде ашылған болар еді. Менің айтайын дегенім, учаскелік полиция инспекторынан жұмысты талап етуден бұрын оған ең алдымен жағдай жасау керек.

Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close