Basty bet

Табиғи-орман өртінің алдын алған маңызды

«Табиғатың – талбесігің» демекші, күллі адамзат баласы үшін табиғаттың құшағы қасиетті талбесік болып саналады. Осы ретте келер ұрпағына тұмса табиғат байлықтарын сол күйінде қалдыруды мақсат тұтқан дана халқымыз қоршаған ортаны аялауды сөзбен де, пайдалы іспен де үнемі насихаттап келеді. Жыл сайын республика көлемінде өткізілетін экологиялық іс-шаралар, өрттердің алдын алу бағытындағы оқу-жаттығу жұмыстары сөзімізге дәлел бола алады.

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың облыс аумағында дала және орман өрттерінің алдын алуға, мемлекеттік орман қоры жерлеріне табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қою мақсатында өрт сөндіру оқу-тәжірибелік жаттығу әдістемелерін өткізу жөніндегі тапсырмасына сай ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінде оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығуға аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің және Төтенше жағдайлар бөлімінің басшылығы мен мамандары, аудандық орман шаруашылығы мекемесінен және Шақпақ ауылдық округінің ерікті өрт сөндіру тобы толықтай қатысты. Шараға қатысқан мамандар мен техникалар сапқа тұрғызылып, алдымен олардың дайындықтары пысықталды.
Жаттығуға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық- құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мансұр Шайкрамов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов, өзге де жауапты тұлғалармен қатар аудан әкімі Нарбай Ергебеков те қатысып, сөз сөйледі.
– Өрт – айтып келмейтін апаттың қауіпті түрі. Табиғатты, орман қорының жерлерін, сонымен бірге үй-жайлардағы өрттің алдын алуымыз қажет. Осы бағытта біздің ауданда 16 ерікті топ жұмыс жасайды. Оның құрамында 320 адам, 38 техника бар. Өткен жылы аудан аумағында 41 өрт оқиғасы тіркелген болса, оның 36-сы далада орын алған. Екі өрт орман қорының жерінде болды. Біз білмейміз, өрт кезкелген жағдайда тұтануы мүмкін. Ең бастысы – адам өмірінің қауіпсіздігі. Барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Облыс әкімдігімен арадағы бекітілген индикаторға байланысты өрттің көлемін 30 гектардан асырмауға барлық өрт сөндіру құрылымы күш салуы қажет,-деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Айта кету керек, Шақпақ ауылдық округінің өрт сөндіру ерікті тобының құрамында 20 адам, үш техника бар. Ал, орман шаруашылығы мекемесі 25 адамнан, үш трактор және бір өрт сөндіру техникасымен жасақталып отыр. №7 Өрт сөндіру бөлімінің мамандары мен техникалары да кез келген тосын жағдайларға дайын. Бұл туралы аталған мекемелердің басшылыры Әлижан Мұртазаев, Кеңесбек Абдраймов баяндады.
Оқу-жаттығудың негізгі кезеңінде қатысушы топтар шартты түрде жанған өртті сөндірді. Алдын ала ұйымдастырылған өртті сөндіруге мамандар мен техникалар жұмылдырылып, жаттығу ұйымшылдықпен өтті.

Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close