Basty bet
Вирусқа күдіктіден тест алынып, оқшауланады
Өңірлерде коронавирустық инфекцияға байланысты эпидемиологиялық жағдайдың асқынуына орай өткен аптада еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері №33 «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойып, карантиндік іс-шараларды барынша қатаңдата түсті.
Облыс орталықтары, қалалар мен аудандар, ауылдық елді мекендер арасы орамдар мен секторларға бөлініп, онда блок-бекеттер орнатылды, адамдардың карантиндік аймақта жүріп-тұруы шектелді. Сонымен бірге, екінші деңгейдегі банктер, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің, айырбастау пункттерінің жұмысын онлайн және «клиенттерге дейін жеткізу» режиміне көшіру арқылы тоқтата тұру көзделді. Бір отбасы мүшелерін қоспағанда, көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда үш адамнан артық топпен жиналуға шектеу қойылды.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбайдың айтуынша, аталған қаулыға сай медицина қызметкерлерінің коронавирустық инфекцияны жұқтыруын болдырмау мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарының қызметіне де бірқатар шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, індет қауіптілігі ескеріле отырып, аурухана мен бастапқы медициналық көмек ұйымдарының үй-жайлары «лас» және «таза» аймақтарға бөлініп, медицина мамандары үшін барынша қауіпсіз жұмыс режимі белгіленді.
Емделушілердің, сондай-ақ, персоналдың пайдаланылған жеке қорғаныш құралдарымен таза аймақтың үй-жайларына кіруіне және онда болуына үзілді-кесілді тыйым салынды. Стационарда медицина қызметкерлері мен емделушілердің режимді сақтауын бақылау мақсатында бөлімшелердің, оның ішінде қабылдау бөлімшесінің, зертхананың және емдеу-диагностикалық бөлімшесінің жұмысын бейнебақылау (палатадан палатаға орын ауыстыру, қашықтықтан бақылау) қамтамасыз етілуде. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің (жеке қорғаныс құралдарын кию, қолды антисептиктермен өңдеу) және емделушілердің (палатадан палатаға орын ауыстыру) режимді сақтауын бақылау мақсатында бөлімшелердің жұмысы да бейнекамера арқылы бақылануда. Палаталардың толтырылу циклділігі сақталып, барлық үй-жайлардың ұдайы желдетілуі қамтамасыз етілуде.
Стационардағы әр ауысым басқа ауысымнан оқшауланып, қажет болған жағдайда, емделушілерге тар бейінді мамандардың консультация беруі және оларды жүргізуі барынша қашықтықтан ұйымдастырылуда. Қашықтықтан консультация беру мүмкіндігі үшін медициналық ұйымдарда интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілуде.
Аурухананың барлық бөлімшелерінде бетперде режимі енгізіліп, медицина қызметкерлерінің стационар бөлімшелерінде жүруіне шектеу қойылды. Емделушілер де бөлімшелер арасында емін-еркін жүре алмайды. Сонымен бірге, оларға туыстары мен таныстарының жолығуына, тамақ әкелуіне тыйым салынды.
Дәрігерлер респираторлық инфекция және пневмония белгілері бар әр емделушіні індетті ықтимал жұқтырған (инфекция көзі) адам ретінде қарауға, күдікті азаматтарды анықтау үшін олардан ПЦР тест алуға, тез арада жұқпалы аурулар бөлімшесіне оқшаулауға міндеттелді, – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»